Қазақстанға дизель тапшылығы келді. Не істеу керек?

Тамыздағы болжамым дәл келді. 23 қыркүйекте ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінің алаңында дизель отынының тапшылығы бойынша брифинг өтіп, қысқаша талдау мен ұсыныстар айтылды.  

Қазақстанға дизель тапшылығы келді. Не істеу керек?

1. Плацкарт вагондарды жөндеу 

Дизель тапшылығы Павлодар мұнай-химия зауытын жөндеуге байланысты болып отыр, дегенмен бұл ең негізгі себеп емес, жай ғана алғышарт. 
 
Жалпы, мұнай өңдеу зауытын жөндеу – отандық мұнай өңдеу нарығының көптен бергі бас ауруы. Бізде тек 3 ірі зауыт бар, ал біреуінде ақау шығып, жөндеу басталса, басқа зауыттарға салмақ түседі. Жер қойнауын пайдаланушыларға әртүрлі жүктеу амалын ойлап табуға тура келеді. 

Естеріңізде болса, шілдеде ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс жөндеуге жабылуына кінәлілерді жазалауды тапсырған болатын. 
"Жанар-жағармаймен толық қамтамасыз ету үшін 2018 жылы үш МӨЗ-ді жаңарту аяқталды. 2 трлн. теңгеден астам қаражат жұмсалып, оң нәтиженің бірі ретінде жыл сайынғы жөндеу мерзімі 45-тен 20 күнге дейін қысқарады деп күтілді. Ал зауыттарды толық жөндеуге жауып тұру үш жылда бір рет жүзеге асырылатын болады. Бірақ жөндеу, өткізу және апаттық тексерулер саны мұнымен азайған жоқ. Жанар-жағармай тапшылығы мен оның бағасының күрт өсуіне байланысты Үкіметке "Самұрық-Қазынамен" бірлесіп Атырау МӨЗ-ін жоспардан тыс жөндеуге жабу жағдайына кінәлілерді жазалау жөнінде шаралар қабылдау тапсырылады. Мұнда, жұмсақтап айтсақ, тәртіпсіздік орнаған. Қазақстандық МӨЗ жұмысында қаражатты "жоғалтып" жіберудің көптеген "сұр" схемасы бар. Қаржы мониторингі агенттігі мен есеп комитеті қыркүйек айының бірінші онкүндігінде жұмысқа кірісіп, дереу есеп беруі керек", - деді Президент. 

Бірнеше күннен кейін "ҚазМұнайГаз" АҚ Басқармасының шешімімен "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС Бас директоры ауысты. Зауытты 2012-2013 жылдары басқарған Арман Қайырденов тағайындалды. 

Айта кетейін, "Байділдинов. Мұнай" деген менің авторлық бағдарламам 2016 жылдан бері Atameken Business-ке апта сайын шығады. Осы уақыт ішінде қанша шақырсам да МӨЗ саласынан ешкім бағдарламаға келген жоқ. Бұл сфера қоғамға, шынымен, жабық... 

Зауыттарға қатысты сұрақ көп-ақ. Мысалы, жөндеу жұмыстарын жүргізу аралықтарын қысқарту мүмкін болмады және жөндеу жұмыстарының сомасы жария етілмеді. Ондай мәліметті осы уақытқа дейін ашық түрде еш жерден кездестірмеппін. Атырау МӨЗ-де жақында электр энергиясының үзілуіне байланысты жоспардан тыс жөндеу жұмыстары жүргізілді, қателеспесем жөндеу сомасы 45 млрд. теңге болды. 

Сырт көзбен қарасақ, қазіргі жағдай Қазақстанның плацкарт вагондарына ұқсайды. Жаңартуға жұмсалған қомақты сомаға (бұрынғы айырбас бағамы бойынша $6,5 млрд. жуық) қарамастан әлі күнге дейін елді тасуға пайдаланылады. Айтпақшы, ол қаражатты мына сіз бен біз қайтарамыз. Қалай? Мұнай өңдеу зауыттары үшін Үкімет бекітетін мұнай өңдеу тарифі арқылы. 

Павлодар мұнай-химия зауытын жөндеу мерзімі мүмкіндігінше кейінге қалдырылып келгенімен, өндіріс қауіпсіздігі үшін қазанда жоспарлы жөндеуге жабуға тура келді. 

2. Алдымен үйді тазарту, содан кейін түскі асқа қонақтар шақыру 

Әдетте дизель тапшылығын егін жинау науқанымен байланыстырады. Бірақ, Павлодар МХЗ-ның жөндеуге жабылуы сияқты, бұл да негізгі себеп емес. 

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингіде АШТӨ (ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер) үшін жеңілдікпен берілетін дизель көлемі туралы мәселе қозғалды. 
 
АШТӨ үшін жеңілдетілген дизель отынын мемлекет те, "ҚазМұнайГаз" да жеткізбейді. Оны әлеуметтік жауапкершілігі ретінде ірі кәсіпорындар қамдайды. Яғни ауыл шаруашылығы саласын қолдау үшін сөрелеріміздегі жемістер мен көкөністердің құнын субсидиялай отырып, жылына 800 мың тоннадан астам қаражат бөледі. 

Ауыл шаруашылығы өнімінің бір бөлігін (оның ішінде астықты) қазақстандық фермерлер экспортқа шығарады. Егер Үкімет менен осы мәселе бойынша кеңес сұраса, мен "ауылшаруашылық өнімдерін экспорттау кезінде субсидияларды қайтару механизмін ойластырайық" дер едім. 

Сонымен, күзгі егін жинау науқаны дизель тапшылығына себеп емес және фермерлерге тапшылық әсер еткен жоқ. Әйтпесе, барлық БАҚ қазір дүр сілкінер еді ғой. 

3. Баға теңгерімсіздігі 

Мен бұрынғы жазбаларымның бірінде "біз әлемдегі ең әдемі елде тұрамыз және басқа елдер бізге қызғана қарайды" деген "әйгілі" сөз тіркесін келтірдім, оны телеарналарда да бірнеше рет қайталадым. 

Тағы да қайталаймын: көрші елдердің бәрі бізді қызғанады. GlobalPetrolPrices.com порталының деректеріне назар аударайық, 20 қыркүйектегі жағдай бойынша жанармай, электр энергиясы және т. б. арзандығымен әлемнің топ-10, топ-15 елдерінің қатарынан орын алыппыз.

Бұл портал апта сайын әлемнің барлық елдеріндегі әртүрлі энергия тасымалдаушыларының бағаларын жариялайды. ТМД елдерімен салыстырғанда, ең төмен баға бізде. 

Бізге географиялық тұрғыда және мәртебесі бойынша (мұнай өндіретін елдер) Әзірбайжан жақын. Онда да бағаның өсуі байқалады. 

Ал одан басқа елдерде баға тіпті шарықтап кеткен. 

Қырғызстанда бүгінгі күні дизель бағасы литріне 270-280 теңгеден сатылуда, Ресейде федерацияның жекелеген субъектілерінде бағалар 300 теңгеден асты. Өзбекстанда бұл 360 теңгеден асады, ал шығыстағы үлкен көршімізде литріне $1. Тіпті "сүйікті" Араб Әмірліктерінде баға, шамамен, 280 теңге. 

4. Шақырылмаған қонақ

Алдыңғы материалдарда мен 2020 жыл бойынша цифрларды келтірдім. "Қазақстанның кейбір шекара маңындағы өңірлерінде ірі қалаларға қарағанда жанар-жағармай сатылымы шектен тыс жоғары!" деп жаздым.

Бізде баға көрші елдермен бірдей болмағандықтан, транзиттік жүк көліктері өз елдерінен емес, біздің елден көбірек жанармай құятын болды. 

Мысалы, жүк Камазына 600 литр сыяды, ал man, Iveco, Volvo және т.б. танымал шетелдік модельдерге 1000 литрден жоғары жанармай сыйуы мүмкін.
 
Бірақ шетелдіктер үлкен жүк көлігіне (қазақстандық бағаларды ескере отырып) қосымша бактар қойып алады. Сонда сыйымдылығы 3 мың литрге дейін көтеріледі, бұл бізге зиянды! 

Басқаша айтқанда, біздің нарық дайын шелекке айналды. Шетелдіктер бактарын толтырып алып жүре береді. 

Енді сұрақ: біз неге өзіміз тапшы болып отырған кезде жанар-жағармайды шетелдік автокөліктерге өз бағамызбен сатуымыз керек? Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Армения, Моңғолия және т.б. елдерде тіркелген көптеген шетелдік автокөлікті де осы қатарға қосу керек. Олар біздің бюджетке көлік салығын төлемейді, бірақ біздің жанармайды қуана-қуана тұтынады. Бұл дұрыс па?

Осы жерде бір тұжырып айтсақ, біз Өзбекстан мен Қырғызстанға өнімдерін Ресейге тасымалдау үшін субсидия беріп отырған секілдіміз. 

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Ұлы Жібек жолын жаңғырту және Қазақстан арқылы транзиттік ағындарды құру бағытын белгіледі. Өкінішке қарай, көлік ағынының өсуіне байланысты отын тапшылығы болады-ау деген болжам әзірлеушілердің модельдерінен тыс қалған. Бұл мәселені бұлай қалдырмай, дереу шешу қажет. 

5. Менің ұсыныстарым

Былтыр қазанда Парламент Сенаты жанынан сарапшылар клубы құрылды, оған мені де шақырды. Түрлі салалардағы 30-ға жуық сарапшы мерзімді түрде министрліктердің бірінші басшыларымен кездесіп, онда қоғамның бейінді, орталық мемлекеттік органдарына қатысты мәселелері мен ұсыныстар ашық талқыланды. 

Бірінші отырыста Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев: 
"Қазіргі әлем тым күрделі және тым тез өзгереді, қабылдау мен жүйелеудің бұрынғы модельдеріне сәйкес келмейді. Осыны негізге ала отырып, мемлекет пен қоғамға проблемаларды шешуге стандарттан тыс, ерекше тәсілдер қажет", - деді. 

Сонымен, бізге жаңа тәсіл керек. Әйтпесе бізде:
А. дизель отынын тұтыну (пандемия болса да) жыл сайын арта береді. Жылына 500-800 мың тонна дизель пайдаланылады; 
В. қыркүйек-қазан айларында ішкі тұтыну нарығында 3-5% шамасында тапшылық болады; 
С. Бізге жетпей жатқан дизель мөлшерін көтерме және бөлшек сауда нарығында рекордтар орнап жатқан Ресейден импорттауға тура келеді. Сонда салық айырмасын ескерсек, импортталатын дизель біздің жанармай құю бекеттерінде 250 теңгеден (ағымдағы бағаларға+25%) сатылады; 
D. баға теңгерімсіздігі бола береді.

Ұсыныстарым: 
1. Әрине, отын экспортымен күресуге болады, бірақ бұл таптаурын және шекаралар ашық тұрғанда пайда бермейтін әдіс. Қазірдің өзінде жағдайды көріп отырмыз. 
2. Отынды шетелдік тіркеуі бар автомобильдерге жоғары бағамен сатуды ұсынар едім. Бұл қисынды әрі экономикалық тұрғыдан негізделген. Мысалы, көптеген елде тауарлар немесе қызмет түрлері үшін шетелдіктерге, резидент емесерге бөлек баға қойылған. Бұл ретте айтарым, бағаны инфляцияға қарай жоғарылатудың керегі жоқ, нарық сұраныс пен ұсыныс негізінде өзі-ақ реттейді. 
3. Бұл кейбір баға теңгерімсіздігін жойып, жүк және жеңіл көліктен біздің бюджетке түсетін салық пен басқа да түсімдерді тіркеуге алғышарт болады. Қысқаша айтсақ, төмен бағаларымыз арқылы пайда табатын кез келді. 
4. Бір жарым ай болатын болжамды тапшылықты үнемшілік арқылы еңсеруге болады. Қалай? Жергілікті атқарушы органдар осындай төтенше тапшылық жағдайын ескеріп, жеке компанияардағы автокөлік иелерін "қашықтан" жұмыс істеуге жібергені дұрыс. Өйткені дәл кептеліс кезінде көліктер көп жанармай жағады. 

"Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін". Өндіріс көлемі шектеулі, біз оны шексіз өсіре бермейміз ғой. 

PS. Бейінді мемлекеттік органдарға осы ұсыныстарды қабылдауды ұсынамын. Баға теңгерімсіздігінің жағдайы Павлодар зауытының іске қосылуымен шешілмейді. "Дизель тапшылығы" деген сериялымыз ұзаққа созылып кетуі мүмкін...

 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу