Сонымен, Ресей президенті кешеуілдеп болса да ақыры Федералдық жиын өткізіп, онда өзінің жолдауын оқыды. Оның жолдауы соғыстың бір жылдығына және АҚШ президенті Джо Байденнің Украина мен Польшаға сапарымен тұспа-тұс келді. Владимир Путиннің жиналғандарды өзінің жолдауымен таныстыруы 1 сағат 45 минутқа созылды. Бұл оның ең ұзақ жолдауы болды. Ең маңызды мәселені ол жолдауының соңғы жағында айтты. Бірақ бұл Украинаға қарсы соғысқа немесе мобилизацияға қатысты емес, АҚШ пен Ресей арасында бұрын жасалған ядролық қаруды қадағалау турлы келісімге байланысты болды. Путин Ресей тарапы бұл келісімді тоқтататынын мәлімдеді. Ол келісімнен әзірге шықпайтынын, тек бір жақты тоқтата тұратынын білдірді. Демек, Ресей билігі ядролық қаруды қолданудан шімірікпейтінін аңғартқандай болды. Мұндай мәлімдемені Владимир Путин өзінің жасаған бірнеше қорытындысына негіздеген сияқты. Біріншіден, ол АҚШ пен НАТО Ресейдің стратегиялық жеңілуін мақсат ететіндерін ашық айтып жүргенін келтірді. Екіншіден, Путин америкалықтар ядролық қаруды сынақтан өткізбек болып отырғанын және ядролық қарудың жаңа түрлерін өндіруді бастамақ екенін айтады. «Біз ядролық қаруды бірінші болып сынамаймыз. Ал егер АҚШ сынаса, онда біз де сынаймыз» – деді Ресей президенті.