Әлеуметтік желілердегі фейктерді қадағалайтын заң қабылдануда

Ал жарнамалық контентті арнайы белгімен таңбалау міндеттеледі. 

Әлеуметтік желілердегі фейктерді қадағалайтын заң қабылдануда

Әлеуметтік желілердегі фейктерді қадағалауды арттыратын және интернеттегі жарнамалық контентті арнайы белгімен таңбалау міндеттелетін заң жобасы дайындалды. Жаңа заң  жобасы әлеуметтік желі, жалпы интернет  қолданушылар, соның ішінде блогерлердің құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Бұрыннан қолданыстағы қылмыстық жауапкершілікпен қатар бұдан былай желіде жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікті де енгізу көзделген. Әлеуметтік желіні пайдаланушы жеке тұлға үшін айыппұл 20 айлық есептік көрсеткіш, бұл осы күні 69 мың теңгеге тең. Ал кәсіпкерлік қызметпен айналысатын блогерлер үшін – 40 айлық есептік көрсеткіш, яғни 138 мың теңге. Қазақстанда 13 миллион 800 мың адам әлеуметтік желіні пайдаланады екен. Бұл – Қазақстан халқының 70 пайызынан астамы.

Заң жобасы қолданысқа енгенде блогерлерде қиындық туындауы мүмкін. Төлейтін салығы, жарнамадан тапқан табысы жіті қадағалауға алынады. Оларға әрбір жарнамасына мұның жарнама екенін көрсететін арнайы таңба қою міндеттеледі.

Заңда интернет-платформаларда желі пайдаланушылардың санын анықтау, олармен жұмыс жүргізу және жергілікті уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасайтын заңды өкілді тағайындау талабы енгізіледі. Интернеттегі платформаларда заңсыз контент табылған жағдайда, заңды өкілге оны жою қажеттілігі туралы хабарланады. Осы талап сақталмаған жағдайда уәкілетті орган онлайн-платформаның қызметін шектеуге құқылы болады.

Заң жобасында қазақ тіліндегі контентті модерациялау, монетизациялау, интернеттегі жарнама саласын экономикалық тұрғыда қарастыру, мазмұнға талап қою сынды бастамалар бар екен.

Таратылған ақпараттарда онлайн жарнаманы реттеу саласындағы шет мемлекеттердің тәжірибесі келтіріліпті. Мысалы, Германияда мұндай заң 2018 жылы қабылданған. Немістердің заңы бойынша 2 миллионнан астам жазылманы бар медиа платформалар зиянды ақпаратты жоюға міндеттелген. 2022 жылы Еуроодаққа мүше елдер қабылдаған заң бойынша шағым беру, өтініштерді қарау, контентті модерациялау және онлайн жарнама тетіктеріне көзделген  әлеуметтік желілердің алгоритмдерін белгілеу қарастырылған.

Елімізде жалған ақпарат тарату 2015 жылдан бері қылмыс түріне жатқызылды. Қолданыстағы қылмыстық кодексте ол үшін 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген. Әдетте ақпарат таратушының талайы мәліметтің рас-өтірігін ажыратып жатпайды. Әсіресе, апатты және төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар көптеп тарайды. Көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын қаперге ала бермейді. Ал таратылған жалған ақпарат қоғамға, азаматтарға елеулі зиян келтіруі мүмкін.

Мысалы, 2019 жылғы Арыс қаласындағы жарылыстарға қатысты WhatsApp чатында жалған аудиожазба таратқан жергілікті тұрғынға 3,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. 2016 жылы жер мәселесіне қатысты митингілер кезінде Facebook-те пост жариялаған қызылордалық адам 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына тартылды. 2017 жылы YouTube арнасында тұрғын үйлердің біреуі құлағаны жайлы бейнежазба таратқан Семей тұрғыны, 2,5 жылға сотталды. Жалған ақпарат әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырса оны таратқан адам 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Терроризм туралы жалған ақпарат үшін 5 жылға қамау қарастырылған.

Жаңа заң қолданысқа енгенде жалған ақпарат таратып елді дүрліктіруге құмар адамдарға шектеу болар.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу