Астана қаласында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің алтыншы саммиті өтті. Бұл халықаралық іс-шараның Украинадағы соғыс жағдайында өтуінің де өз ерекшелігі бар болса керек. Тақырып бойынша күн тәртібінде елдердің ықпалдастығы мен өзара сенім талқыға түскенімен де президенттер арасында Украинадағы соғыс жайы там-тұмдап болса да айтылды. Бұл саммиттің өзі мен дәліздерінде Украинадағы соғысты тоқтатуға пайдасы тиерлік кішкене де болса қозғау салатындай, ой тоқтататындай әңгіме айтылса соның өзі де жаман емес. Ал ресми мәліметтерде Украинадағы соғысқа қатысты толымды сөз естілмеді. Украинадағы сорғыс жайы Түркия мен Ресей президенттерінің кездесуінде де сөз болған жоқ. Сондықтан біз әр елдің басшыларының ықпалдастық пен өзара сенім мәселесіне қатысты ұстанымдары мен сөздерін әңгіме етеміз.