Израиль мен Газа аймағының арасындағы соғыстың барысында көптеген оқиғалар болып жатыр. Қалаларын Газа аймағынан және Ливаннан ракетамен атқылап жатқанына қарамай, Израиль әскері әлі күнге дейін қозғалған жоқ. Израиль әскері нысандарды тек алыстан ракетамен атқылауда. Газада бейбіт тұрғындардың қаза болып жатқанының жауабы ретінде ХАМАС-тың бір қанаты болып табылатын «Изз әд-Дина әл-Қассама» деген топ Израильдің қалаларын ракетамен атқылауда. Атқан ракеталарының көпшілігі ашық далаға түскен. Ливаннан және Газадан атылған ракеталардың салдарынан Израильде біраз адам жараланған. Қаза болғандар жайлы ақпарат тараған жоқ. Ал Газа аймағында қаза болғандардың саны екі-үш күн бұрынғы мәліметте 6 мың 546 адам деп көрсетілді. Соның 2 мың 794-і жас бала екен. Мысалы, соңғы күндердің бір тәулігінің өзінде 756 адам көз жұмса, соның 344-і сәби деп жатыр. Израильде қаза болғандардың саны 1 мың 400-ден асады. Израильден кепілдікке әкетілген адамдардың саны босатылған төрт адамды қоспағанда 222 көрінеді. Оның 138-і шет елдердің азаматтары. Мұның сыртында осы соғыспен байланысты саяси оқиғалардың кейбірін шолып өтсек дейміз.