Президент 4 қарашада отын нарығындағы жағдайды бағалап, Үкіметке шешім қабылдау және жауапкершілікті өз мойнына алу қажеттігін еске салды.
Шын мәнінде, Асқар Ұзақбайұлының Үкіметі күрделі макроэкономикалық жағдайларда жұмыс істеп жатыр.
Осы және бюджет, үкімет, квазимемлекеттік қарыз туралы пікірім мен ұсыныстарымды жазып кетсем деймін. Бұл жазбам осы тақырыптарға арналады.
1. Жасанды тапшылық.
Президент былай деді: "егер әңгіме тарифтерді көтеру, бағаларды көтеру туралы болса, онда біздің азаматтарымызға "бұл – халықаралық нарыққа сай қажетті шара" екенін барынша ашық айту керек".
Оның айтуынша, біз керісінше популистер мен блогерлерге жүгініп, жауапкершілікті қабылдауға қорқамыз және жасанды отын тапшылығын тудырамыз.
Жалпы осыған қатысты БАҚ бетерінде пікірлерімді аямай айтып жүрмін. Біздегі жанар-жағармай бағасы ұзақ уақыт бойы өскен жоқ және көрші елдерден литріне 70-100 теңгедей арзан. Тапшылық пен тұрақты отын ағындарының қаупі осыдан туындайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осы жиналыстың соңында: "Маған шешім шығару үшін нұсқаларды үсыныңыздар, әйтпесе елімізде осындай жағдай үнемі қайталана береді", - деп дұрыс айтты.
Шекарадағы жергілікті сыбайлас жемқорлық және баға теңгерімсіздігі (жанар-жағармайдың бағасы көрші елдермен салыстырғанда бізде төмен) елді үнемі осындай дағдарыстық жағдайларға душар ететіні анық.
2. Статистикадағы бағалар жоғары
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі апта сайын әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен отынға баға мониторингі бойынша ақпаратты жариялайды. Кедергі жөніндегі кеңестің құрамына мені де енгізген.
Ал бұл секілді мониторингтерге келсек, инфляция деңгейін есептеу үшін Ұлттық экономика министрлігі өзінің, Ұлттық Банк өзінің және басқа да мемлекеттік органдар өзінің сандарына сенеді.
АЗРК телеграмм-арнасында 5 қарашадағы жағдай бойынша ірі желілік ЖҚС-да Аи-92 бағасы жарияланды. Petroretail (Qazaq Oil), Гелиос, Sinooil және т.б. бағалар мынадай: Нұр-сұлтан Қ. – 173/179, Алматы қ. - 178/179. Басқа қалалар/облыстар бойынша да, шамамен, осындай бағалар.
Ең арзан баға Атырау, Ақтөбе облыстарында екен. Ол жақтарда ірі желілік ЖМҚС-да 165 теңгеден бензин сатып алуға болады.
Маған Ұлттық Банктің ресми сандары дұрыс емес секілді көрінеді. Неге екен?
Мұның мәнін кейін түсіндім. Осы жылдар ішінде біз АЖС тақтайшаларында көрсетілген сандарға сеніп келіппіз ғой. Бірақ шын мәнінде одан арзанға алып жүріппіз. Мен де, мына сіздер де арзан алып жүріпсіздер.
Қараңызшы, "Халық банктің" POS-терминалдар желісінде кез келген тауарларды сатып алу кезінде 5% бонус беретін акциясы бар емес пе. Бұл жыл соңына дейін жарамды акция. Сонымен қоса Black Edition картасы арқылы ЖЖМ-ден 7%-ға дейін кэшбек қолдануға болады.
Халық Банкі мен Sinooil-дің біріккен кобрендиг картасы бар, сол арқылы отын сатып алу кезінде әрқашан 4% бонус беріледі. Qazaq Oil-де қосымша бар және өзінің жеке бонустық карталарын ашу мүмкіндігі бар, егер қателеспесем, адалдық бағдарламасымен төлеген кезде отынның бір литрі 4 теңгеге арзанға түседі. Дәл осындай бағдарлама бұрын GazEnergy-де болған.
Міне, солай!
