Биржалар мұнай өнімдері нарығын құтқара ала ма

Қазақстанда 2021 жылдың наурызында мұнай өнімдері ашық түрде биржалық алаңда сатыла бастады. Бұл отандық нарық үшін революция ма, әлде эволюция ма? 

Биржалар мұнай өнімдері нарығын құтқара ала ма

Осы жылдың көктемінде АИ-92 және АИ-95 бензинінің бөлшектік партиясы биржалық алаңдарда сатыла бастады. Алғашында берілген кеңес бойынша, ішкі нарыққа жеткізілген өнімнің 10% ашық биржалық саудада сатылуы керек. Ал 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 20% дейін өседі. Сонымен қатар, дизель отыны мен битум саудасы жақын арада басталуы тиіс.

Қазақстан мұнай өнімдері нарығында ашық баға қалыптастыру жүйесіне көшкелі отыр. Энергетика министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі (БҚДА),  БҚДА жанындағы биржалық комитет (мұнай өнімдерінің сауда-саттығы бойынша 2 биржаны аккредиттеген) секілді бейінді ведомстволар дұрыс бағытта қозғалады. Болашақта нарық қандай болатынын түсіну үшін осы "ауысымның" егжей-тегжейін қарастырған жөн.

1. Әлемдік энергетикалық нарықтар – ашық, бірақ "жабық"

Әлемдік мұнай және мұнай өнімдері нарығында баға белгілеу жүйесі қалай жұмыс істейтінін білесіз бе? Мұнда бір гәп бар. Мен қазір мұны әзілсіз айтып отырмын. Біз Сізбен бірге мұнай өндіреміз делік. Оны әлемдік нарықтарда сатамыз деп бөркіңізді аспанға атуға асықпаңыз, оны өткізу үшін де терлеп те, төлеп те үлгереміз. Баға агенттіктеріне ақша "шашамыз".

Біз мұнай котировкаларының мынадай сипатына үйреніп қалдық – әдетте бір ай бұрын фьючерстер бойынша нарықтағы көңіл-күй анықталады. Бірақ бұл жалпы болмауы да мүмкін идеалды мұнай сорттарына арналған тамаша бағалар. Мысалы, Brent жақын арада эталонды сорт мәртебесін жоғалтуы мүмкін. Өйткені мұнайдың бұл түрі өте аз өндіріледі –  әлемдік тұтыну деңгейі 95-96 миллион б/с болса, Brent маркалы шамамен 300 мың баррель көрсеткішке ғана ие.

Қазақстандық мұнай ресейлік Urals сортына дисконтпен, ал Urals өз кезегңінде Brent ' у дисконтымен саудаланады. Яғни біз мұнай бағасы бойынша $70/bbl деңгейдегі әлемдік бағаны қараймыз да, қазақстандық мұнай шамамен $65-66 саудаланатынын ұға қоямыз.

Тіпті осылай болған күннің өзінде де барреліне 65-66 долларға біз оны сата алмаймыз. Әр түрлі еуропалық нарықтар мен мұнай өңдеу зауыттарында бағалар әртүрлі. Әрине, біз бүгін немесе бір айда бағалар нақты қандай болатынынын білгіміз келеді. Міне, осыған келген кезде біз сізбен бірге аузымыз ашылып қалуы мүмкін, себебі мұның өзі жалпыға қол жетімді емес – ақпараттың өзі ақылы.

Ірі әлемдік баға агенттіктері – негізінен Argus және Platts осындай бізге қажетті ақпаратқа ие және олар табысты сауда жасайды. Мәселен, Platts-та Қазақстанның өкілдігі жоқ. Ресей нарығы, Орталық Азия және Каспий нарығын ақпаратпен Argus қамтамасыз етеді.

Дәл осы агенттіктер бізге егжей-тегжейлі және сапалы ақпарат береді: ірі әлемдік трейдерлер қандай МӨЗ-дерге қандай бағалар, қазіргі кезде қандай баға белгіленімдері бойынша мұнай мен мұнай өнімдерін сатып алатынын, қандай оқиғаларға дайындалу керектігін, қайда жеткізу керектігін хабарлайды. Сондай-ақ, мемлекеттік органдар бұл ақпаратты сатып алып, экспорттаушылар бағаны бұрмаламайтынын да түсіну керек (трансферттік баға аясында).

Парадокс па? Нарық ашық болуы керек сияқты еді, өйткені күн сайын әлемде ондаған миллиард долларға мұнай саудаланады, бірақ нақты ақпарат жоқ. Біз баға агенттіктеріне лайықты "бағасын" беруіміз керек, олар тамаша бизнес-модель ойлап тапқан. Көп ел ақпарат үшін ақша төлеуге дайын – тек мұнай немесе мұнай өнімдері үшін ғана емес, минералды шикізат, ауылшаруашылық өнімдері және тағы басқа тауарлар үшін ақша төлеуге асық.

Бір кездері Қазақстанда Аргуспен бірлескен кәсіпорын құру туралы бастама көтерілген кезде осы қазақстандық талдау компаниясында мен де жұмыс істегенмін. Әлемдік нарықтың "ашықтығы" туралы осылай пікір білдірейін. Ақпарат – ол да тауар, ол үшін ақы төлейді.

Шын мәнінде, әлемде энергия ресурстары мен шикізат тауарларының кең спектрі туралы ақпаратты "өндіру" және сату жүйесі баяғыда-ақ құрылған. Мәселе оның дамушы елдер мен бірлестіктерге қаншалықты сай келетіндігінде.

2. Кейбір дереккөздердің ақпаратына сенсек…

Қазақстанда танымал телеграмм-арналардағы посттар әдетте, осылай басталады.

Қазақстандық мұнай өнімдері нарығында не "салынып жатыр?" Ал шын мәнінде, өте қызықты модельдің іргесі қалануда. Барлық ақпарат жасырылмайды, сатуға қойылмайды, ашық қолжетімділікте бар – бағалар, партиялардың көлемі, сауда-саттық барысы, жеткізу базистері (үш ірі МӨЗ) дейсіз бе, бәрі айқын. Яғни, Қазақстанда мұнай өнімдеріне баға белгілеудің нарықтық тетігі жолға қойылған. Бұл әрине, қуантады. Мысалы, кез-келген адам www.ets.kz сайтына кіріп, сауда нәтижелерін көре алады.

Біз биржалық сауда-саттыққа "Мұнай" салалық бағдарламасында көп көңіл бөлдік. Мысалы, жақында "ОЭК нарығы: кедергілер мен бәсекелестік" атты хабарда ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Рустам Ахметовпен әңгімелестік , "ETS" тауар биржасы" АҚ Басқарма Төрағасы Құрмет Оразаевты сөзге тартып "Бензин, дизель, авиакеросин және битумның нарықтық сауда-саттығы неге әкеледі?" атты талқы жүргіздік. Қазақстан биржалық Қауымдастығының Бас кеңесшісі Нұржан Бегалинмен "Мұнай өнімдерінің биржалық сауда-саттығы": күту VS шындық" атты хабарда ой алмастық.

Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасының және біздің көршілес республикалардың өкілдерін алда шақырамыз деп үміттенемін. Дегенмен басқа елдерде мұнай және мұнай өнімдерінің биржалық сауда-саттығы қалай дамып жатқаны қызықты.

Тұтастай алғанда, дамушы елдер үшін нарық архитектураның көптеген нұсқалары бар, бірақ ЕАЭО-дағы жалпы үрдіс – ашық биржалық нарықтарды қалыптастыру. Ресей, әрине, бұл процесті әлдеқашан бастаған, және бізде осы тәжірибені ескере отырып, өз платформамызды құруға мүмкіндік бар.

3. Мен бағыт-бағдарды білемін

Алғашқы сауда-саттық өткелі бері жарты жылдан асты. Қазір қандай картина қалыптасты? 

27 тамызда "Еуразиялық сауда жүйесі" тауар биржасында мұнай өнімдерінің жоспарлы биржалық сауда-саттықтары өткізілді (айдың басынан бастап бесінші). Олардың аяқталуы бойынша сауда айы аяқталды. Сауда-саттық АЗРК жанындағы биржа комитеті белгілеген шарттар шеңберінде өткізілді. Осы сауда-саттыққа қойылатын негізгі талаптар: оларды нарыққа қатысушыларды барынша ықтимал тарту шартымен жүргізу, мәмілелерді тікелей өндіруші зауыттан жеткізу шарттарында ғана жүзеге асыру.

Бензин бойынша қазір жағдай тұрақты. Сауда-саттықта ұсыныс сұраныстан арта аяқталды: 46 мың тонна және 60 мың тонна. Тамыз айының қорытындысы бойынша АИ-92 орташа баға индикаторы тоннасына 189 мың теңгені, АИ-95 212 мың теңгені құрады. Айта кету керек, бағалар үш Базис негізінде қалыптасады – біздің ірі мұнай өңдеу зауыттарымыз – Атырау, Павлодар және Шымкент, олардағы көрсеткіштер, әрине, бір-бірінен ерекшеленеді.

Бұл маңызды тарихи сәт: із тұңғыш рет биржалық сауда-саттықтың индикаторлары мен бағыт-бағдарын көре аламыз.

4. Биржалық және биржадан тыс: алғашқы сұрақтар

Әрине, барлық жаңашылдықтар жаңа сұрақтарды туындатады. Мысалы, биржалық және биржадан тыс мәмілелердің деңгейі қандай болуы керек? Қазір Ресей Федерациясы жыл басынан бері 6% белгіден өткен ЖЖМ бағасының өсуіне тап болып отыр: 92-ші бензин орташа есеппен онда 270-280 теңге тұрады. Ал кейбір өңірлерде литріне 300 теңгеден асады. Дизель бойынша жағдай ұқсас. Ресей Федерациясының Үкіметі Винктерді мұнай өнімдерін биржада сатуға көндіруге міндеттейді немесе айталық, шағын аймақтық жанармай бекеттері жанар-жағармайды "ала алмайтындығына" шағымданады.

ВИНК-тер дегеніміз – вертикальды-интеграцияланған мұнай компаниялары. Олар мұнай өндіруден бастап, өңдеу, сату циклдерінің бәрін біріктіреді. Қазақстанда ВИНК-тер жоқ. МӨЗ Үкімет бекіткен тариф бойынша өңдеу үшін төлем ала отырып, кез келген мұнайды қабылдайды. Ал жер қойнауын пайдаланушылар ЖМҚС желілеріне ие болмайды. Монополияға қарсы реттеу тұрғысынан бұл дұрыс.

Алайда, биржада сауда-саттық деңгейі қандай болуы керек? 10, 20, 30, 50%? Жалпы, әлемде биржадан тыс секторлардан ашық сауда-саттықтың басымдығы жоқ. Мемлекет барлығын нарықта сатуға міндеттей алмайды, өйткені транзакциялардың ерекшелігі әртүрлі.

Мысалы, бұл жылдық келісімшарттар бойынша барлық көлем үшін алдын-ала төленген мәмілелер болуы мүмкін. Мұнай компаниялары мұндай мәмілелерді жиі жасайды. ҚМГ де сырт қалатын емес: ірі халықаралық трейдерге бір жыл ішінде 100% алдын ала төлеммен келісім-шарт жасалды. Бұл өткен Баға дағдарысы кезеңінде компанияларға ақшалай өтімділік қажет болған кезде болды.

5. Оң ба, сол ма

"Орел и решка" бағдарламасын көрген боларсыз: жүргізушінің бірі 100 доллармен күн өткізеді. Ал екіншісі шексіз сомаға демалады. Әлбетте, бұл сома түрлерімен белгілі бір елге баға беруге болмайтынын жақсы түсінетін шығарсыз.

Мұнай өнімдері нарығында да осындай жағдай орын алуда. Ашық сауда-саттық бар, онда сұраныс пен ұсыныс белгілі бір баға балансын табады. Бірақ биржада тіркелген биржадан тыс мәмілелер де бар.

Корпоративтік және Мемлекеттік сатып алуға байланысты жергілікті немесе бір реттік мәмілелердің үлкен сегменті бар. Мұндай мәмілелердің баға диапазоны өте кең және біз әрқашан экономика заңдарымен түсіндіре бермейміз. Осындай мәмілелердің қатар болуы және сауда-саттық нәтижелерінің әртүрлі алаңдарда жариялануы нарық қатысушыларының, жұртшылықтың және реттеуші органдардың жалған ақпарат алуына әсер етеді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда әртүрлі алаңдарда және биржадан тыс нарықта қалыптасатын 20-ға жуық көрсеткіштер мен бағалық бағдарлар бар. Олардың қайсысы нарықтық және негізделген екенін қалай анықтауға болады?

Бүгін, ертең, бүрсігүні

Қазіргі сәтте жағдай түсінікті деп ойлаймын: аккредиттелген биржалар бар, жер қойнауын пайдаланушылар мен мұнай өнімдерін сатып алушылар бар. Олар қолайлы алаңды таңдауға құқылы. Әдіснаманы жетілдіріп, сауда-саттықты жүргізіп жатыр.

Ары қарай не болады? Нарыққа кейбір "сананы жаңғыртуды" талап етуі мүмкін объективті баға индикаторлары қажет екенін мойындау керек. Осы жолдан өткен елдердің тәжірибесіне жүгінсек, біз әдетте бір сауда алаңы жұмыс істейтінін және биржалық және биржадан тыс нарықтардың нақты баға индикаторлары бар екенін көреміз.

Қазақстанның ішінде де сауда-саттықтың нарықтық тетіктерін қалыптастырып, көрші елдердің биржалық алаңдарымен болашаққа жүйелі жұмысты жоспарлау қажет, өйткені ЕАЭО шеңберінде қатысушылар мұнай, мұнай өнімдері мен газдың бірыңғай нарықтарына: тауарлар мен капиталдың еркін қозғалысына, баға белгілеудің нарықтық тетіктеріне көшуге тиіс.

Жағдай былайша өзгеріп барады: біздің бүгінгі нарық – мұнай өнімдерінің биржалық сауда-саттығы, ертең – биржалық сауда-саттықтың бағалық индикаторларының (Базис ретінде) үшбұрышы, тікелей келісімшарттар бойынша биржадан тыс көрсеткіштер (мәмілелерді биржада тіркеу) және баға белгілеулер/нэтбек Argus, ал келесі күні – көрші елдердің биржалық алаңдарымен неғұрлым терең интеграция.

Енгізілетін монополияға қарсы комплаенс шеңберіндегі осы үшбұрыштың шегіндегі мәмілелерді нарықтық деп атауға болады. Ал осы бағалардан тыс, ең алдымен, АЗРК, биржалық Комитет және басқа да мемлекеттік органдардың назарында болады.

P.S. Қазақстан үшін мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттық тақырыбы жаңа сипатқа ие. Бірақ баға белгілеудің ашық тетігін қалыптастыру тренді белгіленген. Мен баға индикаторларымен және биржадан тыс мәмілелерді тіркеу мәртебесімен не болып жатқанын мезгілімен айтып, талдауға тырысамын.

 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу