Еліміздің 3,8 миллион тұрғынында 6,8 миллион жылжымайтын мүлік бар

1189

Сенатта салық саясатындағы өзгерістерге арналған дөңгелек үстел өтті. 

Еліміздің 3,8 миллион тұрғынында 6,8 миллион жылжымайтын мүлік бар

Ондағы әңгіменің беталысына қарағанда, қымбат мүлкі бар азаматтардан сол мүліктері үшін алынатын салық сомасы ұлғаятын сыңайлы. Жөн-ақ, Қазақстанда шіріген бай көбейгелі қашан. Ал төлеп отырған салықтары тиын-тебеннен аспайды. Жүздеген миллион теңгелік мүлікке бірнеше мың теңге ғана салық алынып келеді.

Бірер ай бұрын елімізде "Сән-салтанат салығы" деген түсінік енгізілген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айындағы Жолдауында салық реформасы аясында "сән-салтанатқа салық салуды" енгізу керектігін айтқан. Осыған орай, 2024 жылдан бастап елімізде сән-салтанат салығы туралы норма күшіне енуге тиіс. Сән-салтанат салығын енгізуге қатысты заң жобасы биылғы жылдың соңына дейін талқылауға ұсынылған. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі күшіне енеді делінген.

Жалғыз адамның атына тіркелген жылжымайтын мүлік саны көп болса, қосымша салық енгізу мәселесі де талқыланып жатыр. Негізінен, сән-салтанат салығы салықты қомақты етіп төлеуге шамасы жететін ауқатты адамдарға қатысты болса керек. Заң жобасы 2023 жылдың күзінде Парламент қарауына енгізіледі. Сән-салтанат салығы жеке яхта, жеке ұшақ, зәулім хан сарайындай  қымбат үй-жайы, қымбат көлігі  барларды бірінші кезекте қамтиды.

Сән-салтанат салығы жаңа негізгі үш бағыт бойынша қарастырылатын көрінеді. Біріншісі – жылжымайтын мүлік. Еліміздің 3,8 миллион тұрғынында 6,8 миллион жылжымайтын мүлік бар екен. Екіншісі – сән салтанат санатына жатқызылатын қымбат мүліктер. Яхта, ұшақ, қымбат көлік, зәулім вилла, тағы басқа дегендей. Қазақстан азаматтарының меншігінде деп саналатын 500-ге жуық астам яхта бар екені келтірілді. Үшінші бағыт арақ-шарап өнімдерімен байланысты.

Қымбат мүлік дегенде бірінші кезекте ойға келетіні – жекеменшік ұшақтар мен яхталар. Себебі көліктің мұндай түрлері аса қымбат тұратыны түсінікті. Сенаттағы дөңгелек үстелде Ұлттық экономика министрінің орынбасары Азамат Әмрин жеке яхтасы мен ұшағы бар қалталы азаматтарға көлік салығын арттыруды керектігін айтты. Өйткені ондай бай адамдардың қымбат мүлікке төлеп жүрген салығы тым мардымсыз. Бір яхта немесе бір ұшақ үшін небары 13 мың теңгенің шамасында салық төлемі алынады. "Ахуалды түзеу керек. Яғни, яхталар мен ұшақтардың көлік салығын ұлғайтамыз", – дейді Азамат Әмрин. Кішігірім ұшақ пен кішігірім яхтаның өзі ондаған миллион доллар, үлкеніректері жүздеген миллион доллар тұратындықтан, мемлекетке түсетін салық та аз болмауға тиіс.

Сондай-ақ, меншігінде бірнеше пәтері бар адамдардың мүлік салығын есептеу тәсілі өзгеруі мүмкін екені де айтылды. Бүгінде бір басында 10-20 пәтері бар адамдар әр қалада бар. Сонша пәтердің бағасын қоса есептегенде шығатын үлкен сомаға ставкасы жоғары үлкенірек салық енгізілетін болса керек. Бізде пайдалы қазба байлығын өндіретін кәсіпорындардың төлейтін салықтары да көбейейін деп тұр.

Салықтың тиын-тебен болмай, көзге көрінерліктей ақша болғаны мемлекет үшін жақсы, әрине. Қазына қомпиып тұрса, кенжелеп жатқан салалардың еңсесін көтеруге, технологияларды сатып алуға, өнеркәсіпті дамытып, жұмыс орындарын көбірек ашуға, ең бастысы, елдің қорғанысын мықтылауға септігі тиетіні  сөзсіз. Мұнда тек қолда бар қаражатты пайдалы іске бағыттап, істің көзін табу ғана керек. Әлемнің көптеген еліндегі жағдайды қарасақ, салықтары жоғары, тәртібі мықты, ал мемлекеттері бай, билігінің сөзі де өтімді, қолы да ұзын. Бізді сақтап тұрған шикізат экспорты мен ұлттық компаниялардың салығы болса керек. Ал бұған қоса құмырсқадай қаптаған бай адамдардан көзге көрінерліктей салық өніп жатса бұл да жыртыққа жамау болмай ма?

Бізде елдің аумағынан асып, шет елдерден небір ғимараттар мен яхталарды ойып тұрып алып жатқан байлар көп. Мысалы, Дубайда 1,5 мыңнан аса қазақстандықтың жылжымайтын мүлкі бар деген есеп келтірілген. Осыншама адам Дубайдағы мүлкіне 146 млрд доллар салыпты.  

Жалпы, ел байлығының тең жартысынан астамы 162 адамның қолында екені айтылғаны есімізде. Байлықтан басы айналып, мейманасы тасыған сол  адамдардан халыққа қайыр болса игі. Бұдан қарапайым азаматтарға келіп-кетер ештеңе жоқ болса керек.

Ебін тауып, зәулім сарай салып, байлығын еселеп арттырып отырған қазақстандықтар отандастарының алдында әлеуметтік жауапкершілік жүктеуі тиіс, сонымен қатар елдің дамуына да үлес қосуға міндетті. Аса байларға салық салу осы тұрғыдан негізделеді. Бұл шешімнің негізгі мақсаты – асқан байлар мен кедейлердің арасындағы әлеуметтік теңсіздікті жою. Осындай салық салу арқылы елде әділет орнату. Мысалы, біреулердің жеке ұшағы мен яхтасы, 300 шаршы метр пәтері мен 500 шаршы метр жеке үйі бар. Немесе біреулер "Aston Martin", "Bentley", "Ferrari", "Lamborghini", "Maserati" маркалы люкс автокөлік мініп жүр. Олар "сән-салтанат" салығын төлеп отырғаннан кедейленіп қалмасы бесенеден белгілі. Сондықтан байлардың көбейе бергені жақсы.     

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу