Миллион доллар табуға өміріміз жетпейді

Әдетте ақшада көз жоқ. Тапқан-таянғаныңыздың қалай қолдан сусып шығып кеткенін аңдамай да қаласыз. Ақшада тіл болмаған соң сізге «Әй, мен кетіп барамын» деп айта алмайды. Ал сіз ақшаны шашар кезде оның кетіп бара жатқанын ойлауға шамаңыз келмейді. Себебі есі-дертіңіз сол ақшаның орнына қолыңызға түсетін бұйымда, азықта немесе көптен жете алмай жүрген нәрсеңізде болады. Осылай болғаннан кейін табысымнан жинайыншы, сөйтіп ақшалы адам атанайыншы деген қиялыңыз сағымға айналады да кетеді. Жалақыңыздан айма-ай арттырып, өмір бойы тірнектеп жинаған күнде де ол қаражат өлімтігіңізге жетсе жақсы. Немесе ары кеткенде бір ортанқол үй саларсыз, болмаса балаларыңызға азын-аулақ ақшаны мұра етіп қалдыруға жетер. Ал былайша ойлап қарасаңыз, сіздің қырық жылдай уақыт істеп ілгергі-кейінгі кезеңдердегі алған жалақыңыз десте-десте ақша болар еді. Тауып келген бұрынғы сом ақшаны, кейінгі теңгені өсім индексін ескере отырып, осы күнгі бағамға шақтағанда қырық жылғы алған жалақыңыз жоқ дегенде жүз миллион теңгеге жетіп жығылуы бек мүмкін. Бірақ адам болған соң қалта шығынын жасамай тұра ма, жалақысын шашау шығармай түгел жиған адам дүниеде жоқ. Сондықтан адам біткеннің көбі қырық жыл еңбектеніп тапқан жалақыдан түк қалдырмай қарттыққа құралақан шығады. Өкіметі жақсы болса әйтеуір өлмейтіндей зейнетақы берер.

Другие выпуски телепроекта
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу