Сонымен, Қытай Халық Республикасының төрағасы Мәскеуде үш күндей аунап-қунап мейман болды. Мұнысымен Си Цзиньпин сын сағатында Ресейді жалғыз қалдырмайтынын аңғартты. АҚШ пен Батыс елдерімен бәсекелестік жағын келгенде Қытай мен Ресей сыбайлас екені тағы бір рет тиянақталғандай болды. Әрине, Қатай мемлекеті Ресейге бар жағдайды жасамайды, бірақ Ресейдің тым құлдырап кетуін де қаламайтын сияқты. Қытай үшін құлаған Ресейден гөрі әупірімдеп болса да өз аяғымен тұрған Ресей тиімді болмақ. Қытайдың мақсаты Ресейді сауын сиырға айналдырғысы келетіні де күн өткен сайын айқындалып келеді. Үш күн қона жатқандағы әңгіменің басым бөлігі де Қытай экономикасының Ресейге майда қадамдап ендеуіне бағышталған.