"Шайқалған" шығыршықты шыңдау қажет

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2326

Жаңа маусым қарсаңында "Астана" баскетбол клубы құрамын екшеп, бас бапкерін тағы да ауыстырды.

"Шайқалған" шығыршықты шыңдау қажет   Фото: pbcastana.kz

Өткен маусымда ВТБ Бірыңғай лигасының плей-офф сатысына шыға алмаған "Астана" маусым аралығында құрамын екшей бастады. Әуелі жыл басынан бері бас бапкер міндетін атқарып келген Ресей маманы Михаил Карпенкомен қоштасты. Еңбек келісімі ұзартылмады. Бас жаттықтырушы тізгіні Македония маманы Эмиль Райковичке ұстатылды.

Эмиль Райкович 2008-2014 жылдар аралығында төрт рет Македония чемпионатында "Жыл жаттықтырушысы" атанған екен. Ал соңғы екі жылда (2017 және 2018) Польша лигасында үздік бапкер болып танылыпты. 2011 жылы Македонияның "KK Feni Industries" деген клубымен Балқан лигасын жеңіп алған. Жалпы, Еуропаға танымал, әлеуеті зор – маман. 

Македония маманы бапкерлер құрамын тез жасақтап алды. 2016 жылдан бері "Астана" баскетбол клубында еңбектеніп жүрген, осы уақыт аралығында Илияс Папатеодор, Костас Флеваракис және Михаил Карпенко сынды бапкерлерге көмекші болған Ренатас Курилионокис елорда ұжымында қалатын болды. Литваның жас бапкері жақында ғана Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстап, 2019 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу ойындарын өткізген болатын. Енді Эмиль Райковичке көмектесетін болады.

Содан соң бас бапкердің көмекшісі қызметіне Марко Величкович, ал дене даярлығы жөніндегі жаттықтырушы міндетіне Сашо Тодоровски сынды мамандар шақыртылды. Екі бапкер де Эмиль Райковичке жақсы таныс, екеуімен де Македонияда бірге жұмыс істеген көрінеді. Величковичпен тіпті Польшада да жұптарын жазбапты.

Бұдан кейін команда сапындағы ойыншыларды екшеу басталды. Әуелі Антон Пономаревтің кәсіби карьерасын тәмәмдағаны жөнінде жағымсыз жаңалық жарияланды. 2002 жылдан бері елорда командасының, 2011 жылдан бастап "Астана" клубының намысын қорғап жүрген, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында 38 ойын өткізген еңгерзедей баскетболшы жарақатына байланысты осындай шешім қабылдапты. Өкінішті, әрине...

Содан соң 24 жастағы Америка қорғаушысы Энтони Клеммонстың "Астана" сапында қалатындығы мәлім болды. Бұл қорғаушы өткен маусымда елорда клубының белді ойыншыларының бірі болды. Орта есеппен ВТБ лигасындағы әр ойында команда қоржынына 11,3 ұпайдан салып отырған болатын. Өзі де қазақ командасының намысын одан әрі қорғайтындығына риза екенін білдірді.

Іле-шала команда капитаны Рустам Ерғалидың да 2018/2019 жылдар маусымында "Астана" сапында қалатындығы, еңбек келісіміне қол қойылғандығы жарияланды. Ол да өзі бауыр басып кеткен ұжымнан кетпейтіндігіне ырза болып, алдағы маусымда аянбай тер төгетінін мәлімдеді.

Әзірше команда сапына жаңадан алынған ойыншы – Николай Бажин ғана. Өткен маусымда "Атырау Барыстары" клубының үздік ойыншыларының бірі болған, еліміздің ұлттық құрамасы сапында көзге түсіп жүрген шабуылшы енді "Астана" клубының намысын қорғайды. Бір жылдық еңбек келісіміне қол қойылыпты.

Биылғы маусым аралығында "Астана" сапына алынатын жаңа ойыншы тек Бажин ғана болмайтыны – айдан анық. Эмиль Райкович өзіне жақсы таныс легионерлерді де тартуы әбден мүмкін. Әлжан Жармұхамедов секілді тарихи тұлғасы, мол шежіресі бар қазақ баскетболы әлі талай белестерді бағындырады деп үміттенеміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу