Бүгінде түрме атаулыда жаза өтеуші адам көп болар. Себебі кәнігі қылмыскер де, жемқор да, алаяқ пен суайт та, ұры-қары да көбейген. Соған қарап-ақ түрмелерде иық тірескен ығы-жығы адам жүргенін бағамдай беріңіз. Былтырғы жаз ортасындағы мәліметте еліміздегі 78 түзеу мекемесінде 30 мыңнан астам адам жаза өтеп жатқаны келтірілген. Мұның сыртында сол кезде тергеу изоляторында 7,5 мың адам болған. Оның 3 мыңы әйел, ал 50-і кәмелетке толмағандар делінген. Одан бергі бір жылда түрмелердегі жаза өтеушілер мен тергеуде жатқандардың саны өсіп, 40 мыңды жағалап та қалған болар. Ал осыншама жаза өтеушінің күнделікті шығыны мемлекеттің мойнында. Адамдар болған соң олардың тамағы бар, киімі бар дегендей. Әр жаза өтеушіге мемлекет қазынасынан күніне 7,5 мың теңге шығын шығарылатыны былтыр айтылған. Мұнда коммуналдық қызмет шығыны да ескерілген болса керек.