Айыппұл халықтың қалтасын біршама көлемде қағып жатыр

334

Айыппұл халықтың қалтасын біршама көлемде қағып жатыр

Қолданыстағы айыппұл мөлшеріне қатысты жүргізушілерден шағымдар көп түседі. Ең бастысы осыдан 15 жыл бұрын айыппұлдарды енгізудегі философиямыз қандай болғанын еске түсіруіміз қажет. Ол кезде жолдардағы қауіптілікті азайту, апат көлемін азайту, сонымен қатар қарапайым тәртіп орнату мақсаты болатын. Сол кезде айыппұл көлемі көптеген параметр бойынша аз боп келді. Одан кейін Ішкі істер министрлігі жүргізушілердің айыппұлдарды төлеп, ережені қайтадан бұзып жүр дегенді алға тартты. Айыппұл және оларды өндіру технологиясы қаланың ішіндегі ереже бұзушыларды тоқтатты деп айтуға болады. Дәл қазір белгілі бір тәртіпке үйренгеннен кейін оның сомасын қайта қараған дұрыс деп ойлаймын.

Қазір дифференциалды тариф түрі қолданылады. Кейбір ереже бұзушылықтардың айыппұл сомасы оның ауырлығына қарағанда айтарлықтай үлкен. Нағыз адам өліміне әкелуі мүмкін өте қауіпті ереже бұзушылықтарда айыппұлдың ірі көлемін қалдырып, шағын мәселелерді қарастырса болады. Бірақ оның барлығы Ішкі істер министрлігінің құзырында емес. Оны Парламент бекітуі керек. Бұрын айыппұл мөлшері жоғары болғанмен, оны тіркейтін камералар аз болды. Қазір олардың саны көбейгеннен кейін айыппұлдар көбірек тіркеліп жатыр.

Айыппұл – белгілі бір бюджет жинаудың тетігі. Ол рас. Айыппұл халықтың қалтасын біршама көлемде қағып жатыр. Азаматтар мүмкіндігінше камераның көзіне түспей, ережені бұзбау арқылы одан қорғана алады. Бәрімізге 100 пайыз айыппұл келіп жатыр деп айта алмаймыз. Себебі жаяу жүретін адам айыппұл төлеп жатқан жоқ. Айыппұл бәрібір адам табысына әсер ететіндіктен, оның көлемін есептеу методикасына бей-жай қарамау керек. Оны аспаннан салып қойып, 100 мың теңге, 1 млн теңге деп қойып, енді заң бұзбаңыздар деп қарамаған жөн.

Елдегі бюджет тапшылығы 4-5 трлн теңге деңгейінде, ал айыппұлдан жылына шамамен 180-200 млрд теңге жиналады. Сондықтан айыппұл бюджеттің бүкіл жыртығын жамамайды. Оның айтарлықтай бір үлесі де жоқ. Себебі бір ірі компанияның төлейтін салығы бізге салынатын айыппұлдан жоғары.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу