Ресейдің әскери өнеркәсібінің әлсіреген түрі көрінбейді. Қайта күннен-күнге күш алып жатқан сияқты. Ресей билігінің өзі соғысты белгісіз мерзімге дейін ұзақ ұстап тұруға бел буғаны жиі айтыла бастады. Кім білсін, Ресей президенті Владимир Путиннің бір ойлағаны бар шығар. Әйтеуір ол соғысты тоқтатпаудың бар амалын жасап бағуда. Бұл оған саяси тиімді болар. Себебі Путин әлі көп жыл тақта отыра бергісі келеді. Ал соғыс жүргізу барысында билікте ұзақ отырудың мүмкіндігі өте үлкен. Әрі ол билігін аса күшейткен, биліктің барлық тармақтарын өзінің оң жамбасына келтірген.
Батыстың санкцияларына қарамастан Ресейдің әскери өнеркәсібі күндіз-түні ауысыммен жұмыс істеп тұр. Қару-жарақ пен әскери техника, зымырандар мен дрондар тоқтаусыз шығарылып жатыр. Сонда бұл қалай болғаны, санкция салынғаны қайда деушілер бар. Бұл заңды сұрақ. Дегенмен, санкцияларды айналып өтудің схемаларын жасаудың және соған қол жеткізудің арқасында Ресейдің әскери өнеркәсібі өлмей тұр. Бір таң қаларлығы – әскери өнеркәсіпке керек-жарақтар мен қосалқы бөлшектердің үлкен партиялары сол Батыс елдерінен ағылып жатқаны белгілі болып отыр. Микросхемалар мен дрондар, жалпы параллельді импорт атаулы Ресейге Орталық Азия елдері арқылы асырылып жатыр дегені әшейін бер жағы екен. Ресейге Батыстан ағылып жатқан жүкте есеп жоқ.