Қазақстан Ресейден келетін энергия жүйесі ағынының 10-12 пайызына тәуелді

Өңірлердегі энергия жүйесі тозып тұр.   

Қазақстан Ресейден келетін энергия жүйесі ағынының 10-12 пайызына тәуелді

Осы тұста қалалар арасында республикалық ауқымда салынған магистральдық желілер жөнделіп, бұл жұмыстарға инвестиция тартылып жатқанын ескеру керек. Ал аймақтардағы желілер тарифтегі маңызды инвестициялық негіз бола бермейді. Әрине өткен демалыс күндеріндегі ауа-райының қолайсыздығы электр желісінің тұрақсыз күйде екенін көрсетті. Дүлей жел күрделі салдарларға әкеп соқтырып, оны реттеуге бір күндей уақыт жұмсалды. Қосшыда электр қуаты шамамен 1 күндей болған жоқ. Бұл жергілікті тұрғындарға үлкен қолайсыздық туғызды.

Егер электр қуаты болмаса, онда сорғылар да жұмыс істемейді, су, үйде жылу циркуляциясы болмайды. Тұрғындардың бәрінде бензин немесе дизель генераторы түріндегі резервтік көз бола бермейді. Орталық жылыту қазандығы бар аудандарда да жылу болмады, себебі жарық жоқ. Астанаға қыс әлі келмегенін ескерсек, қазірдің өзінде ақаулар бар екенін көріп отырмыз. Қақаған аяз болған күні көптеген ЖЭО немесе аймақтық энергия жүйелері бұл қыстан дұрыс өтпей қала ма деген қауіп бар.

Бізге таратылған генерация қажет. Көптеген жыл бойы солтүстік өңірлер, елдің солтүстік-шығысы, елорданың маңындағы елдімекендер көгілдір отынға көшуі тиіс екенін айтып келемін. Алайда бұл табиғи газ әлі жеткен жоқ, себебі оның тапшылығы байқалады. Бүгінгі таңда осы аймақтарды газдандыру үшін Ресейден газ жеткізу мәселесі пысықталып жатқаны бәріңізге белгілі. Десек те, әрине, бұл газға электр қуаты қажет болады. Елдімекеннің бәрі электр энергиясына деген артып келе жатқан қажеттілікті қамтамасыз ете алмайды. Жалпы алғанда қазір еліміз Ресей Федерациясынан келетін энергия жүйесі ағындарының 10-12 пайызына тәуелді. Яғни егер де бұл жеткізілім болмаса, бүкіл республика орта есеппен 2-2,5 сағат бойы жарықсыз отыратын еді. Оған өз қажеттіліктерімізді өтей алмауымыз себеп. Елімізде электр қуаты тапшылығы бар.

Жақында Қазақстанның 20 миллионшы азаматы дүниеге келді. Әрине бұл қуанышты жағдай. Десек те, біз артып келе жатқан халық санын, Президенттің 2029 жылға қарай ел экономикасын екі есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау үшін энергия тасымалдаушылардың барлық түрінен энергия көбірек қажет болатынын түсінуіміз қажет. Бүгінде бізде бұл бағытта тапшылық байқалып отыр.  

Ұзақ жылдар бойы жүргізіп келе жатқан тарифтерді ұстап тұру саясаты электр энергиясының тапшылығына, оның сапасының нашарлауына әкеліп отыр. Мемлекет бұл саланы нарықтық ортаға жіберуі тиіс. Әйтпеген жағдайда біз дәл осындай тапшылыққа тап боламыз. Жалпы алғанда, электр энергиясы тұрақсыз екенін түсіну қажет.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу