Экологиялық мәдениет өзінен-өзі пайда болмайды

2257

2013 жылы жасыл экономикаға көшу концепциясы қабылданды. 

Экологиялық мәдениет өзінен-өзі пайда болмайды

Құжатқа сәйкес 2030 жылға қарай қалдықтарды өңдеу деңгейін 40 пайызға дейін жеткізу жоспары бар. Сол межеге жету мақсатында 2014 жылдан бастап елімізде өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі деген әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалған құралды енгізу басталды. 2016 жылы Экологиялық кодекске бөлек бір бөлім енгізіліп, өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі деген механизм іске қосылды. Сол арқылы Қазақстандағы қалдықтарды бөліп жинау және өңдеу деңгейін көбейтуге болады. Бірақ ол жүйе қазір дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ.

Қаңтар оқиғасынан кейін жеке оператордан мемлекеттік операторға беруінің салдары екі жыл бойы ол ақшаның төленбей, көптеген қалдық жинаушының банкрот болып қалуына алып келді. Сондықтан осы жағдайлар болмау үшін әлемдік тәжірибеге сай етіп оны жүргізу керек. Орталықтандырылған қалдықтарды жинау жүйесінде, яғни күнделікті контейнер жүйесінде материалдық жағдайының жақсы болуын қамтамасыз ету керек. Қазіргі уақытта елімізде жеке компания әртүрлі компаниямен бірігіп фандоматтар орнатып жатыр, дегенмен бұл жүйе бізде заңдастырылмаған. Яғни Экологиялық кодексте ондай жүйе жоқ. 2019 жылы біз ұсынған кезде Экология министрлігінің өкілдері бұл жүйеден бас тартқан.

Экологиялық мәдениет – мемлекет, үкімет, жергілікті әкімдіктер тарапынан үздіксіз жүргізілетін ақпараттық, ағарту, қаржылық тұрғыдан жұмыстардың нәтижесі. Экологиялық мәдениет өзінен-өзі пайда болмайды. Сондықтан экоқолдау жобасының тоқтап қалғаны, қалдық жинаушылардың төлемі екі жыл бойы төленбей қалуының осыған бәрі кері әсерін тигізді деуге болады. 2020-2021 жылдары экоқолдау жобасын іске қосқан кезде қалдық жинаушылардың өзі қалдықтарды сұрыптайық деп агитация жасап, халықты барынша ынталандыруға тырысты.

Қазіргі таңда елде 20 млн тонна тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарда жиналған. Оған жыл сайын түзілетін 5 млн тонна қалдықтар қосылып жатыр. Ресми ақпарат бойынша ол полигондардың 80 пайызға жуығы санитариялық талаптарға сай емес, ал де-факто Астана полигоны ғана осындай талаптарға сәйкес келді. Мұнда үлкен бір қауіп-қатер бар. Жерасты суларының ластану қауіп-қатері. Кешкі уақытта полигондарда қалдықтарды жағу мәселесі де бар. Сондықтан осыны шешу мақсатында қалдықтарды жағу технологиясын енгізу көзделген, онсыз болмайды. Себебі тамақпен ластанған, майдан, сүттен шыққан қаптама өңдеуге жатпайды. Оны жағуға тура келеді. Осындай технологияларды енгізу арқылы да біздегі өңдеу деңгейін, утилизация деңгейін арттыру керек. Шешімдері әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ оны заңнамалық, әкімшілік, қаржылық тұрғыдан ұйымдастырып, дұрыс жүзеге асыру керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу