Қырғыз ағайындар табиғатында сергек халық екені рас. Көңіліне жақпаған нәрсеге шыдап, қарап отыра алмайтын ел. Сондықтан да болар, көршімізге басшы құтаймай келеді. Билеушісі сәл сыр берсе халқы тайлы-тұяғына дейін атойлап шыға келеді де төңкеріп салады. Ал бұл демократияның анық көрінісі екенінде дау жоқ. Қырғыздар әлемге осынысымен де сыйлы. Соңғы бір апта бойы Қырғызстанның базарларында айқай-шу болды. Жер-жерде адамдар митингіге шығып жатты. Әдетте базар сатушылары кәдімгі патентпен жұмыс істейді. Оның салық төлеу механизмі жеңіл әрі төлейтін сомасы көп емес болса керек. Ал ел билігі патенттік жүйені тоқтатып, орнына бақылау-кассалық аппарат орнату жүйесін енгізіп жатыр. Бұған сатушылар қарсы. Базар саудасы қырғыз халқының тіршілігінің үлкен бөлігін қамтитынын ескерсек, мұнда көп адам жұмыс істейді. Қырғызстанда халықтың наразылығынан қауіпті нәрсе жоқ. Сондықтан болар, президент Садыр Жапаровтың өзі үлкен сауда орындарының бірі «Дордой» базарына барып, халықтың үнін тыңдауына тура келді. Әрі 6-желтоқсанда Садыр Жапаров 55 жасқа толып отыр екен. Сол себепті Қырғызстандағы бүгінгі ахуалды айта отырып, Садыр Жапаров жайлы да сөз ете кеткенді жөн көріп отырмыз.