Банктерге финтех-стартаптарға инвестиция жасауға рұқсат берілуі мүмкін

578

Қазақстанда 30 жыл бұрын қабылданған банктер туралы заңнама өзгергелі жатыр. 

Банктерге финтех-стартаптарға инвестиция жасауға рұқсат берілуі мүмкін Фото: fintech-retail.com

Қазіргі кезде елімізде қаржылық технологиялар (Fintech) ұйымдарының жарғылық капиталына банктердің кіруіне заңмен қатаң тыйым салынған. Бұл кезінде осы саланы банкирлердің жаппай билеп, монополияландырып алмауы үшін жасалды.

Сондықтан, мысалы, төл маркетплейсін дамытқысы келсе, банктік холдинг құрып, жеке компания ашуға тура келеді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа заңда бұл тыйымды жоюды ұсынып отыр. Оның дәйектеуінше, бұл тосқауыл елдің инновациялық әлеуетін төмендеткен көрінеді.

"Финтех-ұйымдардың капиталына банктердің қатысуына тыйым жаңа технологиялар мен сервистердің өркендеуін шектейді. Бұл біріншіден, қызметтер нарығының дамуын айтарлықтай тежеуде. Екіншіден, бұл банктердің де бәсекеге қабілеттілігін төмендетті. Жеткілікті инфрақұрылымы мен ресурстары бола тұра, банктер қаржы-технологиялық компаниялардың капиталына қатыса алмай келеді", – деп "уайымдады" қаржылық реттеуші агенттіктің сарапшылары.

Бірақ мол қаржы тасқынының қасынан ағындап өтіп жатқанына, оны өзіне бұра алмағанына пұшайман болған банкирлер осыған қол жеткізуі үшін Мәдина Әбілқасымованың командасы арқылы осы идеяны ілгерілетіп отыруы мүмкін.

Арманның асқары заңғар: финтех-стартаптардың саны күн санап өсуде. Егер 2018 жылы олардың саны 50-ге жуық қана болса, 2024 жылы көрсеткіш 4 есеге өсіп, 200-ден асты.

Оның үстіне Ұлттық банктің дерегінше, 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қолма-қол ақшасыз жүргізілген транзакциялар көлемі өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда бірден 119,7%-ға ұлғайып, 15 триллион 339 миллиард теңгені құрады. Осылайша, ағын-айналымы бүкіл республиканың бюджетіне барабар көлемге жуықтады.

Бұл "қаржы дариясының" бір бастауына енді банктер жайғасуы ғажап емес.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, банктер көз сұғын қадап отырған ішкі нарықтағы электрондық коммерцияның бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі үлесі, маркетплейстерді қоса есептегенде, 12,7%-ға жетті.

Электрондық коммерция платформасы, маркетплейстер арқылы жүзеге асырылған бөлшек сауда айналымы былтыр 1 триллион 767,6 млрд теңгені (72,4%) құрады. Бұдан бөлек, тауарларды өзінің интернет-ресурсы, интернет дүкені арқылы сататын кәсіпорындардың бөлшек сауда айналымы 672,2 миллиард теңгеден (27,6%) асқан.

Сонымен қатар, электрондық сауда алаңдары тек тауарлар сатумен шектелмейді. Мәселен, компьютерлік бағдарламалау, көлік, пошта қызметі, жарнама агенттіктері, туристік агенттіктер мен операторлар, технологиялар және ақпараттық жүйелер саласында қызметпен айналысатын ұйымдар да төл платформасы мен маркетплейіне ие.

Айталық, шетелге саяхаттайтын қазақстандықтардың бір бөлігі туристік жолдаманы белгілі турфирмалардың интернет ресурсы арқылы таңдап, сатып ала алады.

Осылардың бәрінің клиенттерінің саны жүздеген мыңмен саналады. Ал, банктер болса, мұндай жетістігімен еш мақтана алмайды. Смартфонына қандай да бір банктің қосымшасын орнатқан азаматтардың басым көпшілігі онда ештеңе сатып алмайды. Тек ақша аударумен, әрі кетсе, депозит ашумен шектеледі.

Ұлттық банктің ресми дерегінше, 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша банктердің онлайн сервистерін белсенді пайдаланушылардың саны небары 24 мың 750 адам ғана. Салыстырсақ, бір жыл бұрын, 2023 жылғы 1 қазанда олардың қатары 20 019 болыпты. Көп өсті деп айту қиын.

Бұл ретте, қаржылық реттеу агенттігінің мәлімдеуінше, екінші деңгейдегі банктер осы сегментіне клиент тартуға қыруар қаражат шығындайды, елеулі инвестициялар салады, интернет-банкингін, мобильдік қосымшаларын және IT-технологияларды дамыту үшін үнемі шаралар қабылдайды. Нәтижесі әлгіндей ғана. Клиенттер болса, банк өнімдерін тұтыну, мысалы, кредит рәсімдеу үшін бәрібір банк филиалдарына барады, менеджерлерді жүктейді.

Сондықтан агенттік бұл істен қажыған банкирлерді тұтынушысы көп "майшелпек" өріске жіберуге ниетті.

"Электрондық сауда көлемінің де, оны пайдаланушылар санының да айтарлықтай өскенін ескеріп, сондай-ақ банктерде қажетті инфрақұрылым мен білікті қызметкерлердің барлығын назарға алып, банктер мен банк холдингтеріне қаражатын финтех-компанияларға салуға мүмкіндік берген жөн. Электрондық сауда алаңдары, интернет-платформалар, биометрия, ақпараттық қауіпсіздік салаларында қызмет ұсынатын компанияларға банктердің қатысуы нарық ойыншыларының шығынын қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қаржы-технологияларының қолжетімділігін арттырады. Бәсекелестікті ынталандырады және қаржы-технологиялық өнімдер мен сервистерді құрады", – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

М.Әбілқасымованың ұжымы осы және басқа өзгерістерді қарастыратын "ҚР-дағы банктер және банктік қызмет туралы" жаңа заң жобасын Парламенттен өткізе алса, онда банкирлер ел тарихында ешқашан болмаған жаңа, мол мүмкіндіктерге қол жеткізеді.

Агенттік сарапшыларының байламынша, қазіргі заманда банктер бұрынғыдай тек елге есепшотына түсетін жалақы, жәрдемақы мен зейнетақысын беретін, салым ашып, жинағын жинайтын, баспана және басқасы үшін несие ұсынатын ұйым ғана болудан қалып барады.

"Бүгінде қарқынды серпінмен дамып жатқан банк секторы IT-шешімдер нарығының негізгі қатысушыларының біріне айналуда. Ол дәстүрлі банктік қызметтерден енді ақпараттық технологияларды белсенді пайдалануға қарай біртіндеп ауысуда. Банктер өз қызметінің тиімділігін арттыру және тұтынушыларға қызметтердің толық спектрін көрсету үшін цифрлық сервистер мен технологиялық платформаларын белсенді енгізуде", – деді ведомство сарапшылары.

Цифрлық инновациялар саласындағы жаңа үрдіс-тренд өркен жайды: ол – кросс-секторлық қаржылық және қаржылық емес сервистерді шоғырландыру, экожүйелер аясында деректермен және ақпаратпен белсенді алмасу үшін платформалық шешімдерді енгізу.

"Банктер туралы заңының 8-бабына сәйкес, қаржы ұйымдарына банктік қызметке қатысы жоқ өзге салаларда қызметін жүзеге асыратын компанияларды құруына, олардың акцияларын сатып алуына тыйым салынған. Банктік холдингтерге де біраз шектеу белгіленген. Ал, технологиялық компанияларға мұндай шектеулер жоқ. Соның арқасында олар клиенттік сервистердің сапасын да, өзгергіш-вариативтілігін де дамыта алады. Тиісінше, олардың пайдаланушылары көбірек. Енді банктерге де онлайн сауда, қызмет көрсету салаларында өз компанияларын құру және олардың капиталдарына қатысу құқығын беру мүмкіндігін қарастыру қажет", – делінген агенттіктің жаңа заң жобасына консультативтік құжатында.

Дегенмен, финтех саласының белгілі эксперті Максим Волковтың айтуынша, қаржы-технологиялық стартаптар тәуекелі жоғары сала саналады.

"Ал, әрбір дағдарыс сайын және тіпті онсыз банктердің қаржылық тұрақтылығы шайқалып, Үкіметтен мемқолдау қажет етіп жатады. Енді оған финтех стартаптардың үлкен шығыны қосылса, бұл олардың орнықтылығына да ықпал етуі мүмкін. Менің ойымша, банктердің финтех-саласына құлаш ұрғандағы мақсаты – осы компанияларға берілетін артықшылық-преференцияларды, салықтық жеңілдіктерді, мемлекеттік қаржылық қолдауды алғысы келсе керек. Заң жобасы бойынша банктерге қаржылық тұрақтылық пен орнықтылықты қамтамасыз еткен жағдайда ғана финтех компания құруға мүмкіндік бермек. Алайда былтыр қазақстандық банктер басқа түгіл, төл кредиттік портфелінің сапасын нашарлатып алды", – дейді сарапшы.

Ресми мәлімет бойынша банктердің төлем төленуі үш айдан көп уақытқа тоқтатылған "улы" заемдарының көлемі орта есеппен 4,8% өсіп кетті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу