Сонымен, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Астанаға келіп кетті. Мұнда ол Қазақстан президентімен, Қазақстан Сыртқы істер министрімен, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігінің ұжымымен және Орта Азия мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлерімен кездесті. Энтони Блинкенмен кездесуге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінің Сыртқы істер министрлері келді. Одан кейін мейманның жұмыс сапары Ташкентке және Үндістанға жалғасты. Үндістанда дамыған 20 елдің «G-20» клубының осы жолғы Сыртқы істер министрлерінің жиынына барған. Блинкеннің Қазақстан мен бізбен көршілес елдердің билік өкілдерімен «G5+1» форматында, яғни біздің бес мемлекетіміз бен АҚШ аясындағы кездесуі әлемнің назарында болды. Ресми мәліметте біздің елдеріміз бен АҚШ арасындағы экономика, энергетика, экология салаларындағы жұмысты нығайту және қауіпсіздік, терроризмге қарсы күрес мәселелеріндегі қызметтестік жайы сөз болды делінген.