Алғашқы карантин аяқтала салысымен адамдар жаппай сауда, ойын-сауық орталықтарына ағылып, бизнес нысандары санитарлық ережелерді қатаң сақтай қоймағанына көпшілік куә болды. Сол себепті "Атамекен" ҰКП әртүрлі қауымдастықтар мен мемлекетік органдардың және мыңдаған бизнес өкілінің басын қосып, қайта жанданатын қызмет түрлерінің алгоритмдерін әзірлеу жөнінде бірқатар пікірталас өткізді.
Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова қатысқан кездесулерде "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнестің көбірек жұмыс істеуі керек екеніне мемлекеттік органдарды сендіре алды.
ҰКП басқарма төрағасының бірінші орынбасары – басқарма мүшесі Эльдар Жұмағазиев кәсіпкерлерге санитарлық ережелер алгоритмін қалай түсіндіріп, орындату керек екенін айтты.
"Ол үшін InfoKazakhstan платформасын іске қосу туралы шешім қабылданды. Платформада әр кәсіпкер өз ісінің алгоритмімен танысып, міндеттерді орындайтынын растайды. Нәтижесінде кәсіпкердің жеке кабинетіне немесе электронды поштасына санитарлық нормаларға сәйкестігі туралы акті келеді. Тіркелуге және өтінімді жіберуге кететін уақыт 5 минуттан аспайды. Жеке кабинетте санитарлық дәрігерлердің жадынамалары және т.б. санитарлық талаптарға қатысты құжаттарды алуға болады. Яғни кәсіпкер анықтама жинап, кабинеттер табалдырығын тоздырмайды. Сауда орындары мен бизнес нысандары адамдар көп жиналатын жер болғандықтан, осындай алгоритмнің болуы әркімді де тәртіпке шақыратынын кәсіпкерлердің өздері де айтқан еді", – деп түсіндірді ол.
Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, порталда тіркелу туралы талап Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген. Егер осы талап орындамаса, санитарлық қызмет тиісті ұйғарым шығарады.
Дегенмен кәсіпкердің порталда тіркелуіне уақыт жеткілікті болады.
"Порталда тіркелмеген кәсіпкерлерге әкімшілік кодекстің айыппұл мөлшері жоғары 425-бабы бойынша жауапкершілікке тарту туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Алайда санитарлық дәрігерлер халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы заңды бұзғаны үшін әкімшілік іс қозғауға мүмкіндігі бар. Тиісті санитарлық талаптар Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 5 шілдедегі № ҚР ДСМ-78/2020 бұйрығында көрсетілген", – деді басқарма төрағасының бірінші орынбасары.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілі мониторинг топтарының тексерісі туралы да айта кетті. Бақылаушы топтарының құрамына санитарлық-эпидемиологиялық қызмет өкілдері, полиция және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері кіреді.
"Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің" 144-бабының 6-тармағы індеттің пайда болуы немесе таралу қаупі туындаған жағдайда ескертусіз тексеру жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл шағын кәсіпкерлікті тексеруге қойылған қазіргі мораторий жағдайына дөп келді. Халықтың өмірі мен денсаулығына зор қауіп төндіретін заң бұзушылықтың алдын алуға немесе жоюға бағытталған тексерулерге жол беріледі. Жалдамалы қызметкері немесе тұтынушысының құқық бұзғаны үшін кәсіпкерге жауапкершілік жүктелмейтінін атап өткім келеді. Біз осындай жауапкершіліктің ара жігін ажыратып алуға қол жеткіздік. Мәселен, қызметкер немесе сатып алушы маска режимін бұзғаны үшін кәсіпкер жауап бермейді", – деген Эльдар Жұмағазиев "Атамекен" әрқашан кәсіпкердің мүддесін қорғайтынын атап айтты.
ҰКП басқарма мүшесінің сөзінше, www.infokazakhstan.kz порталының іске қосылуы – кәсіпкерліктің өзін-өзі реттеуге жасаған қадамы. Ал өзін-өзі реттеу мемлекеттің қатысуы мен ықпалын барынша азайтады.
Жоғарыда айтылған бақылау топтарының мүшелері тарапынан заңсыз әрекет байқалса, барлық фактілерді өңірлік кәсіпкерлер палатасының құқықтық жұмыс жөніндегі директоры орынбасарына немесе "Атамекен" ҰКП байланыс орталығына 1432 нөмірі арқылы хабарлауға болады.
Нұржан Көшкін
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін