#Қазмұнай, 16-бөлім. Автокөлікті газға ауыстырудың қажеті жоқ

Отын субсидияларының көлемі, менің бағалауым бойынша – шамамен 4,5 миллиард доллар. Ал бұдан бұрын халықаралық құрылымдар басқа бағаны көрсеткен болатын: энергетикалық субсидиялардың жалпы сомасы – жылына $9 млрд деп атаған еді.   

#Қазмұнай, 16-бөлім. Автокөлікті газға ауыстырудың қажеті жоқ

Бұл соманы 19 млн адамға бөлетін болсақ, онда Қазақстанның әрбір азаматы (егер Қазақстанда энергетикада нарықтық бағалар болса) коммуналдық қызметтер, жанар-жағармай, азық-түлік және басқа да тауарларға жылына 208 мың теңгеге артық төлейтін еді. Бұл, әрине, кең ауқымда алып қарап отырғанымыз.

1. Басқа бағытқа бұрылып кетіпті

Қазақстан ең арзан бензин бойынша топ-10-ға, ең арзан электр және жылу энергиясы бойынша топ-15/20-ға кіреді. Әрине, тұтынушылар тұрғысынан алғанда, бұл тамаша жағдай.

ТМД елдерінде 2014-2015 жылдары ұлттық валюталардың девальвация толқыны басталды. ҚР-дың ресми тұлғалары 2014 жылғы маусымнан бастап 2015 жылғы тамызға дейін ҚР Ұлттық Банкі $30 млрд-тан астам валюталық интервенция жүргізгені, ал Ұлттық қордың активтері бір жыл ішінде $8,5 млрд-қа дерлік төмендегені туралы деректерді келтірді.

Азаматтар "бұл тамаша болды" дейді. Көбісі Ресейден автокөлікті арзан бағамен сатып алды. Бірақ кейін бағамды ұстап тұру үшін резервтерді шексіз жаға беру дұрыс емес екені түсінікті болды – "басқа бағытқа бұрылып кетіппіз". Біраз уақыттан кейін біз резервсіз қалатын едік.

2. Ұлттық валюта және отын

Дәл осындай жағдай жанармайға қатысты да қайталанады. Иә, доллар немесе евроға қарағанда оны шығару қиынырақ:

  • Дизель отыны бойынша: 
  • транзиттік көлік біздің дизель отынымызды суға кетірді, көлеңкелі схемалармен экспортқа шығарды, қазір шығып та жатыр, ішкі нарық дефицитке тап болды.
  • GlobalPetrolPrices деректеріне сәйкес, 15 қарашадағы жағдай бойынша дизель бағасы Әзірбайжанда – 203, Қазақстанда – 246 (жазғы және қысқы отын бағасының қоспасы), Қырғызстанда – 274, Ресейде – 299, Беларусьте – 368, Өзбекстанда – 378, Грузияда – 421, Қытайда – 487, Украинада – 499 (ақпарат үшін: Сауд Арабиясында - 270, БАӘ-де – 330, АҚШ-та – 415)
  • Авиаотын: ішкі нарықтағы бағалар әлемдік және ресейлік бағадан төмен болды (орташа есеппен әр тоннасы 120-150 доллар төмен болды). Мұның салдарынан әуежайлар шетелдік ұшақтарға (әлемдік бағамен) көбірек жанармай құйды, ал ішкі рейстерге жеткізуді азайтты. Дәл дизель жағдайына ұқсас.
  • Электр энергиясы: белгілі бір кезеңде Қазақстан электр энергиясы тарифтерінің төмендігі жөнінен майнинг бойынша әлемде екінші елге айналды. Ішкі тұтыну өсті, бірақ кейбір аймақта тапшылық болды. 
  • Біздегі электр энергиясы бағасы (халыққа арналған бағалар) ТМД елдерінен 2 есе төмен: ҚАЗАҚСТАН – 18, Грузия – 27, Украина – 27, Ресей – 27, Беларусь – 37, Қытай – 37. Бұл жерде Ресей Федерациясында құны арзан көптеген гидро және атом станциясы бар екенін түсіну керек.
  • Сұйытылған газ: мұнда да солай. Төмен баға болғандықтан сұраныс артып, автокөліктер "газдандырыла" бастады. Айта кету керек, мұнай-газ өндіруші компаниялар газды ішкі нарыққа өзіндік құнынан төмен бағамен сұынып отыр. Сонда да осы жылдар ішінде тиісті министрлік пен Үкімет халыққа бізде сұйытылған газ тапшы екенін айтпады, автокөлікті газға ауыстырмауды ұсынбады.
  • Сұйылтылған газ Қазақстанда – 110-120 теңге, Әзербайжан – 165, Қырғызстан – 193, Ресей – 195, Беларусь – 214, Грузия – 246, Украина – 307. Айта кетейін, Ресей Федерациясында сұйытылған газ біздің бензиннен қымбат! 

Жанармай бағасын ұстап тұру шетелге шығуға, резервтерді мағынасыз жағуға және одан кейінгі тапшылыққа әкеледі. Біздің МӨЗ қуаттылығымыз шектеулі, ал мұнай компаниялары бір жыл ішінде ішкі нарыққа бір баррель үшін $20-25 бағасымен мұнай жеткізіп келеді, бұл бір баррель үшін $40 орташа салалық өзіндік құннан төмен.

3. Бензин тапшылығы

ТМД және көрші мемлекеттер аясында бензин бойынша қазір не болып жатыр? Баға көрінісі келесідей: ҚР-да Аи-95 – 198 теңге, Әзірбайжан – 256, Ресей – 301, Қырғызстан – 318, Белоруссия – 368, Өзбекстан – 407, Грузия – 441, Украина – 519, Қытай – 549 (ақпарат үшін: Сауд Арабиясы – 268, БАӘ – 316, АҚШ – 428).
Қазақстан қазір бағасы шарықтап тұрған көрші елдердің қасында тыныш арал тәрізді. Бірақ ерте ме, кеш пе біз де олардың деңгейіне жетеміз.

Жақында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мамандандырылған ХҚКО-да болды. Көлік жүргізу куәлігі сатылатынын дәлелдеді. Бірақ ол себеп емес, салдармен күресіп отыр. Неліктен адамдар сатып алады деп ойлайсыз? Өйткені тест тапсыру мен жүргізу қиын, сонымен қатар уақыт алады.

Білмесеңіз айтайын, көлік жүргізіп үйрену (вождение) кезегі бірнеше айға созылады! Көлік жүргізу машиналары жетіспейді. Күніне мамандандырылған ХҚКО-ға емтихан тапсыру үшін 50-70 адам келеді делік, ал мәшине – біреу. Кемінде 30-40 адам үлгермейді. Көптен бері шешілмеген мәселе ғой бұл.

Ресми статистика бойынша, 4 млн тіркелген автокөлік бар. Шетелдік көліктер шамамен 300-400 мың. Осы орайда айта кету керек, кезектегілердің бәрі "правоға" қол жеткізіп, автомобиль сатып ала бастағанда бензин тапшылығының көкесін көреміз.

Түрлі деректер бойынша, Қазақстанда жылына 400-500 мыңға жуық жүргізуші куәлігі беріледі. 
Сонымен қатар, автопарктер жаңа автомобильдердің жетіспеушілігімен шектеліп отыр (дилерлерде жоқ болып тұр). Бұл қайта біздің бензин нарығымызды сақтап қалды.

Біз жылына шамамен 5,8 млрд литр (4,5 млн тонна) бензин өндіреміз. Егер біз мұны 4,4 миллион автомобильге бөлсек,онда айына орташа есеппен бір втомобиль 109 литр тұтынады. Бұл нақты көрсеткіштерге сәйкес келеді.

Автопаркте тағы 500 мың көлік пайда болып, көлеңкелі экспорт көбейсе не болады? Онда бензин тұтыну шамамен 12-15% өседі. Егер миллион автокөлік қосылса, онда +25-30%.

4. Май және маргарин: болжап болмайтын жағдай

Мен әлеуметтік желілерде, БАҚ-та көп ақпарат оқимын, түрлі алаңдардағы ахуалды талқылаймын және дауласамын. Қазір "Газ қымбаттады, бензинді пайдалану тиімдірек" дегенді ести бастадым.
Мұның салдарынан бензин тұтыну өседі. 92-ші және 95-ші бензинге қатысты да бағаны "ұстап тұру" жалғасуда. 

Сұйытылған газ бен бензин – май мен маргарин секілді, бірінің орынына екіншісін қолдана беруге болады, бірақ олардың біреуі қымбаттаса, екіншісінде бағаның тұрақты өсуінде теңгерімсіздік пайда болады.

Мысалмен айтсам, қазір үйді (300 шаршы метр) сұйытылған газбен жылытып жатырмын. Қыстың суық айларында қазандық шамамен 1 000 литр, яғни өткен жылдың бағасымен 90-95 мың теңге немесе биылғы бағамен 120 мың теңге жұмсаймын. Газ немесе көмір бағасы одан да өсіп, электр энергиясының бағасы өзгеріссіз қалғанда, адамдар электр энергиясына ауысады!

Бұдан барып электр энергиясы тапшылығы туындайды.
Қорыта айтсақ, нарық ортасына кейбір энергия көздерін жекедара жіберу мүмкін емес, бәрін бірге беру керек. Әйтпесе тұтыну тұрақтылығы жойылады. 

5. Екі жыл бұрын да айтқанмын

2019 жылғы материалымнан үзінді келтірейін: 
"... Үкіметтің кеңейтілген отырысында:
– Қазақстанда жанар-жағармай бағасы төмен. Сондықтан көлеңкелі экспорт туындайды. Біз көрші елдердің экономикасына субсидия бергенмен тең боламыз. Министрлік акциздерді біртіндеп арттыруды ұсынады, қаражат бюджетке түседі, мұнай компаниялары немесе ЖМҚС желілері бұдан пайда көрмейді. Бұл тапшылықты болдырмау үшін қажет, - деді энергетика министрі.
- Бұдан кәсіпкерлердің тауарлары мен қызметтері қымбаттап, халықтың нақты табыс деңгейі төмендейді, - деді Ұлттық экономика министрі.
- Акцизді көтеруді мақұлдаймын, бағаның өсуіне ықпал етпеуі үшін халықтың әлеуметтік қорғалмаған жіктерін және шағын бизнесті қолдау шараларын әзірлеуді тапсырамын, - деді Президент.
Біраз уақыттан кейін көмек көлемі, мөлшері көрсетілген құжат пайда болды және шағын бизнес шынымен салық жеңілдіктері арқылы бензин құнының өсуінен әлдеқайда көп жеңілдік алатындығы белгілі болады. Сондықтан, мемлекеттік қолдау шараларына қарамастан, шағын бизнес жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты тауарлар мен қызметтердің бағасын көтерді.
Жалпы, менің ойымша, соңғы жылдары Үкіметтен жанар-жағармай бағасын көтеру жоспарлары мен қажеттілігі туралы сигналдар түскен жоқ, сондықтан бұл халық үшін жағымсыз тосынсый болды.
2013 жылғы 9 қаңтарда Елбасы қазақстандықтарға шағын және экологиялық автомобильдер сатып алу, отын үнемдеу қажеттігі туралы айтқан болатын, ал 2015 жылғы қыркүйекте Елбасы Қазақстанның ортақ экономикалық кеңістікте орналасқандығын және ішкі нарығымызды теңестіру қажеттігі туралы айтқан болатын".

Түйін

Екі жыл бұрын мен бұл жағдайды дәл болжап, тіпті тұжырымдар мен мүмкін шараларды ұсындым. 2021 жылғы жағдаймен дәл келіп тұр. Осыдан кейін менің болжамдарыма белгілі бір деңгейде сене бастаған болсаңыз, онда отын девальвациясы туралы болжамымды айтайын:

А. Энергия ресурстарын тұтыну өсіп барады. Нарық ортасына энергия ресурстарының жекелеген түрлерінің бағаларын сатылап төмендетіп бере отырып (мысалы, келесі жылы сұйытылған газ көлемінің 100%-ы биржалық алаңдарда саудаланатын болады), біз тұтыну құрылымында болашақта қандай теңгерімсіздік болатынын түсінбейміз.

В. Батыс елдерінің экологиялық бастамалары мен көміртегі салығы болашақта электр және жылу энергиясы құнының өсуіне әкеледі, тұтынушылардың бір бөлігі осы ресурсты (үйлерді жылыту, электромобильдер) тұтынуды арттыруы мүмкін.

С. Жанар-жағармайды көлеңкелі жолмен сыртқа шығару жалғасуда және жалғаса береді. Ұлан байтақ шекарамыз барда және көрші елдерде отынның бір литрі 100 теңгеге қымбат болған кезде, сырттан әкетушілермен күрес жел диірмендерімен күресуге ұқсайды.

D. Біз басқа елдердің  тасымалдаушыларын "субсидиялап", бағаларды ұзақ уақыт тежеп тұра алмаймыз. 2014-2015 жылдары біз валютаны жақтық, ал енді 2019-2021 жылдары отынды жағамыз.

Е. АҚШ долларының бірқалыпты өсуінен жағдай ушығады. Энергетикалық ресурстар бағасының бірқалыпты өсуі кезінде тұтыну шегі қандай және ЖЖМ, электр энергиясын қанша өндіру қажет екенін түсіне алмаймыз. 

Жағдай батыл шешімдерді талап етеді, бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы әділ айтқан болатын, "біздің азаматтарымызға халықаралық нарықты ескере отырып, қажетті шара қабылдап жатанымызды барынша ашық айту қажет". 

Менің ойымша да, қарапайым және түсінікті тезистер болуы керек:
* Бензин мен дизель отыны – акциздің және ішкі нарықтағы мұнай бағасының нарықтық қалыптасуының есебінен 50-60 теңге өседі.
* Электр және жылу энергиясы тарифтері 2 есе өседі, өйткені бізде тұтыну өскен, ал қуаты ескірген. АЭС салынып, жаңғыртылғаннан кейін бізде экономиканың одан әрі өсуі үшін электр энергиясының профициті болады.
* Сұйытылған газ бағасы өседі, шамамен бензиннен 20-30% төмен тұрады. Автокөлікті газға ауыстырудың қажеті жоқ – бізде өндіріс бойынша қуат шектеулі, ал өндіріс үшін шикізат жетіспейді.
* Мұнай, газ, көмір, уран ҚР аумағында орналасқанына қарамастан, оларды өндіру мен қайта өңдеудің өзіндік құны валюталық құрамдас бөлікке тәуелді. Бағалар айырбастау бағамына байланысты өзгереді.

P. S. 2020 жылы Қазақстанда бала туу рекорды тіркелді – 420 мыңнан астам сәби дүниеге келді. Алда жылына 500 мыңнан астам сәби дүниеге келеді деп болжанады. БҰҰ болжамы бойынша, 2040 жылға қарай ҚР-да 25 млн адам тұрады. Бұл +32%. Қазір 19 млн адам бар ғой. Біз алдағы 10-15 жылда халықты инвестициясыз отынмен және энергиямен қамтамасыз ете аламыз ба? Жоқ. Нарықтық бағалар мен тарифтерсіз инвестициялар келе ме? Жоқ. Азаматтарға қарапайым жолмен түсіндіру керек: осы уақыт ішінде мемлекет ішкі нарықты демеп, оған қаржы беріп болды. Біз де жаһандық экономика мен әлемдік процестердің бір бөлігі екенімізді ұғуымыз керек.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу