Мемлекет қанды қаңтар оқиғасына бет бұра бастады деуге болады. Осы күнге дейінгі бір жылдың барысында билік орындарының қаңтар оқиғасына деген ұстанымына ел жұртшылығы қарын қарап келген. Ал желтоқсанның соңына қарай Алматыда қаңтардағы қайғылы оқиғаға арналған «Тағзым» монументі ашылды. Оның ашылу рәсіміне президент Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйледі. Қаңтар оқиғасының бір жылдығы тұсында президент Астанадағы Әзірет Сұлтан мешітіне барып, қаза болғандардың рухына құран бағыштады. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елордадағы Әбі Насыр әл-Фараби мешітіне барып, қаңтар оқиғасында қаза болғандардың рухына арнап құрбандық шалды. Ал осы тұрғыдағы жыл басының бір қадамы – Парламент Мәжілісі отырысының қаңтар оқиғасына арналуы. Парламент Мәжілісінің биылғы алғашқы отырысында Бас прокурор Берік Асылов пен Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов қаңтар оқиғасына қатысты тергеудің барысы туралы есеп берді.