Қазіргі таңда банктен несиені тек бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары ғана ала алмаса керек. Кәсіпкерлерді айтпағанда, халықтың өзге әлеуметтік топтарына жататындардың бәріне, жұмыс істейтіндерге де, істемейтіндерге де, тіпті мүгедектер мен зейнеткерлерге де банктің есігі ашық. Тұтынушылық несие деген оңды-солды беріледі. Халық та несие десе алды-артына қарамай шаба беретін болған. Кейінгісі жан нәсіп деп, той өткізсе де, құда шақырса да, өлім-жітім болса да, алысқа жолға шықса да, үй, қора-қопсы салса да, пәтерге үлескер болса да, мәшине алса да, киім-кешек алса да, баласын ақылы мектепке берсе де, емделсе де, желілік маркетингтің сиқырына алданса да, алаяққа арбалса да адамдар банктің есігіне кіретін болды. Несиесі жоқ адам елімізде некен-саяқ.