Арнамыздан күн сайын берілетін «Шыны керек» бағдарламасының 7-наурыз күнгі шығарылымында Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заманауи зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаровты ел президенті қабылдағаны жайлы баяндадық. Ғалым кітап болып тараған ұзақ жылғы еңбегінде қазақ мемлекетінің орта ғасырда жасалған карталарының АҚШ пен Еуропа елдерінде сақтаулы екенін президентке жеткізгенін айттық. Үш тілде шет елде жарық көрген үлкен кітапқа орта ғасырлардағы және одан кейінгі кезеңдегі қазақ мемлекетінің 130 картасы және елдің тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрлерінің сипаттамасы енгізілген екен. Карталарды басып шығарған және сипаттамаларды жазған адамдар – орта ғасырлардағы Еуропа елдерінің патшаларына қызмет еткен жиһангерлер. Бұл еңбектің қазақ халқының өткені мен мемлекеттігіне қатысты материалдарын бір бағдарламаға түгел қамту мүмкін емес. Сондықтан «Анығын айтсақ» апталық бағдарламамызда бүгін Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбегіндегі аса құнды деректі назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Құнды дерек деп отырғанымыз – сонау ертеде Ару Сұлтан есімді қазақ қызының ағылшын патшайымы Елизавета Біріншінің өкіл қызы әрі кеңесшісі болғаны жайлы факті, ғылыми зерттеу мәліметі.