Қаңтар оқиғасы мен Украинадағы соғыстан соң қазақтар шетелден үй алуды көбейтті

1759

Қазақстандықтардың арасында Түркиядан үй-жай сатып алушылар соңғы жылдары көбейіп келеді. Былтыр да осы үрдіс жалғасып, тіпті қазақтардың Түркиядан үй сатып алуы күрт артты. 

Қаңтар оқиғасы мен Украинадағы соғыстан соң қазақтар шетелден үй алуды көбейтті

Сарапшылар мұны екі түрлі себеппен байланыстырады. Бірі – қанды қаңтар, болса, екіншісі – Украинадағы соғыс. Осы жағдайларға қарай және тұрақтылықтың болуына күмәнмен қарағандар тыныштық іздеп Түркиядан үй сатып алып жатқан көрінеді.

Әрине, шет елден үй-жайды кез-келген қазақ ала алмайды. Қазақстанда да үйі бар және қалтасы қалың орта таптың адамдары Түркиядан жылжымайтын мүлікті қосымша актив ретінде алады. Бұл, бір жағынан, ақшасының орнын сақтаса, екінші жағынан, қажеттік туындай қалса барып паналайтын сырттағы дайын қоныс.

Түркиядан үй алған қазақтардың ішінде ол жақта айлап тұратындар да, әзірге жалға беріп қойғандар да көп деседі. Есеп бойынша 2022 жылы Қазақстан азаматтары Түркиядан 2 мың 700 жеке үй мен пәтер сатып алыпты. Ал бұрнағы жылы Қазақстан азаматтарының Түркиядан алған үйлері 2 мың 90 еді. Елімізден Түркияға барып пәтер сатып алудың өсімі бір жылда 29 пайызға артқан. Күллі шет ел адамдарының Түркиядан үй сатып алуының көрсеткіштік баспалдағында Қазақстан 2022 жылы алтыншы орыннан бесінші орынға көтерілген. Төртінші орынға шыққан кезі де болған. Жалпы, 2015 жылдан бері қазақстандықтардың Түркиядан сатып алған жылжымайтын мүліктің саны 11 мың 200-ден астам екен.

2022 жылғы көрсеткіш баспалдағындағы бірінші орынға Ресей шыққан. Ресейліктер бір жылда Түркиядан 16 мың 300 жеке үй мен пәтер сатып алған.  Екінші орында Иран. Бұл ел 2022 жылы 10 мың үй сатып алған. Үшінші орында 6 мың 200 үй алған Ирак. Төртінші орында Түркиядан 2 мың 703 үй алған Германия тұр. Бесінші орында қазақстандықтар. Немістер бізден үш-ақ үй артық сатып алыпты. Бүкіл Түркия бойынша 2022 жылы 1 миллион 400 мың үй-жай сатылған екен. Әлгі үй сатып алғандардың көрсеткіш баспалдағы деген статистикаға 200-ге жуық елдің аты енгізілген. Соған қарағанда шет елден үй алуда қазақтардың да осал болмағаны ғой. Бірақ жағдайы бар, қаражаты жеткілікті адамдар ғана болмаса, жай қазақтар үшін Түркия түгілі өзіміздің елімізден баспана алу өмірлік үлкен мәселе екені, рас.  

Ал енді Түркиядағы жағдайға оралсақ, ол жақта қазақтардың саны артып та жатыр. Бұрыннан тұратын қазақтарға енді қазіргі барып жатқан қазақтар қосылды. Соның нәтижесімен тек қана қазақ балалары оқитын мектептер, тек қазақ жігіттері ғана қызмет ететін әскери бөлімдер пайда бола бастады деп жатады. Түркияға қазақтардың көп барған кезі бұдан жүз жыл бұрын болған еді. Сол кезде байлардың дүние-мүлкін кәмпескелеуден, ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен қашқан қазақтардың үлкен бөлігі шетелге ауғаны белгілі. Қытайға, Ауғанстанға, Сауд Арабиясына, Иранға барып паналаған қазақтардың көбі 1930-1950 жылдар аралығында ол елдерден қозғалып, Түркияға көшіп барды. Ол кезде енді ғана аяққа тұрып келе жатқан Түркия көшіп барған қазақтарға жағдай жасады. Нәтижесінде қазақтар Ыстамбұл, Анкара, Измир өңірлерінде шоғырланып, үлкен диаспора құрды. Содан бері ұрпақ жалғасып жатыр, ондағы қазақтардың саны артты.

Ал Түркиядан үй алып жатқан қазіргі қазақтардыкі мүлде басқа жағдай. Олар байлығын да, тыныштығын да сақтау үшін жүрген  болар. Бір қызығы, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда Түркиядан қазақтар бізге көшіп келе бастаған. Кейін келулері сап тиылды. Ал қазір керісінше, қазақтар Түркияға ағылып жатыр.

Түркиядан үй алудың тағы бір оңтайлы себебі – бағаның дұрыстығы. Қазақстанда баспананың бағасы өте қымбат. Мұндағы бір ортанқол пәтер алатын ақшаға Түркиядан барлық жағдайы жасалған, инфрақұрылымында міні жоқ элиталы жеке үй алуға болады. Түркияда, сонымен қатар, күнделікті өмір сүрудің өзі де қымбат емес, қалта көтерерліктей.

Түркиядан үй алып жатқандардың әрекеті теріс те емес. Олар жиған байлығына Түркияда өмір сүріп, өмірден рахат алады, денсаулықтарын түзейді. Кейбірі сол жақта кәсіп ашады. Орысша білетін маман іздейтін қонақүйлерге, сауда орындарына жұмысқа тұрады. Сондай-ақ Түркиядан үй алғандардың көпшілігі Қазақстандағы кәсібін сол жақта отырып қашықтан басқарсам дейді. Шыны керек, қазақтардың шет елде абыройы мен дәулеті асып жатса, бұл да ғанибет қой.

Қысқасы, Түркияда қазақ көбейіп жатыр.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу