"Шаруаларға импорттық өніммен бәсекелесе алатындай көлемде несие керек"

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
3396

АӨК-тегі қарқынды өсім несиені 15-20 жылға жылдық 2-4%-бен ұсынған соң ғана байқалатын болады.

"Шаруаларға импорттық өніммен бәсекелесе алатындай көлемде несие керек"

Қазақстан ет одағының басшысы Мақсұт Бақтыбаев қарапайым тұтынушылар ауылшаруашылығын дамытуға қатысты мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесін қашан көретінін, сондай-ақ әлі күнге дейін нәтиженің болмау себебін және фермерлер мемлекеттен нақты қандай көмек күтетінін abctv.kz-ке берген сұхбатта кеңінен әңгімеледі.

– Жалпы 2017 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы жаңартылды. Сіз, осы салалық одақтың өкілі, бизнесмен ретінде бұл өзгерістерді сезіне алдыңыз ба?
– Бағдарлама салада жұмыс жасап жатқандардың пікірін қарастырмай жазылған және ол негізінен әлеуметтік бағытқа ие болды. Мәселенің түп-төркіні мемлекеттік бағдарламаның жаңа бағыты – ауылдық кооперацияны құруға бюджеттен қосымша қаражат бөлінбеуінде болып отыр. Себебі бюджет жұтаң және АӨК-тің жалпы өнімінің өсуін қамтамасыз ете алмайтын тиімсіз тетіктер қолданылды. Салдарынан осыған дейін жұмыс істеп келген "Агробизнес-2020" бағдарламасы зардап шекті, өйткені ондағы қаражат кооперативтерге, оның ішінде өндірістік, дайындаушы-өткізуші кооперативтерге берілді.

Бұл өзгерістер бизнеске бірден әсер етті. Біріншіден, бағам күрт өзгергендіктен салаға қаражат салу тоқтады. Екіншіден, осы бағдарлама бойынша жобаны бастап қойғандар қиын жағдайға тап болды. Себебі олар нақты бір мемлекеттік қолдау болатынына сенген еді, алайда жобаны өткізу кезінде ол мүлдем болмай шықты.

– Алайда ауылшаруашылық кооперациялары бойынша жұмысты қорытындылаған ауылшаруашылық министрлігі жақсы нәтижелердің бар екенін санмен көрсетіп берді. Әрі өңдеуші кәсіпорындардың жүктемесі едәуір артқан, сондай-ақ өнімді өндіру өскен. Бірақ та қарапайым тұтынушы бұл көрсеткіштің нақты көрінісін дүкендердің сөрелерінен көргісі келеді. Ал ол болса жоқ. Неге?

– Кооперативтерді құру бойынша жоспарлы көрсеткіштерінің орындалуына қатысты сіздің айтып отырғаныңыз дұрыс, бірақ та бұдан тұтынушыға келер пайда шамалы. Әкімдіктер тек жоғарыдан берілген тапсырманы орындауға мәжбүр болып, міндеттерді шешуге барлық күшті салды. Сүт тапшылығы (сүт тапшылығы шамамен миллион тонна) мәселесін елде сауын сиырлардың санын арттыру арқылы шешудің орнына министрлік бюджеттің ақшасын еліміз бойынша сүт қабылдайтын пунктер салуға жұмсайды.

Бірақ сүт қабылдау орындары салынғанмен, сүт көбеймейтіні анық, тек ауыл адамдарының атқарар міндеті артады да қояды. Ал ет өңдейтін кәсіпорындарды жүктеуге қатысты айтатын болсақ, ауыл адамдары мен фермерлерді мал союды ет комбинаттарында жасауға ынталандыру қажет. Ол жерде тұтас етті өңдеу есебінен еттің бөлшектік бағасы төмендеуге тиіс. Ет коминатын ашу кезінде Микоян (Анастас Микоян, КСРО-ның қамтамасыз ету бойынша халық комиссары, 1933 жылы Микоян ет комбинатын ашқанда) айтқандай, "Сиырдан не тірідей немесе сойғанда пайда келу керек". Ал бізде оның орнына мал соятын қарабайыр орын салына бастады. Яғни қандай да бір қосымша табыс жоқ, тек фермерлер мен ауыл адамдарының несие жүктемесі артты.

– Тек аграрлық қана емес, жалпы біздің бизнестің басты проблемаларының бірі – бұл қымбат несиелер. Агросектор үшін фермерлерге төмендетілген мөлшерлеме бойынша несие беретін "ҚазАгро" холдингі құрылған болатын. Бірақ түпкілікті мөлшерлеме сонда да тиімсіз. Фермердің тұрақты дамып, өзінің ертеңгі күніне деген сенімі болу үшін несиелердің мөлшерлемесін қаншалықты төмендету керек?

– Өте орынды сұрақ. Журналистердің АӨК-тің бар мәселесі қалай туындап жатқанын түсіне бастағаны қуантады. Аграрларға импорттық өніммен бәсекелесе алатындай несие керек. Ал бұл– 15-20 жылға жылдық 2-4%-бен берілетін несиелер. Мұндай несие әзірге бізде жоқ. Күтіп отырмыз. Мұндай несие пайда болған кезде саланың бірден қарқындап өсуі, жаңа өндіріс орындарын құру басталады.

Фермерлер 2%-бен несие алу үшін несие беретін ұйымда 0%-бен қаржыландыратын қор көзі болу керек. Ал бұл тек бюджет немесе ұлттық қор. Біз әріптестерімізбен барлық импорттың орнын басып, экспортты өсіру үшін АӨК-ті дамытуға шамамен 10 млрд доллар қажет екенін анықтадық. Сонда сала жыл сайын қосымша төрт миллиард доллар таба алады. Банктерді құтқару үшін сондай ақша табылды ғой, сондықтан ауыл шаруашылығы үшін де табылатын шығар деп үміттенеміз. Себебі ауыл тұрғындарын қалай жұмыспен қамтамасыз ету осыған байланысты, ал бұл еліміздің жартысын отандық және қымбат емес өніммен қамту деген сөз.

Бүгінгі күні әзірге несие берудің жалғыз тетігі – бұл "ҚазАгро" холдинг және несие серіктестіктері. Негізі банктердің АӨК-ке жаппай несие беруге әзірше құзіреті жеткілікті емес. Бәлкім, өсімдік саласына беретін шығар. Сондай-ақ кепілге деген талап та жоғары. Бизнестің барлық тәуекелі кепілге келіп тіреледі, бұл банктер үшін жақсы, әрине, ал дамып жатқан сала үшін тиімсіз. Қор нарығының әлеуеті болса да, жұмыс істемейді.

– Бүгінгі күні "ҚазАгро" арқылы АӨК-ні қолдауға бюджет пен ұлттық қордың ақшасы кетіп жатыр ғой.

– Ал сомасы қандай? Неге ол жетеді деп ойлайсыз? Бірлескен кездегіден есте қалғанын айтар болсам, тек 2009 жылы ғана "ҚазАгро"-ға ұлттық қордан инвестжобаларға 0,1%-бен 120 млрд теңге берілді. Сонымен бітті. Бұл қажеттіліктің тек 10%-ы ғана. Содан кейін еуро мен доллардағы сыртқы несиелер келе бастады. Ал девальвациядан кейін "ҚазАгро" қоржыны мүлдем азайып қалды. Холдингтің жасаған жұмысын атап кеткен жөн. Холдинг бұл шығындарды фермерлердің мойнына асып қойған жоқ, оның барлық табысы қарызды жабуға кетеді. Бұған қосымша олар агрохолдингтерді қаржылық сауықтыруға көп ақша берді. Бірақ бұл қысқамерзімді құтқару ғана болғаны болмаса, басқа еш нәтиже әкелмеді.

– Ауылшаруашалығы мемлекеттен үнемі қолдау сұраумен келеді. Оның көлемі қазір жеткілікті ме?

– Қолдау емес, дамытуға қолжетімді қаражат сұрау керек. БАҚ-та талқыланған қияр мен оның бағалары осының айқын дәлелі. Егер біз қиярдың қажетті көлемінің тек 10%-ын ғана өндіретін болсақ, онда өндірушілерге қанша мемлекеттік қолдау көрсетілсе де, оның қалған 90%-ы импорттық және қымбат болады. Өз нарығымызды жеткілікті өндіруге жететін қаражат бөлу керек. Ал барлық импорттың орнын толтыру үшін үлкен қаражат керек, шамамен 10 млрд доллардың жартысы.

