Украинаның әлемге танымал журналисі Дмитрий Гордонның дүниенің түпкір-түпкіріндегі айтулы тұлғалардан алған сұхбаттары кеңінен тарап жатады. Бұған қоса ол Украинаның ақпараттық майданындағы қаһармандардың бірі мен бірегейі де. Украина билігі қазіргі соғыс жағдайында Гордонға арнайы күзет қызметін бекіткен, күзет оны күндіз-түні қарауылдайды. Осыдан-ақ оның Украина үшін қаншалықты маңызды адам екенін бағамдай беріңіз. Дмитрий Гордон Қазақстанның белгілі адамдарынан да сұхбат алып тұрады. Және ол Қазақстан халқына деген көзқарасының жақсы екенін әрдайым паш етіп отырады. Қазақстанның Марғұлан Сейсенбай, Арман Шораев сынды азаматтарымен бірнеше рет сұхбат жүргізді. Ал жақында қазақтың айтулы азаматы Мұхтар Жәкішевпен де өте қызықты көлемді сұхбат жариялады. Гордонның сұхбаттары бүкіл әлемге тарайтынын және оларды миллиондаған адам тыңдайтынын ескерсек, ол қазақ қоғамы үшін жақсы жұмыс атқарып жүр деуге болады. Біз украин журналисінің Мұхтар Жәкішовпен жүргізген сұхбатының кей тұстарына тоқтала кетуді жөн көрдік. Өйткені мұндағы әңгіме Қазақстан халқы үшін өте маңызды.