Демек, осындай жеңілдіктер арқылы Атырау немесе Ақтөбе қалаларында 165 теңгеден де арзанға алуға болады. Қазақстандық автокөлік иелеріне көптеген нұсқа мен акция бар екен, әне!
Нұр-Сұлтанда Аи-92 құны 179 теңге – көбісі оны 5% кэшбекпен, яғни 170 теңгеден сатып алады, ал Атырауда нақты баға ол кезде 165 емес, литріне 157 теңге болатын сыңайлы.
Әрине, барлық жерде карталармен төлем жасалмайды. Оны білеміз. Біз тек ірі желілік ЖҚС туралы айтып отырмыз.
Ұсыныс қарапайым: мемлекеттік органдар бағаны/инфляцияны өлшеудің ескірген тәсілдерін қайта қарауы қажет. Бұл тек ЖЖМ-ге ғана қатысты емес.
3. Отын талондары мен карталары бойынша проактивті шаралар қажет
Талондар, отын карталары, акциялар, ұтыс ойындары мемлекеттік реттеудің субъектісі болып табылмайды, ешкім сіздің шығындарыңызды өтемейді немесе қайтармайды, бұл сіздің шешіміңіз және сіздің тәуекеліңіз. Мұны мемлекеттік органдар қайталап, адамдардың есіне салып отыруы тиіс. Отынға деген алдын ала төлем депозит болып табылмайды, мемлекеттік ҚДКБҚ кепілдік бермейді.
4. Қарыздар мен фьючерстер саудасы
ЖЖМ өндіру мен сатудың барлық тізбегі кредиттелген. Мұның себебі қарапайым – бұл үлкен қаржылық сектор. 2020 жылы ЖЖМ бөлшек сауда нарығы 1,1 трлн теңгеден асты (корпоративтік мәмілелерді, мемлекеттік сатып алуларды және т.б. есепке алмағанда). Нарық қатысушыларының өзі қаражат ұсынған осындай айналымы бар ма? Әрине, жоқ.
Бірнеше жыл бойы, біздің "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниямыз қаржылық қиындықтарға тап болып, нәтижесінде Ұлттық Банк ҚМГ капиталына енді (иә-иә, ҚР ҰБ ҚМГ-ның 10%-ға жуық иесі), мен қазақстандық салымшылардың қаражатын ҚМГ борыштық міндеттемелеріне тартуды ұсындым.
Қисыны қарапайым: ұлттық компания қарыздарды валютамен жылдық 4-5%-бен орналастырады/төлейді, ал жеке тұлғалар үшін доллардың шекті мөлшерлемесі Қазақстанда – 0,9-1%. Сөзсіз, ірі салымшылар ҚМГ мен басқа компаниялардың қарыз міндеттемелерін брокерлер арқылы сатып ала алады, бірақ салымшылардың кең ауқымы үшін бұл қолжетімсіз және түсініксіз болады.
Бізде АХҚО-ның тамаша алаңы бар. "ҚазМұнайГаз" немесе брокерлермен коллаборациядағы басқа компаниялар пайыздық мөлшерлемесі төмен облигацияларды шығару арқылы өз қарыздарын қайта қаржыландыруы мүмкін еді. Сонымен бірге, қатысу мүмкіндігін $1000-ға дейін азайту керек және егер адамдар шұғыл түрде ақша қажет болса, қайта сату және кэшке шығу үшін жағдай жасау керек.
Бұл туралы баяғыда айтқанмын. Қазіргі жағдай бойынша не істеу керек? Біз түсінгеніміздей, 1,1 трлн теңгенің шамамен 700-800 млрд теңгесі – банк секторының бөлшек сауда желілерін несиелендірудің шамамен алынған сомасы. Стандартты кредиттеу мөлшерлемесі жылдық 13-14% болған кезде ЖМҚС желілері жылына 50-100 млрд теңге төлейді (мұндай компаниялар үшін айналым әдетте 2-3 айға қаржыландырылады, өйткені бұл тауардың айналымы айтарлықтай жоғары).
Орташа автомобиль айына 1000 км жүреді делік, жүз шақырымға 10 литр бензин жұмсалады, яғни айына 100 литр немесе жылына 1200 литр жұмсайды.
Бізде тіркелген 4 миллионға жуық автокөлік бар, тағы бірнеше жүз мың адам шетелдік нөмірлермен жүреді – оларды есепке алмай-ақ қояйық. Мысалы, бұл 4 млн бензин орта есеппен 170 теңгеден сатып алады, яғни 816 млрд теңге.
Енді сұрақ: егер осы жылдық соманы 816 млрд теңгеге автокөлік иелері бір жылға алдын ала төлем ретінде енгізсе-отынның өзіндік құны мен соңғы бағасы қаншалықты төмендейді? Менің ойымша, кем дегенде 1-2%.
Аталған материалдың екінші және төртінші пункті, бұл елдегі жанар-жағармай бағасынан 4-6% алып тастау.
5. Қалай сауда жасауға болады?
Наурыздан бастап Қазақстанда бензиннің көтерме партияларымен биржалық сауда-саттық енгізілді, былтырдан бері ETS.kz-те сұйытылған газ сатылуда, уақыт өте келе отынның барлық желісі осы алаңда саудаланатын болады.
Бірақ қазір тек көтерме сатып алушылар мен ірі ойыншылар қатысуда. Егер уақыт өте келе сайтта сауда-саттық және бөлшек сауда партиялары болса ше?
Схема қарапайым: биржа немесе сатушылар/бөлшек сауда желілері жеке тұлғаларға отын сатып алу тарихын, "ұзақ мерзімді қарым-қатынас" жоспарларын растау үшін кейбір қаржылық есептілікті (аудиттелген) көрсете алады. Сосын 1 мың литрден "шағын" лоттарды шығарады. Бұл бағаны төмендетіп, нарықтың барлық қатысушыларын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, мемлекеттік статистика мақсаттары үшін дәл осы биржалық және ашық бағаларды қолдануға болады, олар, әрине, ағымдағы бөлшек сауда көрсеткіштерінен төмен болады.
Сіз отынды үнемдегіңіз келеді – мемлекет сіз үшін фьючерстер саудасының нақты құралын жасайды. 4-4,5 миллион клиенттің биржалық алаңға, банктердің нарықтық орындарына алғашқы шығуының кумулятивтік әсерін қазір елестету қиын. Бірақ бұл басқа елдерде де қайталануы мүмкін үлкен серпіліс болар еді.
6. Бензинді тегін таратыңыз
Президент мырза "популистерге жүгінудің қажеті жоқ" деп дұрыс айтып отыр. Олар үнемі: мұнай өндіретін елде бензин тегін болуы керек дейді, содан кейін Ұлттық қордан ақша таратуға шақырады.
Естеріңізге сала кетейін, қазір арзан отыны бар мұнай өндіруші елдер іс жүзінде қалған жоқ: Global petrol prices деректеріне сәйкес, 1 қарашадағы жағдай бойынша Әзірбайжанда Аи-95 – 252 теңге, Сауд Арабиясында – 266, Ресейде – 302, БАӘ – 313, Өзбекстанда – 391 теңге.
Айтпақшы, орташа жалақының бензин бағасына қатынасы бойынша қазақстандықтар Ресейге қарағанда жақсы өмір сүреді. Мен тиісті есептеулерді келтірдім, сондықтан ҚР-дағы жалақының төмен деңгейі туралы пікір расталмаған популизм болып есептеледі.
Егер біз таза нарықтық тетіктермен реттелуге тиіс бағаларды босататын болсақ, онда сол отын карталары, ЖСН, биржалық сауда арқылы мемлекет отынның бір бөлігін төмендетілген бағамен сата алар еді.
Мысалы, ҚМГ отынды осындай схема бойынша литріне 100 теңге шартты бағамен (мысалы), бірақ бір автокөлік иесіне жылына 100 литрден аспайтын бағамен сата алар еді.
Мен нақты сандарды есептеп, айта аламын: ҚМГ үшін бағаны еркіне жіберу және ішінара демеу мұнайдың ішкі нарықтағы сатылымынан тиімдірек болар еді. Немесе мұндай жүктемені барлық жер қойнауын пайдаланушыларға бөлуге болар еді.
7. Әрбір қазақстандық мемлекеттен жылына 100 000 теңгеден астам қаражат алады
Егер баға белгілеудің нарықтық тетіктеріне толық көшу туралы шешім қабылданса, халыққа түсінікті және қарапайым тезистерді ұсынғым келеді.
А.мұнай компаниялары мемлекетпен келісімшарттар шеңберінде мұнайды ішкі нарыққа өзіндік құнынан төмен бағамен жеткізеді.
Қазір олар мұнайды барреліне $20-25-тен сатады, бұл әлемдік бағадан 3-4 есе төмен және өндірудің нақты өзіндік құнынан төмен. Отын субсидиясы жыл сайын бір баррель үшін кемінде 40 долларды құрайды. Біздің ішкі мұнай тұтынуымыз жылына шамамен 16 миллион тоннаны құрайды, осылайша:
Барреліне $ 40 x 7.3 (баррель тоннада) x 16 000 000 = жылына $4,7 млрд!
Қазақстандықтар отын субсидиясы түрінде жыл сайын 5 млрд долларды үнемдейді, егер бұл соманы азаматтар санына бөлсек: жылына 107 мың теңге – 19
миллион адамның әрқайсына!
Егер бұл санды Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көбейтсек, онда әрбір азамат Елбасы мен ел Президентінің стратегиялық пайымының арқасында миллиондаған теңге үнемдеуге мүмкіндік алғанын көреміз.
Бұл көрсеткішті БАҚ және әлеуметтік желілер арқылы әрбір азамат білуге тиіс. Бұл – әртүрлі жалған оппозиционерлер мен билік сыншыларына қарсы дәлел.
Бұл көлікпен жүрмейтін азаматтарға да тиесілі: қоғамдық көліктің төмен бағалары, тауарларды тасымалдау, әуе және теміржол өткелдері және т.б. бар емес пе.
В. Қазақстанда бензин жыл сайын арзандайды! 2008 жылы ҚР-да Аи-92 бағасы литріне $0,68 құрады, осы уақыттан бастап долларлық эквивалент жыл сайын төмендеді және қазір $0,39 құрайды, бұл 2004 жылдың деңгейіне сәйкес келеді.
Осы уақыт ішінде Қазақстанда бензин бағасы өспей, төмендеді деп батыл айта аламыз.
ҚМГ есептерінен мұнай баррелін көтеру шығындары жылына немесе айырбас бағамына қарамастан $11-18 құрайтынын көруге болады. Лифтинг деген – салықтарды, негізгі құралдардың амортизациясын/инвестицияларды қайтару, тасымалдау және ескерусіз ұңғыманың сағасындағы операциялық шығындар. Бүкіл сала бойынша осылай. Доллардың өзіндік құнының тұрақты бөлігіне қарамастан, Үкімет осы жылдар бойы бағаның төмендеуі бойынша жұмыс істеді, бірақ теңгемен алып қарағанда баға өскен сияқты көрінеді.
Бөлшек саудада сүт 300 теңгеден жоғары, газды сусындар – 250 теңгеден жоғары. Бензиннен қымбат.
С. Біз басқа елдердің экономикасын тамақтандырамыз.
Ұзақ жылдар бойы ЖЖМ бағасының төмендігі біздің отынды басқа елдерге әкетудің жолға қойылған схемаларына алып келді. Қараша айының басында Өзбекстанда бензин бағасы қайтадан өсті, жыл басынан бері өсім 30%-дан асты. Аи-92 бөлшек саудада 350-360 теңгеден сатады және мұнымен тоқтайтын түрі жоқ.
Біз жыл сайын тапшылыққа тап боламыз, өйткені көлеңкелі экспорт пен транзиттік көліктердің тұтынуы зиянын тигізеді.
Мұндай жағдайларда баға белгілеудің нарықтық тетіктері қажет екені айдан анық. Мемлекет сектордан түсетін салықтық "қалдықтарды" экономиканы одан әрі әртараптандыруға және әлеуметтік бағдарланған саясат жүргізуге пайдаланатын болады.
P.S. Сала бойынша ұсыныстар көп, оларды Қазмұнай хэштегімен жазуды жалғастырамын. Келесі бөлімде ешқашан ішкі нарыққа мұнай жеткізбеген ірі шетелдік мұнай компанияларын осы "ойынға" қалай қосуға болатындығы туралы толғанғым келеді.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін