Күннің суық екеніне қарамай Украинадағы соғыстың барысы күннен-күнге өршіп тұр. Сұрапыл соғыс Донецк облысындағы Бахмут және Соледар қалаларында жүріп жатыр. Бұл қалаларға Ресей әскерінің ең мықты деген құрылымдары жеткізілген. «Вагнер» жекеменшік әскери компаниясының құрамына десантшылар және әскери-ғарыш күштері деген құрылымның бөлімдері қосылған. Ресей жағы қалай да осы екі қаланы украин әскерінен босатсақ дейді, ал Украина жағы өліспей беріспей тұр. Соғыстың ішінде не болып жатқанын анықтап түсіну де қиын. Өйткені атыс қалалардың ішіне жүріп жатыр. Таратылған ақпараттың көбі бір-біріне қайшы келеді. Орыстар Бахмутты да, Соледарды да алдық десе, украиндар екі қаланы ұстап тұрмыз дейді. Орыстар Украина әскері шегініп жатыр, 500-і қаза болды деп те хабар таратты. Бірақ Украина жағы әскер орнында екенін, онша адам қаза болмағанын, ақпараттың жалғандығын айтады. Украиндықтар орыстардың әскери шығыны көп болғанына қарамай кетпей тұрғанын айтса, орыстар әне-міне украиндықтарды қалалардан қуып шықтық дейді. Осындай қарама-қайшы мәліметтердің өзі екі жақтың арасында ақпараттық соғыстың қызу жүріп жатқанын да көрсетеді.