Банкке берешегін келісілген мерзімінде қайтара алмай, кепілге қойылған баспанасынан айырылып жатқандар мыңдап саналады. Сол мыңдаған адам далада қалып жатыр. Ал азаматтардың сот шешімімен тыйым салынған мүлкін қорғайтын механизмдер мен заңнама жоқ. Банктің мүддесі қорғалады, ал шалыс басып сүрінген берешек азаматтардың мүддесі қорғалмайды. Баспанасынан айырылған азаматтар аш құлағым тыныш құлақ дейді немесе бар бәле осымен кетсін деп мойынға түскен салмақты көтереді. Басына ондай жағдай түскен азаматтар құдай салды, мен көндім дейді де тіршілік қамын нөлден бастайды. Арасында құсалықтан өлгендер де бар.