"Түріктер Канаданы нарықтан ысырып шығарғыларың келсе, тиімді баға ұсыныңыздар деп отыр"

2545

Павлодар ауылшаруашылық кооперативі түрік және украин компанияларымен бірлескен кәсіпорын құруға келісіп жатыр.

"Түріктер Канаданы нарықтан ысырып шығарғыларың келсе, тиімді баға ұсыныңыздар деп отыр"

Осыдан екі жыл бұрын Павлодар облысында құрылған "Ертіс Агро" АӨК қалай жұмыс істеп жатқаны және оның алдағы жоспары туралы кооператив төрағасы Ерлан Тоқтышақов abctv.kz -ке әңгімелеп берді.

–Сіз жақында Түркияға барып, өз өнімдеріңізді өткізу және бірлескен ауылшаруашылығы өндірісін құруға қатысты мәселені шешіп келдіңіз. Әңгімені осыдан бастасақ.

–Түркияға барғанда екі міндетті шештік. Біріншісі – экспорт пен өңдеу. Екіншісі – облыс аумағында ауылшаруашылық техникасын өндіруді құру. Қазіргі уақытта бізбен өзара қарым-қатынас жасауды жоспарлап отырған бес компания, оның ішінде түрік, сондай-ақ украин компаниялары бар.

– Техникадан бастайық. Не шығармақшысыздар?

– Дестелегіш шығарамыз. Өсімдік шаруашылығымен айналыстан көптеген фермердің едәуір қаржысы ЖЖМ-ға кетеді. Комбайн жұмысынан қарапайым мысал келтірсем. Ол егінді орады, бастырады, алынған массаны қағып шығарады, нәтижесінде астық аламыз. Яғни бізге сабағы емес, масағы ғана керек. 

– Сонда сіз не ұсынбақшысыз?

–Қарапайым шешім бар, жұмысты азайтатын тазалайтын дестелегіш қажет. Осының арқасында ЖЖМ шығыны да азаяды. Осы арада бұл технология Павлодар облысында кеңес уақыты кезінде пайда болғанын айту  керек. Оны жергілікті адамдар ойлап тапқан болатын. "Октябрь" зауыты мұны шығармақ болған. Ол тырнауыш сияқты жасалған, бірақ та тырмауыштары пластмассадан жасалғандықтан, жиі бұзылып қала беретін. Одақ тарағаннан кейін қалай екені белгісіз бұл дестелегіш Ресейге, одан кейін Украинаға жеткен. Олар мұны толық жасап шығарған. Осы идеяны негіз етіп алған ағылшынның Shelbourne компаниясы бар. Олар мұны одан әрі жетілдіріп әкетті. Оларда бұл қазір жоғары технологиялық өндіріс. Біз соған бірте-бірте келеміз.

– Сіздер өздеріңіз дестелегіш жасап шығарасыздар ма әлде дайын әзірлемені аласыздар ма?

– Бастапқыда шетелдік әзірлеме болады, содан кейін дестелегішті жасау барысында жергілікті ерекшелікті ескере отырып, өзіміздің түзетулерімізді енгіземіз.

– Облысқа қанша дестелегіш қажет? Жұмысты көбейтпей-ақ,  оларды сатып ала салса болмай ма?

– Бұл басқа елдің экономикасына жұмыс істеу деген сөз. Тек өзіміздің кооперативте 40-тан астам шаруашылық бар, оларға жоқ дегенде 160 дестелегіш қажет.

–Жақсы, өздеріңіздің кәсіпорындарыңызды жабдықтап алдыңыздар дейік, одан кейін дестелегішті не істейсіздер?

– Дестелегіш жасау ниетіміз бар екенін айтқанымыз сол-ақ екен, 59 дестелегішке алдын  ала тапсырыс алып та үлгердік. Бұл тапсырыс берушілер жартылай болса да алдын ала төлем жасайды дегенді білдіреді. Яғни сұраныс бар.

–Жиналыстардың бірінде өнеркәсіптік өндіріспен айналысқысы келетіндерге мемлекет тарапынан жылына кем дегенде мыңнан астам бұйым шығару  керек деген талап жайын сөз етіп едіңіз. Менің түсінуім бойынша, сізге мұндай көлем қажет емес. Егер біз нарықтық жағдайда өмір сүріп жатқан болсақ, мұндай талапты жеке компанияға қалай қоюға болады?