– Кейде маған агросектордағылардың ешқайсысы, не ауылшаруашылығы министрлігі, не фермерелердің өзі айқындаушы саясатты алдын ала ойламайтын сияқты көрінеді. Мысалы күзгі астық жинауға қатысты болған жағдай сияқты. Ресейдің рекордтық егін жинайтыны алдын ала белгілі болды, бізде де болжам жаман болған жоқ. Ресейде қолдаудың қосымша шаралары бойынша шешімдер қабылданды, ал Қазақстан болса арқаны кеңге салып жатты. Фермерлердің өзі де әдеттегі нарықтарда оларға еш қауіп жоқ деген болатын. Нәтижесінде тап соңғы сәтте ғана тасымалдауды субсидиялау туралы шешім қабылданды, ал фермерлер болса екі миллион тонна астықты шұғыл сатып алуды сұрап отыр, әйтпесе олар көктемде егін сала алмай қалады. Сонда саланы дамытудың жалғыз тетігі осы ма? Біздегі фермерлер мемлекеттің көмегіне тым тәуелді емес пе?

– Ауылшаруашылығын қаржыландыру жүйесіне қатысты айтқандарыңыз дұрыс. Субсидиядан пайда табуға сеніп алуға болмайды, субсидия тек осы бизнес түрімен айналысуды ынталандыру керек. Бірақ мөлшерлеме жоғары болған жағдайда және несие қысқа мерзімге берілген кезде фермерлерді субсидия ғана құтқарады. Мысалы, малды бордақылауға ақшаны жылдық 18%-бен береді, ал бұл еттің әр килосындағы 100-200 теңге.

АӨК-ні қажетті көлемде қолжетімді және жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамасыз ету керек. Сонда субсидия керек болмай қалады.

Алдын ала жоспарлауға келер болсақ, расында да, бұл осылай. Бір аптадан алысқа ешкім қарамайды. Жоспар бар, бірақ оған ешкім қарамайды. Уақыт жоқ. Үнемі қандай да бір тапсырмалар, уақыт жетпеуі бар. Өкінішке қарай, ғылым да жоқ. Ол нақты сектордан бөлініп тасталған, отандық өнімнің өзіндікқұнын төмендету бойынша міндеттерді орындамайды. "Агробизнес-2020" бағдарламасында әр сала бойынша 15 шеберлік-жоспары әзірленген болатын, онда әр жыл мен облыс жекелеп көрсетілген. Барлығы соны басшылыққа алатын. Қазір де солай жасап, оны 2021 жылға дейін жаңарту керек, содан кейін үнемі өзгеріс енгізуді қою керек.

– Бүгінде ауылшаруашылық министрлігіне жаңа басшы келді. Жаңа министрдің бірінші тапсырмасы тап осы фермерлерден екі миллион тонна астықты сатып алуға қаржы бөлу туралы болды. Осылайша министр ауылшаруашылық өндірушілерінің жетегінде кетті деген пікірлер де айтылды. Сіз бұған қандай баға бересіз? Министрліктің жаңа басшысынан сала не күтеді?

– Бұны ауылшаруашалық министрлігі салаға қатысты ағымдағы және стратегиялық проблемаларды шешу үшін шешімдерді шұғыл қабылдайтын болды деп түсіну керек.

Өткен жылы күнде жиын өткізсек те, бірде-бір шешім қабылданған жоқ десек болады. Өз саласына жауап беретін департамент директоры тіпті хатқа қол қоя алмай, вице-министрді күтеді. Ал ол да жауапкершілікті мойнына алудан қашады. Таңба соғуға қатысты мәселе бір жарым жыл бойы қаралып келеді, сондай-ақ ветеринарияда да шешімін күтіп тұрған мәселе жетерлік. Мұның бәріне немқұрайлы қарауға болмайды. Сондықтан саланың барлық стейкхолдерімен тұрақты түрде диалог жүргізуді күтіп отырмыз. Бұл процесс қазір басталды.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу