Kaspi жаңа биткоин ба?

Kaspi-дің капиталдандыру деңгейі 20 млрд доллардан асты. Таныстарым әрдайым компания акцияларын сатып алуға байланысты көзқарасымды сұрайды. Ендеше талдап көрейік. 

Kaspi жаңа биткоин ба?

Kaspi.kz Лондонда IPO өткізгені  бәрінің есінде болар. LSE  Лондон қор биржасы біздің АХҚО-ға ұқсайды, тек "сәл" ертерек құрылған. Халықаралық биржаның тарихы 1571 жылдан басталады, бүгінде әлемдік нарықтың жартысынан көбі оның тізімінде, ал мұндағы сауда-саттық көлемі бірнеше трлн доллардан асады. Яғни, бұл ұйым өте салиқалы, дегенмен Kaspi.kz сияқты емес, өйткені оның табыстылығы шамамен 3 млрд долларға ғана бағаланған.

S&P Global Ratings 29 маусымда белсенді клиенттер саны 10 млн-нан асқанын ескере отырып "Kaspi bank" АҚ рейтингін оң бағалады. Эмитенттің несиелік рейтингі басқа қазақстандық банктердің деңгейінде бағаланады. Жүйедегі электронды төлемдер көлемі жыл сайын артып келеді, ал интернет-дүкен Қазақстанда 1-орында: айына 160 мыңнан астам онлайн-тапсырыс, бұл елдегі екінші интернет-дүкен - Air Astana көрсеткіштерінен бірнеше есе жоғары.

Kaspi.kz эмитент ретінде дәстүрлі банк сияқты емес, басқа қызметтер мен қаржылық технологияларға негізделген компаниясы ретінде қарастырылады. Біз қаржы ұйымына лайықты баға беруіміз керек, өйткені банк қазақстандық онлайн-қызметтер саласына үлкен өзгеріс алып келді. Дегенмен қазір қызмет көрсету жағынан бәсекелестері оларды қуып жетті, әйтседе, компанияның тұрақты әрі белсенді қолданушылары бар. Себебі күнделікті басқа банктердің шоттарына немесе карталарына қарағанда, Kaspi-ден ақша аудару оңайырақ.

IPO 2020 жылдың қазанында өтті және бастапқы бағасы бір GDR (Дүниежүзілік депозитарлық қолхат) 33-34 доллар аралығында бағаланды. Сондықтан компанияның акциялары биржада ресми сатылымға шығарылған кезде 6,5 млрд долларға жетті. Википедия дерегіне сүйенсек, бұл 2020 жылы Еуропада деңгейін бойынша төртінші ірі IPO болды деп танылған.

Егер www.londonstockexchange.com  ресми сайтына кіріп, KSPI индикаторын терсеңіз, биржада күннен-күнге өсіп келе жатқан GDR бағасын байқайсыздар. Қазірдің өзінде ол 100 доллардан асты, яғни, бастапқы құнынан 3 есе артқан.

Осы уақыт аралығында біздің Ұлттық қорды 58,5 млрд доллардан 200 млрд долларға дейін 3 есе ұлғайға болар еді... 

Мамыр айындағы "Қазақстанның 50 ең бай кәсіпкері" рейтингінде Kaspi.kz акционерлері Вячеслав Ким және Михаил Ломтадзе сәйкесінше 4,2 және 3,9 млрд доллар капиталдарымен 2 және 3-орынға жайғасты.

Екі негізгі акционердің әрқайсысы холдингтің 25% және 23%-на иелік етеді, яғни бүгінде олардың табыстылығының өсуін ескерсек, үлестері шамамен 5 млрд долларға бағаланады. Әлбетте, бұл тамаша. Себебі кішігірім банк қаржылық технологиялар холдингіне дейін дамыды. 

Айтпақшы, Goldman Sachs компанияның 4% үлесін иеленген, бұл маңызды халықаралық құрылымдардың холдингке қызығушылығы барын көрсетеді. 

Алайда ...

Холдингтің бастапқы капиталдандыруы және қазіргі күйі жеке қаражатты инвестициялауды жақсы түсінетін менің көкейіме сан сауал ұялатты. 
Еркін айналымдағы акциялар (Free float) GDR-дің 15%-ын құрайды, яғни қазір LSE-де шамамен 3 млрд доллар айналымда. Орташа күндік сауда-саттық 1 млн доллар. Теориялық тұрғыдан капиталдандыру сәл ғана өзгеруі мүмкін. Алайда баға өседі деген болжамды ысыра тұрып, холдингтің нақты қызметі туралы ойланайықшы.
Күні кеше ғана капиталдандыру 20 млрд доллардан асты. Осы жаңалықтан соң көпшіліктен "аталған компания акцияларына инвестиция салдыңыз ба" деген сан сауал түсті. 

Менің "жоқ" деген жауабыма, олар таңырқай қарайды. Өсу бар, бұл даусыз. Бірақ оның себебін біз әлі  білмейміз. Ал сіз Kaspi-дің қанша табыс табатынын білесіз бе?

Ендеше сандар сөйлесін

Kaspi bank – көлемі бойынша шамамен 3 трлн теңгені құрайтын және 2020 жылдың аяғында жылдық таза пайдасы 274 млрд теңге болған Қазақстандағы үшінші ірі банк. Қаржы ұйымының табысы шамамен 630 млн АҚШ долларын құрайды. Әлбетте бірде-бір компания таза пайданың 100%-ын акционерлерге бөліп бермейді, өйткені компанияны дамытуға қаржы қалдыру керек.

Айта кететіні, банктің NPL 90+ (90 күннен астам мерзімі өткен қарыздар) жақсы деңгейде - шамамен 6%, яғни берілген 100 млрд несиенің тек 6 млрд-ы қатарылмайды. Kaspi-дің қазіргі пайыздық мөлшерлемесі, әрине, осы шығындарды жабады.

2021 жылдың аяғында холдинг 1 млрд доллар таза пайда әкеледі және 100% -ын үлестіреді деп есептеп көрейікші. Яғни, сіз капиталдандыруы 20 млрд долларды құрайтын активті "сатып аласыз", ол таза 1 млрд доллар пайда әкеледі. Бұл актив 20 жылда ғана өзін ақтайтынын түсіну қиын емес.

Әрине, сенуге болатын басқа да индикаторлар жоқ емес, бірақ дивидендтердің қайтарымдылығы жағынан осындай мәселелер бар. Әрине, жылдам ақша іздейтіндер жоғары көрсеткіштер туралы ойланбаса да болады. 

Ендеше әрі қарай талдайық. Kaspi-дің меншікті капиталы жыл соңында 395 млрд теңгені құрады. Жарайды, оны 1 млрд доллар деп есептейік. Дәстүр бойынша, банктерді инвесторлар 1, ал ең көп дегенде 2 меншікті капитал деңгейінде бағалайды. Мұнда меншікті капитал шартты түрде алынған. Бұл акционерлер салған қаржы мен жұмыс істеген жылдары банкте қалған пайда.
Демек нарықта холдингті өзінің 20 меншікті капиталына бағалаған ба? Бұл "Қиял ғажайып бөлімі үшінші қабатта" деген әзілге ұқсас. 

Салыстыруға келмейтін көрсеткіштер

Кез-келген активті кем дегенде 3 тәсілмен бағалау қажет: тиімділігі, шығыны, салыстырмалылығы.

Мысалы, біз сізбен бірге көлік жуатын орталық сатып аламыз. Сатушыға ақылға қонымды баға ұсыну үшін оның айына қанша табыс әкелетінін түсінуіміз керек. Жоғарыда ең тиімді нұсқаны қарастырдық – өз-өзін ақтау мерзімі шамамен 20 жыл.
Біз сондай-ақ шығындарды да бағалауымыз керек. Яғни, жерді сатып алуға, дәл қазіргі және өсіп жатқан бағаларға автокөлік жуу орталығын салуға қанша қаражат кететінін есептеңіз. Банктің меншікті капиталы – шығынның орташа әдісі болып табылады, дегенмен оны инвесторлар активтерді есептеу үшін пайдаланады. Мұнда акционерлер өз қаржыларын және таза пайдасын 920 млн долларға инвестициялады, ал қазір актив 20 млрд долларға бағаланып отыр.

Сонымен, салыстырмалы әдісті қолданып көрейік. Автокөлік жуу орнына қайта оралсақ - сатып алудан бұрын біз нысанның қанша тұратынын түсіну үшін сол жерде орналасқан барлық көлік жуу орындарын бағалайтын едік.

LSE тізімінде танымал тағы 2 компания: Халық банк және ҚазАтомӨнеркәсіп бар. Екіншісі IPO-ға жақында шықты (2019 жылдың басында), 14,92% акциялары ұсынылды, оларды инвесторлар 451 млн долларға бағалады, яғни IPO кезінде уран өндіруде әлемдік көшбасшының капиталдандыруы 3 млрд долларды құрады. Лондондағы және АХҚО алаңындағы барлық GDR –дың жартысын қазақстандық инвесторлар сатып алды.

Естеріңізге сала кетсем, ҚазАтомӨнеркәсіп – Қазақстан Республикасының уран, сирек металдар, атом электр стансалары үшін ядролық отын экспорты мен импорты бойынша ұлттық операторы. Қазақстан табиғи уран өндіруден әлемде көшбасшы болып табылады, ал ҚазАтомӨнеркәсіп әлемдегі барлық уранның 23%-ын өндіреді.

Айтпақшы, осы жылдың сәуір айында өндіріс бойынша директордың міндетін атқарушы Әлия Ақжолова менің "Байділдинов. Мұнай" атты бағдарламама шақыртуымды қабылдады. Онда қаржылық көрсеткіштер талқыланды. 2020 жылдың аяғында ҚазАтомӨнеркәсіп 221 млрд теңге таза пайда тапты, бұл шамамен 520 млн долларды құрайды.

Қазіргі уақытта GDR-лар (Дүниежүзілік депозитарлық қолхат) 14 доллардан саудалануда. Яғни бастапқы орналастыру бағасына қатысты өсім шамамен 25%-ды құрады, бұл инвесторлардың пікірінше, мұндай консервативті индустрия үшін жақсы көрсеткіш.

Сонымен бірге, ҚазАтомӨнеркәсіптің таза пайдасы Kaspi.kz-тен онша көп емес, бірақ нарықтық капиталдандыру деңгейі 6 есе аз. 

Енді Халық банкке назар аударайық. Қазіргі кезде GDR 11,4 доллар, нарықтық бағасы 4,5 млрд долларды құрайды.
Сонымен бірге, банктің меншікті капиталы 1,49 трлн теңгені (3,4 млрд доллар), активтері 10,4 трлн теңгені, ал 2020 жылғы таза пайда шамамен 353 млрд теңге.
Халық-тың меншікті капиталы Kaspi-ге қарағанда 3,7 есе, активтері 3,5 есе көп. Қаржы институты көбірек таза пайда әкеледі. Дегенмен компания неғұрлым консервативті несие саясатын ұстанады. Соған қарамастан нарықта Kaspi-ді 4 есе жоғары бағаланады. Неге?!

Мен мұны түсінбеймін және оны мойындаймын, ол үшін еш ұялмаймын. Мүмкін біз Kaspi туралы толық ақпарат білмейміз? Мәселен, холдинг жоспарларынан бейхабар болармыз?

Айтпақшы, Халық пен ҚазАтомӨнеркәсіп компанияларынан дивидендтер төлеген жағдайда инвестициялардың қайтарымдылығы шамамен бірдей - 5-7 жыл, бұл жалпы әлемдік нарықтағы орташа көрсеткіш.

Бір кездері мен ұлттық компаниямыз ҚазМұнайГазды мұнай-газ саласындағы әртүрлі тәсілдермен бағаладым, содан кейін ел үшін оңтайлы 10 млрд доллар капиталдандыру көрсеткішін анықтаған едім. 

Сонда Kaspi.kz ҚМГ, Халық және ҚазАтомӨнеркәсіп үшеуін қосқандағыдай тұра ма?  Банктің қазіргі капиталдандыруы сенімді түрде нақты қаржылық көрсеткіштерден бөлек деп қорытынды жасай аламыз. Мысалы, Kaspi аударымдарын бақылау туралы шешім қабылдаған жағдайда, олар қалай құлдырап кететінін елестетіп көріңіз, өйткені көптеген кәсіпкерлер бұл құралды салықтан жалтару үшін пайдаланады. 
Kaspi-де маған ұнайтын тұсы – компания топ-менеджменті акцияларың 3%-ына иелік етеді. Бұл қазақстандық компанияларда қолданылуы керек жақсы халықаралық тәжірибе. Холдинг топ-менеджерлер бірнеше жыл бойы нарықта сату құқығынсыз бонус ретінде компания акцияларының аз пайызын алады. Осылайша басшылық қаржылық көрсеткіштердің және нарықтық капиталдардың өсуіне мүдделі.

P.S.: Kaspi-де IPO басталған кезде көпшілік холдингтің баға ұсыныстарын "тұтынушылық несие алып, биржадан компания акцияларын сатып алған қазақстандық такси жүргізушілері көтерді" деп әзілдеді. Бұл, әрине, ойға қонымсыз. Алайда біраз уақыттан кейін таксиде отырған кезде "мен бұрын инвестор болғанмын, акцияларға ақша салған соң компания құлдырады, сол үшін көлік жүргізіп жүрмін" дегенді естіп қалуыңыз мүмкін.
Кеңес: ешқашан несие алып, биржаға салмаңыз. 

 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу