"Еуропада жоғары білім Қазақстаннан арзан"

12560

Студент жоғары білім үшін ақша төлемеуге тиіс.

"Еуропада жоғары білім Қазақстаннан арзан"

KAZGUU университетінің Басқарма төрағасы Талғат Нәрікбаевтің пікірінше, жоғары білім бизнеске айналмауы керек.

Талғат Нәрікбаев Қазақстан студенттері Альянсы мүшелері мен жүзден астам жоғары оқу орнының белсенді жастары қатысқан онлайн кездесуде сөз сөйледі. Оның сөзінше Еуропа елдерінде студенттер оқу ақысы үшін көп қаражат жұмсамайды, алайда оқытушы-профессорлардың айлық жалақысы айтарлықтай жоғары.

"Меніңше, студент жоғары білім үшін ақша төлемеуге тиіс. Осы уақытқа дейін Еуропада жоғары білім ақысы арзан болғанына таңғалатын едік. Мысалы испаниялық студенттер жылына бір мың евро төлейді. Қазақстандық кейбір жоғары оқу орнында оқу ақысы одан әлдеқайда қымбат. Испаниялық ректордан  оқытушыларының жалақысын сұрағанымда, айына 4-5 мың евро айлық алатынын айтты. Өйткені мемлекет оқу орындарын тікелей қаржыландырып, айлықты да өзі төлейді. Сондықтан олар қосымша шығындарын өтеу үшін ғана студенттерден жылына 1 мың евро алады", –  деп түсіндірді отандық университет басшысы.

Талғат Нәрікбаевтің сөзінше, қазақстандық жоғары оқу орындары студентке клиент ретінде қарайды.

"Шын мәнісінде, университеттің клиенті студент емес – жұмыс  беруші. Өйткені нарықта жұмыс берушіге сапалы білім алып шыққан, бәсекеге қабілетті мамандар қажет. Менің ойымша, жоғары білім бизнеске айналмауы керек. Студент жоғары білім үшін ақша төлемеуі тиіс. Университет негізінен халқына, еліне қызмет етуі шарт. Университет – коммерциялық емес, әлеумет алдындағы жауапкершілігі бар ұйым. Студенттердің білімі мен тәжірибесін олардың ақшалары есебінен дамыту мүмкін емес. Себебі сапалы білім беруді ұйымдастыруда аз қаражат жұмсалмайды", – деді университет басшысы.

Ол жоғары оқу орны оқытушыларының жалақысы мемлекет есебінен төленуге тиіс екенін алға тартты. Ал университет өзін-өзі қаржыландырудың басқа көздерін іздеуі керек.

"Білім сапасын арттырғымыз келсе Испания, Германия немесе Нидерланд еліндегідей оқытушылардың жалақысын мемлекет тікелей  қаржыландыруы керек, ал университет қаржыландырудың басқа көздерін қарастыруға тиіс. Мысалы, КАЗГЮУ ақылы курстар мен біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұсынады, ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ  Эндаумент қоры бар. Қор арқылы түлектеріміз бен меценаттар студенттерді оқытуға және университеттің материалдық-техникалық базасын жақсартуға көмектеседі", – дейді Басқарма төрағасы.

Айта кетсек, Білім және ғылым министрлігінің жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті директоры Әділет Тойбаевтің мәліметінше, биыл ұлттық университеттерде профессор жалақысы 29%-ға өсіп, 270 мың теңгеге жеткен. Бұл бүгінгі бағаммен 525 еуро шамасында.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу