Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 1-қыркүйек күні жарияланған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында оның бизнес өкілдерімен кездесетіні жайлы айтылған болатын. Екі жұма өтпей-ақ сол кездесу Ақордада өтті.
Қазіргі таңда президенттің отандық бизнес өкілдерінің басын қосып, жиын өткізуінің мәні үлкен деп жатыр. Себебі бизнес пен мемлекет, бизнес пен экономика, бизнес пен құқық, бизнес пен ел болашағы мәселелерінде ортаға салатын проблемалық жайттар аз емес. Шыны керек, Қазақстан бизнесінің жабайыланып қалған жағдайы да бар. Бизнестің халықтан және мемлекеттен аздап алшақтап жүргені де жасырын емес. Оның себебі мемлекеттің өзінің отандық бизнеске жағдай жасауының ойдағыдай болмай келе жатқанында болар. Осы олқылықтың орнын толтырып, енді жерде отандық бизнеске мемлекет тарапынан қолдауды күшейту керек. Бизнесті құқықтық, ресурстық және жай ғана адамгершілік жағынан қорғауға бетбұрыс жасалатын болып тұр. Бұл, әрине, оң қадам. Өйткені еліміздің экономикалық тұрақтылығы мен болашаққа сенімділігі бірінші кезекте бизнеске, сол бизнес әкелетін игіліктерге тікелей байланысты. Әсіресе орта бизнестің еңсесін тіктеуге күш салынады. Шын мәнінде экономиканың тірегі орта бизнес бола алады. Мемлекет басшысы бұған дейінгі сөздерінде орта бизнестің ойдағыдай дамымай жатқанын, оны қолдан көтеріп болса да дамыту керектігін айтып жүрген.