"Сәлем" базары сүріле ме, сүрілмей ме?

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2523

Бұл сұрақтың жауабын саудагерлер түгілі әкімдіктегілер білмейді.

"Сәлем" базары сүріле ме, сүрілмей ме?

Сейфуллин көшесі мен Нұрғиса Тілендиев даңғылы аралығын 2019-2020 жылдары төрт жолақты жол жалғайды. Осы мақсатқа жету үшін биылдан бастап құны 10 млрд теңгені құрайтын жоба жүзеге асырылып жатыр.

Күні бүгінге дейін "Қамқор" автобөлшек базары сүріліп, құрылыс жұмыстары қолға алынды. Бұл туралы Астана қаласы автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асxат Қарағойшин: "Біз бұл жобаны екіге бөліп отырмыз: бірінші, инженерлік желілерді жүргіземіз, кейін жолайрық саламыз", – деді.

Асхат Қарағойшиннің сөзінше, әкімдік "Қамқорды" сатып алған. Бірақ...

"Мұнда әлі сатып алынбаған бірнеше жер бар. Қазір жер иелерімен келіссөз жүріп жатыр. Жерді мемлекет меншігіне толық өткізбейінше жолайрықты сала алмаймыз", – деді басқарма басшысы.

Оның мәлімдеуінше, күні бүгінге дейін бұл жерде 500 гараждың орны босатылған. Алдағы айда тағы 100 гараж бұзылады.

Бұйыртса межелі мерзімде халық төрт жолақты жолдың қызығын көреді. Ал бүгінгі әңгіме "Қамқор" базарына қарсы бетте орналасқан екінші автобөлшек базарына қатысты болмақ.

Біз тілге тиек етейін деп отырған базардың аты "Сәлем". Ол 2014 жылы жермен-жексен болып, орнына кіші айналма жол салынуы тиіс еді. Алайда "Сәлем" күні бүгінге дейін таң алакеуімнен жүздеген сатушыны қарсы алып, мыңдаған тұтынушыға қызмет көрсетіп тұр. Бұл жерде алыс-берістің қазаны қыз-қыз қайнап жатыр. Жалпақ тілмен айтқанда "Сәлемді" сүру туралы көтерілген бастамалар баянсыз болып жатыр. Бұған қаржы қолбайлау болып тұрғанға ұқсайды. Бүгінгі таңда әкімдік "Сәлем" базарының орнына кіші айналма жол салу үшін инвестор іздеп әлектенуде.

Бұл "Сәлем" сүріле ме, сүрілмей ме, кіші айналма жол салына ма, салынбай ма, инвестор табыла ма, табылмай ма? деген сұрақ алдағы уақытта да күн тәртібінен түспейді деген сөз.

Ел аузында: "Базар "Сәлем", түсініксіз әлем" деген тіркес жүр. Бұл сөзді "Сәлемде" сауда жасап, күнін көріп жүрген саудагерлер жиі айтады. Себебі олар "Сәлем сүріледі, сүрілмейді" деген әңгімеден әбден мезі болған.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу