Өз кезегінде тұрғындар тарапынан министрге сұрақтар да қойылды. Ақтөбеліктерді сот актілерінің орындалу, жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеу, мұрагерлік ісінің жүргізілу тәртіптері қызықтырады.
Тегін заң кеңесі тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға, тұрмыстық зорлық-зомбылық пен азаптауды бастан кешкендерге, бірінші және екінші топ мүгедектеріне және зейнеткерлерге беріледі екен. Ал жылжымайтын мүлікке құқықты тіркеудің жеделдетілген электрондық әдісі енгізілген. Ол үшін қағаз қолтықтап шапқылаудың қажеті жоқ. Кездесуде заңға қатысты көптеген мәселелер түсіндірілді. Соның ішінде біз алименттің жағдайына байланысты әңгімеге арнайы тоқталмақпыз.
Елде алимент төлеуге шамасы келмейтін немесе төлеуден жалтарып жүрген ерлер өте көп. Әділет министрінің айтуына қарағанда, елдің аумағы бойынша отбасынан бөлінген ерлердің алименттен қарызы осы күні 14 миллиард теңгеге жеткен. Ал алиментті төлемей жүрген 16 мың ерге Қазақстанның аумағынан шығуға рұқсат жоқ. Олар әуежайдан немесе шекарадан кері қайтарылады. Шекарада немесе әуежайда орнатылған терминалға алименттен берешегін түгел өтесе, қарызы жарты сағатта жабылады екен. Содан кейін шекарадан шығуға рұқсат.
Бөлінген отбасылар ортақ балаларды материалдық жағынан қамту мәселесін өзара мәмілемен шешуі қиын. Оны сот арқылы ғана шешеді. Тіркелген белгілі алиментшілердің саны 80 мыңнан асып кеткен. Сот орындаушылардың өндірісінде 305 мың атқару құжаты бар. Алименттен берешектердің көбісі Астана мен Алматы қалаларында екен.
Алиментшілердің арасында әккілері де бар. Өз балаларына ақшаны аз төлеу үшін кірісін жасыратындар да кездеседі. Түрлі айла-тәсілдермен заңды айналып өтетін алиментшілер көп. Олар мүлкін немесе бизнесін өзге адамның атына тіркеп, өздері жалақысы төмен жұмысқа рәсімделіп алады.
Жалпы, сот орындаушылар мүмкіндігінше алиментпен байланысты сот шешімімен айналысудан қашқақтайды. Себебі әурешілігі көп екені өз алдына, еңбек құнын мемлекет төлейтін болғандықтан ол азғантай ғана сома болады. Одан гөрі сот орындаушы бір заңды тұлғадан екінші заңды тұлғаға қаржы өндіру туралы сот актісін қолға алса еңбегіне көп ақы алады. Ол жерде миллиондар немесе миллиардтар өндіріледі. Осыны білетін алиментшілердің ішінде төлеуді созбалаңға салып, ұстатпай қашып жүретіндері де аз емес.
Дегенмен заңның құрығы ұзын. Тіпті жұмыссыз жүрген алиментшіні де төлеуге міндеттейді. Алиментті үш ай төлемеген адамның үстінен қылмыстық іс қозғауға рұқсат бар. Ондайларды ұстап қоғамдық жұмысқа салады немесе екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырады. 2022 жылы жүзден астам алиментші қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
Сот орындаушылар алиментшінің табысы мен шығынын тексеретін жағдайлар болады. Себебі оның жүріс-тұрысы мен шығыны кірісі жайлы көрсеткен анықтамаға сәйкес келмейді деп күдіктенсе, дереу тексере бастайды. Айына 400-500 мың теңге табыс тауып, ал анықтамада айлығын 70 мың теңге деп көрсететіндер аз емес. Олар алиментті аз төлеу үшін табысын жасырады. Мұндайда алиментші күніне 10-20 мың теңгеге шалқып өмір сүруі мүмкін. Үйді жалға алып тұрады, ай сайын несие өтейді. Ал алиментке ең төменгі жалақыдан арзымайтын тиын-тебен төлейді. Осындайға күдік тудырған алиментшіні тексеріп, жиналған ақпараттар ішкі істер органдарына жіберіледі. Содан кейін негіз жеткілікті деп табылса үстінен қылмыстық іс қозғалады.
Тіпті ерлі-зайыпты ажыраспаған күнде де екеуінің біреуі тапқан табысынан балаларды материалдық жағынан қамтамасыз етуге ештеңе бермейтін жағдай да өмірде кездеседі. Сонда әйелі күйеуінің үстінен немесе күйеуі әйелінің үстінен алимент төлеу жайлы арыз беруге құқығы бар екен. Бұл жағдай заңда қарастырылған. Бірақ мұндай жағдай заң тәжірибесінде сирек кездеседі.
Ал жақында Солтүстік Қазақстан облыстық соты алиментті берешек ер азаматтан емес, оның зейнеткер әкесінен өндіру туралы шешім шығарды. Ұлы алиментті төлемей жүрген, ал қарызы 3,7 миллион теңгеге шыққан. Ұлының беретін түгі болмағасын сот оның әкесін немерелері үшін ай сайын 30 мың 630 теңге төлеуге міндеттеген. Заңда осындай норма да бар екен. Ол үшін қарияның зейнетақысы мен табысы жеткілікті болуы шарт.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін