"Kazak", "Qazaqі", "Казак", "Mamlakati Qazaq": ежелгі қазақ жеріндегі атаулар сыры

1918

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті заманауи зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болды.  

"Kazak", "Qazaqі", "Казак", "Mamlakati Qazaq": ежелгі қазақ жеріндегі атаулар сыры

Бұл кездесудің мәні аса маңызды болғандықтан, әңгіменің ауанын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік. Ғалым Президентке қазақ мемлекетінің орта ғасырларда жасалған карталарының әлемнің түпкір-түпкірінде көптеген нұсқасыының сақталуы туралы материалды таныстырған. 

Оның ішінде Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Президентке өзінің "Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVІ-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті" атты жаңа еңбегі туралы баяндады.

Зерттеуші-ғалым 1465 жылы Қазақ хандығы құрылған кезден бері мемлекет атауы Батыс елдерінің картографиялық баспаларынан шыққан атлас карталарында үнемі көрсетіліп келгенін айтады. Қазақ мемлекетінің аты Америка Құрама Штаттары, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Германия және басқа да мемлекеттерде басылған карталарда кездесіп отырады.

Ғалым қазақ мемлекеттігі мен оның карталарын 15 жыл зерттеп, кітап шығарған. Сыдықназаров Еуропа елдері мен Америка музейінде, Стэнфорд және Принстон университеттерінің картографиялық орталықтарында, АҚШ Конгрессінің кітапханасында, мұрағаттар мен жеке коллекцияларда деректерді іздеген. Үлкен еңбек Брюссельде қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде кітап болып шыққан.

XV-XIX ғасырлардағы қазақ тарихынан сыр шертетін сирек 130 картасы енгізілген кітап АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Франция, Германия, Венгрия, Польша, Түркия, Грузия, Армения, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Моңғолия, Әзірбайжан және Ресей, Беларусь, Қытай, Иран кітапханаларына жеткізілген.

Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігіне былтыр берген сұхбатында өзінің кітабы жайлы бірталай қызықты әңгіме айтқан.  

"Негізі, мұндай сипаттағы кітап Қазақстан түгілі, Орталық Азия, тіпті, Еуразия құрлығында бұрын-соңды шықпаған. Тарихымызда бірінші рет Қазақстан мемлекеттілігі анық көрсетілген, орта ғасырлардан бастап, дәлірек айтсақ, 1562 жылдан бастап, 1879 жылға дейінгі кезең қамтылған атлас шықты. Бұл он немесе елу карта емес, 130 карта. Жалпы, менің қорымда мұндай карталар саны – 200. Кітап көлемі онсыз да үлкен, 600 бетке таяды. Сондықтан оған 130 картаны енгізуді жөн көрдім", – дейді профессор. 

Ғалым Қазақстан территориясы анық белгіленген, "Kazak", "Qazaqі", "Казак", "Mamlakati Qazaq" сияқты автоэтноним, автополитоним мен автократонимі бар карталарды іздеп тапқан. 1562 жылы шығарылған алғашқы картада латын әліпбиінде "Cassakia" деген сөз анық жазылғаны келтірілген. Автор бұл картаның Польшада табылғанын айтқан.

Сұхбатында Сыдықназаров алғашқы көне карта әдепкіде бір үйдің шатырында елеусіз жатқанын айтады. 1970-ші жылдары сол үйдің баласы оны өзінің география және тарих пәнінің мұғаліміне алып барған екен. Мұғалім бұл картаны сабақта дидактикалық материал ретінде қолданған. Кейін мұғалім картаны сатпақ болған, бірақ ешкім сатып алмаған. Содан мұғалім Вроцлав Университетінің Ғылыми Кітапханасына барып, онда танымал картограф маман профессор Шикуламен кездесіп қалғаны айтылған. Маман картаның 1562 жылға тиесілі әрі әйгілі картограф Абраһам Ортелиустың қолтаңбасы бар көне де бағалы жәдігер екенін түсіндіріп, бірден сатып алады. Қазір бұл карта Вроцлав университетінің Ғылыми Кітапханасының қабырғасына ілінген.

Сыдықназаров карталарды зерттеумен және іздеумен АҚШ-та, Еуропаның бірнеше елінде айналысқан.

Орта ғасырларда басылып шығарылған карталарда шекара аумағы көрсетілген елдер жайлы сипаттама жазба болған екен. Дженкинсон мен Рейнольдс деген картографтар картада қазақтар туралы мәліметтерді бірнеше рет берген.

Картаның бірінде: "Үй жануарлары, түйесі көп ел. Ірі қара мал арпамен қоректенеді. Металлмен кәсіп етеді. 300 жыл бұрын олар осы порттарға оралды. Түмендер, Қазақтар, Ноғайлар Магометандық Түріктер болып табылады, көптеген әйелдерге үйленеді және жылқы етін жейтіндер, бие сүтін ішетіндер ұлтынан. Олардың дәндері мен жармалары мол, оларды егістіктерге себеді және бұл барған сайын танымал болып келеді. Олардың кез келген ұлысында мемлекетінде өз қазынасы мен ақшасы бар. Олар жын-шайтандарды қуады, бірақ жиі шамадан артық кетеді. Зұлым рухтарды жоятын адамдар алға ұмтылып, жауларын қашуға мәжбүр етеді. Жауларға келгенде жылдам шешім қабылдайды. Олар дауыл сияқты жүріп өтіп, жауларын жояды. Олар жасаған асыл тастар керемет шеберлікпен жасалған. Дәрілік өсімдіктермен, тамаша тамырлармен сауда жасайды", деп жазылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың еңбегіне жоғары баға беріп, еліміздің барлық өңірінде және халықаралық іс-шараларда арнайы көрмелер ұйымдастыру қажет екенін айтты.

Мінеки, бұл деректер қазақ мемлекеттігінің  ешқашан үзілмегенінен хабар береді.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу