Соңғы жылдары жас балаларға зорлық-зомбылық жасау қылмыстары жиілегенін халық та, қоғам да, мемлекет билігі де көріп отыр. Президенттің өзі кешегі Жолдауында да, бұдан бұрынғы Жолдауларында да кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар үшін жазаны күшейту туралы айтты. Президент Жолдауында келтірілген бастамалар мен жүктелген тапсырмалар міндетті түрде орындалуға жатады. Қазіргі күнде ондай қылмыскерлерге сот жазасы күшейтілуде, ал жуық арада қолданыстағы заңға өзгерту енгізіледі немесе арнайы жаңа бап енгізілуі де мүмкін. Мұнымен Үкімет те, Бас прокуратура да айналысып жатыр. Мемлекет басшысының кешегі, 1-қыркүйектегі Жолдауы жарияланған күні Қазақстандағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева өзінің Фейсбук парақшасында жас балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасын күшейтетін жаңа бап енгізу керектігін жазды. Себебі сот орындары осы күні қолданыстағы заңның ішінен ондай істің жазасын қатайтатын сәйкес баптарды іздеп, қиыннан қиыстырып жүзеге асыруда. Ал ондай адамдардың жазасы белгіленген қолданыстағы баптар өзгертілсе немесе жаңа бап қосылса, үкімдер де қатаң әрі нақты болып шығады. Қаскөйлерді өлім жазасы болмаса да, өмір бойына қамап тастайтындай нақты баптар керек.