– Бұған еш түсініктеме бере алмаймын. Тек айтарым, біз жұмыс істеуді жоспарлап отырған түріктің компаниясы 1983 жылы жөндеу шеберханасының базасында құрылып, бірте-бірте дамыған. Ал біз болсақ, бірден бізге үлкен көлем керек дейміз. Ол не үшін керек? Одан да бір-бірімен бәсекелесе алатын 50 компания құрған жақсы емес пе? Осыдан бірнеше жыл бұрын Аргентинада болдым, оларда  ауылшаруашылық техникасын шығарумен айналысатын 125 зауыт бар. Ал егістіктерінде тек өздерінің техникасы жұмыс істейді. Олардың техникасы қазіргі уақытта John Deere деңгейіне жетіп үлгерген. Сондықтан шағын нәрседен бастау қажет.

– Сіз бұл талапты қалай аттап кетпекшісіз?

– Оның түк қиындығы жоқ. Бұйрық пен ереже әлі шыққан жоқ. Біз өзіміздің ұсынысымызды инвестициялар және даму министрлігіне беріп қойдық.  5 қаңтар күні біз 4 қаңтарға дейін өздеріңіздің ұсыныстарыңызды өткізіңіздер деген  өткен жылдың 29 желтоқсанында жазылған хат алдық. Сөйтіп ұсынысымызды ұсындық. Біз бірдеңе істеп беруді сұрап отырған жоқпыз, тек мүмкіндік берсе болғаны. Біздің ауылшаруашылық техникасын шығаруға қатысты жобамыздың жүзеге асатынына сенімдімін. Неге дейсіз ғой? Себебі шаруалардың өздері өндірістің бір жолға қойылуына ғана емес, сонымен қатар техниканың тапсырыс берушінің талаптарына  сай болуына да жауапты. Барлық ескертуді бірден ретке келтіруіміз керек.

– Бұл мүмкін бе?

– Әрине, Генри Форд айтқандай, пайда көру үшін емес, тұтыну үшін шығару керек. Белгілі бір мақсатпен шығарылған кез келген жабдық қанша тұрса да сұранысқа ие болады.

– Сонымен сіздер түрік компаниясымен жұмыс істемекшісіздер ме әлде украина компаниясымен бе?

– Екі компаниямен де жұмыс істейміз.  

– Бұл қалай іске асады?

– Ықтимал серіктестерімізге бірлескен кәсіпорынды әрқайсысының үлесімен құратынымызды ашық айттық. Бұл халықаралық кооперация болады. Сонымен қатар біз бәріне бірдей үлестік құқық береміз, одан әрі қарай әркім өзінің мүмкіндігіне қарай көреді. Өзіміздің кооперативті құрған кезде де дәл осылай жасағанбыз.

– Тараптар бұған дайын ба?

– Олар дайын болғанда қандай, олар біздің қашан дайын болатынымызды сұрап отыр.

–  Бұл оларға не үшін қажет?

– Ақша табу үшін. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ оларға пайдаға белшесінен батпайтынын бірден ескерттім. Менің міндетім біздің шығаратын өніміміздің өзіндік құнын осыған ұқсас ресейлік және украиналық өнімнен екі есе арзан ету. 

– Жақсы, енді жобаны қашан іске қоспақшысыздар?

– Ақпан айында заңға қатысты мәселелерді шешеміз, содан соң наурыз айында іске қосамыз. Жобаны іске асыруға арналған орын-жай бар, бұл – дайын жекеменшік база. Қосымша қаржылық салмақ салмас үшін жекеменшікке алмаймыз деп шештік. Тапсырыстарды механикалық өңдеу бойынша орналастыруға шағын цехтармен келісіп қойдық. 

– Түркия жайына қайта оралсақ. Әкімдікте болған жиналыста сіз олар сіздердің ауылшаруашылық өнімдеріңізді тек шикізат түрінде ғана емес, сондай-ақ бекітілген бағамен алуға дайын екенін айттыңыз. Бұл сіздің ойыңыздан шығып отыр ма?

– Жоқ, бірақ та бізге жаңа нарыққа шығу үшін  бұған көнуге тура келеді. Әрине оңай емес, бірақ бұл тиімсіз болады деп ойламаймын. Жаңа нарыққа еніп, басқа дәнді-дақылдарды дамыту үшін бір нәрседен бас тартуға тиіспіз, өйткені бәсекелестік мықты. Түріктер Канаданы нарықтан ысырып шығарғыларың келсе, тиімді баға  ұсыныңыздар деп отыр.

– Сіздер осы жағдайға дайынсыздар ма?

– Иә. Бұл жаңа дәнді-дақылдарды дамыту үшін серпін болмақ. Түркияны жасымық, қыша, зығыр және тағы да басқа бірқатар дақылдар қызықтырып отыр. Осы арада бұл дәнді-дақылдарды өзіміздің егістіктерімізде өсірген тәжірибеміз бар және нәтижесі жақсы екенін айтқым келеді.

–Ерлан Чапайұлы, енді сіздің мемлекеттік органдармен қатынас хаттарыңыз туралы сөз етсек. Бұл не жағдай?

– Шаруалар біріккеннен кейін субсидиядан айырылып қалды, кооперативтер жайлы ұмытып кетті. Әңгіме сол жайлы болып отыр.

– Сіз 900-ден астам хат жаздыңыз. Оның барлығы кімнің атына жазылды?

–Барлық инстанцияларға жолдадым. Ауылшаруашылық басқармасынан бастадық. Бірінен соң бірін жібердік. Бірақ нәтиже болмады.

– Арыздың мәнісі неде?

– Кооперативті дамыту үшін анау керек, мынау керек, мысалы, тұқым сатып алу үшін субсидия керек деген сияқты. Барлығы дұрыс, сіздердің сұраныстарыңызды ауылшаруашылығы министрлігіне жібердік деген жауап алдық. Аңқау басымыз, соған сеніп отыра беріппіз. Енді келіп, субсидия туралы шешім қабылданғанда біз ол тізімде болмай шықтық. Содан басқармаға келсек, олар бізге ұсыныстарыңызды айттық деп хатты көрсетті. Қарасақ, онда біздің ұсыныстарымыз жоқ болып шықты. Мәселенің мән-жайын анықтау үшін ауыл шаруашылығы министрлігіне келсем, олар Павлодар облысы еш ұсыныс жасаған жоқ, сондықтан сіздер ештеңе алмайсыздар деп жауап берді. Ал мұны алуға біздің заңды құқымыз бар. Ақыр-соңында барлық инстанцияға шағымдана бастадық. Нәтижесінде біз тұқымды сатушы деген дәрежені алмайынша,  кооператив болғандықтан субсидия алуға құқымыз жоқ деген жауап алдым. Бұл заңға қайшы. Астана қаласы сотына шағымданып едік, олар ауыл шаруашылығы министрлігінен келген хаттың ресми құжат емес, тек ұсыныстық сипатқа ие екендігін айтып, шағымды қараудан бас тартты.

–  Бұл қандай мәртебе?

– Бұл – тұқымды сатқаннан маржа алатын кәсіпорын. Заңға сәйкес біз тұқымды басқа біреуге сата алмаймыз, тек кооператив мүшелеріне сатуға тиіспіз. Бұл ретте осы арқылы ақша табуға құқымыз да жоқ. Бұл заңда көрсетілген. Біз қайдағы өткізушілерміз! Сот тіпті біздің шағымымызды алған жоқ. Енді жоғарғы сот пен президентке шағымдану ғана қалды. Осының бәріне қаншама уақытың мен денсаулығың құритынын білсеңіз ғой. Уақытыңның 90%-ы біреуге бір нәрсені дәлелдеуге кетеді.

– Осындай бюрократиямен зауыт салуды жоспарлап отырсыз ба?

– Амал қанша, істемегенде қайда барамыз? Егер өзіміздің деңгейімізді көтермесек, онда мұның барлығы неге керек?

– Кооперативті таратып жіберіп, тыныш қана өз бизнесіңізбен айналысу туралы ой болған жоқ па?

– Былтыр қалжыңдап осыны айтқан болатынмын. Сонда жігіттер егер сен осылай істейтін болсаң, онда ең бірінші сатқын боласың деген болатын.

Гүлназ Ермағанбетова, Марина Попова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу