Луганск пен Херсон облыстары толығымен, Донецк облысының жартысы және Запорожье облысының алпыс пайыздайы Ресей әскерінің қоластында қалып тұр. Ресей билігі бұл аймақтарды қолдан шығармауға жанталасып бағуда. Реті келсе Харьковты да басып алып, бес облысты билеп-төстемек. Осы күні қоластындағы аймақтарға билеушілерді тағайындап, ал тұрғындарға Ресейдің төлқұжатын рәсімдеп беріп жатыр. 11-қыркүйекте Ресей әскерінің қолы жеткен жерлердің тұрғындары арасында референдум өткізбек. Сөйтіп, «Міне, жергілікті тұрғындардың қалауымен бұл аймақтар Ресейге өтті» деген тұжырымды шегелеп қойғылары келеді. Ал Украина билігі мұндайға көнсін бе, орыс әскерін 11-қыркүйекке жеткізбей тықсыра қуып шығуға ол да жанталасып жатыр.