Халық қашанда сайлаудың әділ өткенін қалайды

1658

Халық осы сайлаудың ізімен қоғамда жақсы өзгерістер болар деп күтеді.

Халық қашанда сайлаудың әділ өткенін қалайды

Түбегейлі үлкен өзгерістер болып кетпесе де, көптеген түйткілді мәселелер оңтайландырылып жатса, бұл да бір жаңа қадам деп қарағандар аз емес. Ең бастысы, бір мандатты тәуелсіз үміткерлердің сайлауға түскені болды. 

Облыстардың, Алматы, Шымкент және Астана қалаларының мәслихаттары 50/50 қатынасы бойынша құрылды. Ал аудандық мәслихаттардың құрамы тек бір мандатты депутаттардан құралды. Аралас сайлау жүйесі енгізілді. Парламент Мәжілісіне депутаттардың 70 пайызы партиялық тізім, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша сайланды. Парламенттің жаңа құрамын қалыптастыруға әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота енгізілді. Парламенттегі орындарға 7 саяси партия таласты. Олардың екеуі жаңа партия.

Сайлауда 6 миллион 521 мың 860 адам дауыс берді. Ал дауыс беруші барлық азаматтардың саны 12 миллион 35 мың 578 адам екен. Сонда сайлауға адамдардың 54,19 пайызы келіп дауыс берген. Сайлушылар ең көп барған аймақ Қызылорда облысы. Мұнда сайлаушылардың 67,21 пайызы бюллетень алған. Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстары да қалыспаған, 65 пайызды төңіректейді. Өзге облыстардың қатысуы 50 мен 64 пайыз аралығында. Астаналықтар 42,91 пайызбен, Шымкент тұрғындары 45,46 пайызбен шектелген. Ал сайлаушылар ең аз қатысқан Алматы қаласы.  Мұнда адамдардың бар-жоғы 25,82 пайызы учаскелерге барған.

Одан бөлек шетелдегі сайлаушылардың жалпы саны 12 016 адам. Олар үшін  әлем бойынша 77 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған.

Қазақстанда 19 наурызда болған сайлау бірсыдырғы өтті деуге келмес. Түрлі оқыс жағдайлар болып жатты. Сайлау барысын жіті назарда ұстаған бақылаушылар теріс әрекеттерге табанда араласып, қоғамға жариялап отырды. Мысалы бір адамның бірнеше учаскеге барып, жәшікке бюллетень салып жүргенінің екі фотофактісі жарияланды. Бірі әйел кісі, екіншісі ер адам. Ал бір жігіт сайлау учаскесіне өзі мәйкішең, аяғына үй тәпішкесін киіп, арқасына диван-кресло арқалап кіргенінің бейнежазбасы тарады. Диван-батыр деген сияқты, әзілі болар. Білетіндер оны цирктің актері деп жатыр.

Ал енді екі әйел бір жәшікке десте-десте бюллетеньді қатарынан бірнеше реттен тоғытқанының жазбасы тарады. Нақты қай жерде екенін айту қиын. Пікірлерде Алматы облысы болар деп жазыпты. Шымкентте түс аумай жатып комиссия мүшесі бір мандатты үміткерлердің алған дауыс санын қорытындылап, қайсысы қанша дауыспен шыққанын фамилияларымен айтып жиналыста есеп беріп жатқанының жазбасы да тарады.

Әлі сайлау басталмай жатып, наурыздың 18-інен 19-ына қарған түні Шымкентте Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткерлердің кейбірінің телефонына бір мандатты сайлау округі бойынша дауыс беру нәтижелері турлы сайлау комиссиясының хаттамасы барған. Онда қатысқан сайлаушылардың саны, неше бюллетень алынғаны, неше бюллетень жарамсыз болғаны және үміткерлердің қайсысы қанша дауысқа ие болғаны көрсетілген. Бұл жағдай бойынша Парламент Мәжілісіне үміткер екі азамат президент атына мәлімдеме жасады. Соңынан Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы да мәлімдеме жасап, тараған хаттамалардың шындыққа жанаспайтынын, арандату екенін алға тартты.

Бақылаушылардың әлеуметтік желідегі постарынан кейін, Алматы облысының Қарасай ауданындағы 455-ші сайлау учаскесіндегі комиссия хатшысы мен мүшесі міндеттерінен шеттетілді.

Солтүстік Қазақстан облысында бір әйел жәшікке 8 топтама, Жетісу облысында да бір әйелдің 7 топтама бюллетень салғаны бейнежазбаға түскен. Алматы облысының Наурызбай ауданында  бюллетень санағына бақылаушыларды жақындатпай, жұмысына кедергі келтіргені де бейнежазбада тарады.  Маңғыстауда бақылаушылар сайлау учаскесіндегі шкафтардан "Аманат" партиясы үшін алдын-ала белгі қойылған пәшкі-пәшкі  бюллетеньдерді шығарып әшкере етіп жатты. Алматы қаласындағы 3-ші сайлау округінде дауыс беретін адам жоқ, комиссия мүшелері бастарын үстелге төсеп ұйықтап жатқанының суреті тарады.

Осы сияқты келеңсіз жайттар болып жатты. Әр өңірде жабық сайлау учаскелері де бар екен. Жабық болғандықтан, ол жерде бақылаушылар болмаса керек. Мысалы, Шымкентте 22 жабық сайлау учаскесі құрылыпты. Олар әскери бөлімдерде, тергеу изоляторларында және ауруханаларда.

Халық қашанда сайлаудың әділ өткенін қалайды. Тәуелсіз үміткерлердің жолы бөгелмей, кедергі келтірілмесе екен, ішіндегі лайықтылар депутаттықа аяқ басса екен дейді. Шыны керек, жаңаша сайлау болғаннан кейін жаңаша адамдардың келгені жөн. Ертеңгі күні тура заңдарды алып келетін тура адамдар көбейіп жатса құба-құп болмақ.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу