Украина мен Ресей арасында жүріп жатқан соғыс мың-сан алыпқашпа әңгімелер мен болжамдарға арқау болғаны қашан. Бұл тақырыпта пікірін ортаға салып, әлемге таратып жатқан сарапшылардан көп жұрт жоқ. Бірсыпырасының болжамы соғыстың шешуші кезеңі 2023 жылы болады дегенге саяды. Ал соғыстың созылып, шеті-шегі көрінбейді деп қара аспанды төндіріп жатқандар да аз емес. Кім білсін, бәрі де мүмкін. Себебі Украина мен Ресей арасында келісім болмайтыны бесенеден белгілі. Украина өз жерімді Қырыммен қоса толық кері қайтармай және Владимир Путин биліктен кетпей ешқандай келісімге көнбеймін деп табандап отыр. Ал Ресейге салса келісімге тоқтағысы келеді. Бірақ Кремль Украинаны Донецк пен Лугансктен және бірер облыстан жырып алған жерлерінен күдер үздірсем дейді. Келісімге осындай шартпен ғана Украинаның басын иіп апарғысы келеді. Ал мұндай жағдайда келісімнің болмайтыны түсінікті. Енді Ресей осы күнгі соғыс шебін қалайда көктемге дейін ұстап тұруға әрекет етіп жатыр. Көктемге дейін күш жиып, жойқын шабуылға көшпек. Әрине, Ресейдің қалауы – көктемге дейін соғысты тоқтата тұрып, әскер құрамын жаңартып, тыңайтып, техникасын түгендеп, ракеталарын сайлап алу. Алайда Украина тарапы соғысты тоқтатқысы келмейді.