Телеграмм-арна, Фейсбук және БАҚ бетінде ірі мұнай трейдерлерін жою керек, қандайда бір нәрсеге қарсы петицияға қол қояйық деген "керемет" идеялар толассыз жарияланып жатыр.
Біз осы жағдайларға эмоциясыз көз жүгіртіп көрейікші.
1. Бақытты балалық шағымыз үшін ҚазМұнайГаз бен Қытай компанияларына рахмет
ҚР-да мұнай өңдеу көлемі 2021 жылы шамамен 17,1 млн тоннаны құрады. Дәстүрлі түрде ішкі нарыққа ең ірі мұнай жеткізуші "ҚазМұнайГаз" (бұдан ары ҚМГ – авт.) ұлттық компаниясы болып табылады, ол ішкі нарықтың орташа есеппен 25-30% - ын (2021 жылы шамамен 4,5 млн тонна) қамтамасыз етеді.
Бұл фактіні көп адам біледі. Бірақ одан басқа ірі жеткізушілерді біле бермейді. Бұл шетелдік консорциумдар емес, олар Қазақстан нарығына мүлде мұнай жеткізбейді, өйткені баға әлемдік бағадан 3-4 есе төмен: бір баррел – $15-25.
Шағын жеке компаниялар келісімшарттық міндеттемелер шеңберінде өз өндіру көлемінің 30-50% - ын жеткізеді. Бірақ республикалық қайта өңдеу көлемдері шеңберінде бұл анау айтқандай үлкен сан емес.
ҚМГ-дан басқа біздің нарыққа кім демеушілік етеді? Қытай компаниялары.
2021 жылы 85,7 миллион тонна мұнайдың шамамен 15 миллион тоннасына Қытайдың қатысы бар. Ескерте кетейін, сандардан аздап қателесуім мүмкін.
ҚХР-ға Қазақстан-Қытай (Атасу-Алашанькоу) мұнай құбыры бойынша жылына орта есеппен 10 млн тонна мұнай тасымалданады (2020 жылы 10,5 млн тонна). 2013 жылы құбыр желісінің қуаты 20 млн тоннаға дейін кеңейтілгенін айта кетейік.
Қытай компаниялары ішкі қазақстандық нарыққа орта есеппен 5 млн тоннаға жуық өнім жеткізеді деп болжауға болады, бұл ҚМГ-ның жеткізетін көлемімен шамалас.
ҚМГ мен Қытай компаниялары – біздің ішкі нарығымызға мұнайдың төмен бағалары түріндегі субсидиялардың негізгі "төлеушілері".
2. Мұнай саудасының ішкі нарығында қанша ақша бар?
Жылына 17,1 млн тонна мұнай. Бұл шамамен 125 млн мұнай баррелі немесе бір баррель $15-25 деп есептесек, шамамен $1,9-3,2 млрд! Сонда орташа алғанда, біздің ішкі "салмақ" жылына екі жарым жасыл ярд.
Ішкі нарық – 1 трлн теңгеден астам.
3. Трейдерлер кімдер?
Жалпылама айтсақ, трейдерлер мұнайды жер қойнауын пайдаланушылардан сатып алады, оны өңдеу зауыттарына жеткізеді, 1 тонна мұнайды өңдеуге белгіленген тарифтерді төлеу арқылы мұнай өнімдерін алады, содан кейін оларды биржада немесе биржадан тыс нарықта тікелей келісімшарттар бойынша сатады.
Қазір биржалық сауда-саттық тоқтатылды, дегенмен ұзақ мерзімді жоспарлар бойынша біз мұнай және мұнай өнімдерін саудалаудың ашық биржалық тетіктерін құруымыз керек.
Егер сіз бен біз мұнай өндіретін болсақ, ірі трейдерлермен жұмыс істеу бізге оңай әрі ыңғайлы болар еді. Қазақстандық шағын-орта бизнестің айналым капиталында 1 трлн теңге бар емес пе?
Күмән келтірушілер болса, қазандағы жазбамды ұсынамын Онда мұнай саудасының халықаралық нарықтарын талдап, деректерді ұсынған едім. Қысқаша айтсақ, бүкіл әлем ірі мұнай трейдерлерінің моделі бойынша сауда жасайтынын жаздым.
ҚМГ-ның 2016 жылғы мәмілесі бұған айқын мысал бола алады. Сол жылы ұлттық компанияға ақша керек болды. Халықаралық трейдерлер арасында аванс беруге ашық тендер өткізілді. Бұл тендерде халықаралық трейдер Vitol жеңді, ҚМГ-ға болашақ жеткізілімдер есебіне $3 млрд аванс берді.
Егер бізде қосымша 3 миллиард доллары болса, онда біз де аукционға қатысып, мұнайды жеңілдікпен сатып ала аламыз.
Халықаралық және қазақстандық мұнай трейдерлері деген – нарықтың бір бөлігі. Олар өткізумен қамтамасыз етеді, логистика және сақтау сынды қызмет түрлерін ұсынады.
4. Жел диірмендерімен күрес
Мінеушілер мен хайпқұмарларға сұрақ: айналым капиталы үшін сонша көп ақшаны қайдан аласыз? Шағын және орта бизнесте ондай қаражат жоқ. Жанар-жағармай құю станциялары онсыз да үнемшілдікпен күн кешіп отыр. Неліктен? Жауап менің алдыңғы жарияланымдарымда бар, онда мен мұнай-газ нарығының көптеген "сарапшыларын" таң қалдырған тезисті тұжырымдадым.
Қазақстандық трейдерлерді нарықтан қандай да бір керемет тәсілмен алып тастай отырып, біз ішкі нарықты 1 трлн теңгеге айналым қаражаты тұрғысынан қанатсыздандырамыз немесе халықаралық трейдерлердің келуі үшін нарықты тазартамыз.
5. Жаппай сату
Білесіз бе, ішкі жанар-жағармай нарығы туралы қатты ұрандар айтатындардың арасында нағыз кәсіпкерлер өте аз. Олардың өмірбаянымен жақсылап танысып алу керек. Біреу біздің нарыққа көтерме саудагерлер қажет емес деп айта бастаса, соның экономикалық біліміне күмәнім ұлғаяды.
Қарапайым сұрақ: кір жуғыш ұнтақ қайда арзан? Әрине, үлкен желілік супермаркетте.
Бұл басқа да тауарларға қатысты нәрсе. Классикалық экономикалық теория: өндіріс/сауда неғұрлым үлкен болса, масштабты үнемдеу соғұрлым маңызды болады.
Егер 2-3 ірі мұнай трейдерлерінің орнына жүз немесе одан да аз ойыншы келсе, көтерме бағалар төмендей ме? Жоқ. Олар бағаны үдетеді, ал нарықтағы өтімділік мәселесі одан әрі дамуды тежейтін фактор болады.
6. Әлеуметтік дизель
2021 жылы екі ірі трейдингтік компания ішкі нарыққа 480 мың тонна жеңілдетілген дизель отынын жеткізді - басқа жеткізушілердің бағасы 300-320 мың теңге болған кезде орташа есеппен тоннасына 200 мың теңгеден (литріне шамамен 165 теңге) жеткізді!
Шаруа қожалықтары ірі трейдерлерден дизель отынын нарық бағасынан айтарлықтай төмен бағамен алады, және бұл Қазақстандағы азық-түлік бағасын тежеудің нақты құралы.
Коммуналдық кәсіпорындарға жеңілдетілген дизель көлемінің 64% - дан астамы және жылыту үшін мазуттың 70% - ын екі ірі мұнай трейдерлері жеткізеді.
Шағын және орта бизнес ауыл шаруашылығын және ЖЭО-ны дәл осындай көлемде субсидиялай ма? Оған қатты күмәнданамын.
7. Тұрақтылықтан дамуға
Шын мәнінде, қазіргі нарық моделі көтерме жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді және ішкі нарықтағы бағаның құбылмалылығын төмендетеді. Көптеген шағын ойыншылар уақыт өте келе нарықты ірілендіруге және шоғырландыруға келеді: банк секторымен де, ауыл шаруашылығымен де солай болды.
Ірі және әлеуметтік жауапты қазақстандық мұнай трейдерлерінің болуы отынды жуатын немесе жоспарлы түрде бағаны көтеретін шетелдік ойыншылардың келуіне қарағанда әлдеқайда жақсы.
Сонымен қатар, мен шетелдік флагмандардың - Vitol Group, Trafigura, Glencore International AG, Gunvor үлгісі бойынша болашақта көп бейінді холдингтер бола алатын, бұл Қазақстанға ТМД - дағы сауда және саяси ұстанымдарын нығайтуға мүмкіндік беретін ірі мұнай трейдинг компанияларын одан әрі дамытудың жақтаушымын. Мысалы, қазір біздің ұн өндірушілер Өзбекстанның астық сатып алуға, өзінде қайта өңдеуге және дайын өнімді көрші елдерге экспорттауға ұмтылатын тосқауыл шараларына шағымданады.
Мұнай мен мұнай өнімдерін ғана емес, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін, металдарды және т.б. біріктіретін ірі трейдингтік компаниялар көрші елдердің осындай жағдайларына тиімді қарсы тұра алар еді.
P.S. Егер бізде отынға "әлеуметтік" бағалар қажет болса, онда біз ірі ойыншыларсыз жасай алмаймыз. Егер біз баға белгілеудің нарықтық тетіктерін құруға дайын болсақ, қазақстандық нарық бұған дайын.
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін