Құрылысқа модульдік технологияларды енгізу қажет

9347

Заманауи құрылыс әдістері саласының сарапшысы, Ұлыбританияның Рединг университетінің түлегі, құрылыс менеджменті мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі Адат Әділхан еліміздің құрылыс саласында қалыптасқан дәстүрлі бизнес модельге көзқарасын білдіріп, осы салада жаңа көшбасшылар буыны қалыптасатынына сенімді.

Құрылысқа модульдік технологияларды енгізу қажет

Сырттай қарағанда елімізде құрылыс саласы қарқынды дамып келе жатқандай. Сән-салтанаты келіскен бизнес орталықтары мен кәсіпкерлік нысандардан бөлек, әлеуметтік мекемелер де бой түзеуде. Жыл сайын ел азаматтарына арналған миллиондаған шаршы метр тұрғын үй салынуда. Көптеген құрылыс компаниясы бизнесін банктермен және үкіметпен тығыз ынтымақтастық орната отырып жүргізуде. Бұл оларға қолжетімді баспана саналатын пәтерлерді жаппай сатуға мүмкіндік беруде. Сонымен қатар, қымбатырақ әрі өте жайлы элиталық тұрғын үйлер де жоқ емес.

Әрине құрылыс бизнесінің жетістіктері бізді қуантары хақ. Алайда мамандардың арасында құрылыс қарқынын басқадай тәсілмен жандандыруды ойланатындар да бар.

Мәселен, заманауи құрылыс әдістері саласының сарапшысы, Ұлыбританияның Рединг университетінің түлегі, құрылыс менеджменті мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі Адат Әділхан еліміздің құрылыс саласында қалыптасқан дәстүрлі бизнес модельге көзқарасын білдіріп, осы салада жаңа көшбасшылар буыны қалыптасатынына сенімді.

Адат Әділхан өз сөзінде былай дейді:

– Елімізде қолжетімді баспана сату тетіктерін жетілдіру қажет екеніне отандастарымның назарын аударғым келеді. Өкінішке қарай, құрылыс саласында бағаны арзандатуға сапаны төмендету арқылы қол жеткізілуде. Қазіргі мемлекеттік қолдаудың жолдары көбіне біліктілігі күмәнді немесе ұзақ мерзімді дамуды көздей қоймайтын, уақытша ашылған кәсіпорындармен жұмыс істеуге бағытталған. Ауқымы мен әлеуметтік-экономикалық маңызына қарамастан, құрылыс секторы, әсіресе, менеджмент тұрғысынан аз зерттелген сала болып қалуда. Дербес кәсіби институттар мен нарыққа бейімделген, бизнестің кадрға деген сұранымын толық қанағаттандыратын жоғары оқу орындардың болмауы саланың тиімділігіне кері әсер етуде. Сонымен қатар, құрылысшылардың қолайсыз климаттық жағдайда еңбек етуі, үстеме жұмыстың болуы, шығындардың көптігі, құрылыстың жыл бойы үздіксіз жүрмеуі және құрылыс бизнесі жобалық негізде атқарылуы онсыз да маржиналдығы төмен құрылыс секторының теріс имиджін қалыптастыруда.

Бір қуантарлығы, елордамыз Ұлыбритания, Сингапур, Германия сияқты елдерден үлгі алып, құрылыстың модульдік технологиясын енгізуге ниетті. Ең бастысы, нарыққа арналған баспана мен әлеуметтік тұрғын үйдің сапасы бірдей болады. Үй жартылай жақсы, жартылай нашар салынбайды. Сонымен қатар, модульдік құрылыс – цифрлық технологияны өрістетуге таптырмайтын алаң. Модульдік технология мен цифрландырудың құрылыс инновациясында тоғысуы – осы саланы дамытудың келесі кезеңі болатынына сенімдімін.

– Модульдік құрылыстан не күтеміз?

– Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, құрылыс процесінің 90%-ы қосалқы мердігерлікпен байланысты. Келісім-шарттар тек қажет болған кезде ғана құрылған мердігерлік командалармен жасалады. Бұндай компаниялар қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға қаржы бөлуден жалтарады. Сол себепті, қызметкерлері жиі ауысып, біліктілігі төмен болады. Нәтижесінде түпкілікті өнімнің сапасы құлдырап, өзіндік құны артып, құрылыс мерзімі созылып жатады. Осы саладағы көптеген мәселені заманауи әдістерімен шешуге болатынын айтқым келеді. Бұл тұрғыда құрылыстың модульдік әдістеріне көңіл аудару қажет.

Қысқаша айтқанда, құрылыстың модульдік әдісінде жұмыстың көп бөлігі құрылыс алаңында емес, зауытта жасалып, жобаны іске асыруда мүдделі тараптар аз болады. Мысалы, монолитшілерді, қасбетпен қаптаушыларды, терезе орнатушылар мен әрлеу жұмыстарын жүргізушілерді құрылыс алаңына шақырудың керегі болмайды. Бұл жұмыстың бәрі өндіріс жағдайында жүзеге асырылады. Құрылыс алаңында артық жұмыстардың болмауына байланысты қаланың ластануы төмендейді.

– Бұл еліміздің құрылыс саласына келген жаңашылдықтың бірі ме?

– Солай деп айтуға да болады. Бірақ салыстырмалы түрде Еуропада мұндай жүйе көптен бері бар. Модульдік технологияға Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жаппай құрылыс кезінде қажеттілік туындады. Алайда, ол уақытта құрылыс сапасы басты назарда болған жоқ. Тұрғын үй салудың уақыты мен көлемі маңызды еді. Осылайша, адамдарда өнеркәсіптік құрылысқа күмәнмен қарау әдеті пайда болды. Дегенмен, бүгінгі күні модульдік үйлер құрылысы қайта жанданып, әлемдік трендке айналып отыр.

– Модульдік үйлер құрылысының тағы қандай ерекшелігі бар?  

– Модульдік құрылыс сапасын жоғалтпастан жылдам үй салуға мүмкіндік береді. Өйткені, уақыт тұрғын үй бағасына тікелей әсер етеді (жалақы, электр энергиясы, қарыз қаражатын қайтару және т.б.). Дайын блоктардан салынған ғимараттар энергияны үнемдейді, жылу сақтау мен дыбысты оқшаулау үшін ең жақсы техникалық шешімдерді ұсынады. Тіпті жері тар қалада да ғимаратты өте жылдам тұрғызуға болады. Бұл әсіресе қазіргідей халықтың ауылдан қалаға көшіп жатқан кезінде өте өзекті мәселе. 

Модульдік үйлердің құрылысы кезінде қызметкерлердің жұмысына қолайлы әрі қауіпсіз орта қамтамасыз етіліп, шикізат пен материалдарды пайдалану да оңтайландырылады. Процестерді автоматтандыруға байланысты, жұмыс күші де азырақ қажет болады.

– Модульдік технологиялардың көрнекті жетістіктері қандай?

– Google бірнеше жыл бұрын Factory OS модульдік құрылыс компаниясына 30 миллион доллар инвестиция құйды. Бұл Калифорниядағы баспана бағасын 20%-дан 50%-ға дейін төмендету мен алпауыт IT компания қызметкерлерінің баспана мәселесін шешу мақсатымен жасалған еді. Тағы бір мысал, 2016 жылы Нью-Йоркте әлемдегі ең биік модульді зәулім ғимараттың құрылысы аяқталды. Ол 930 блоктан тұрғызылып, дәстүрлі технологиямен салыстырғанда бюджеттің 20%-ға төмендегенін көрсетті. Жоба бойынша 363 пәтер салынып, жартысы қолжетімді баспана ретінде берілді. Ал үш жылдан кейін Сингапурдың Clement Canopy жобасы биіктіктің рекордын жаңартты. 140 метрлік екі мұнара модульдік технологияның үздік үлгісіне айналды.

– Неліктен бұл технологияны әлі күнге дейін көп компания пайдалана қоймады?

– Бұндай жобалар едәуір көлемде бастапқы инвестиция салуды талап етеді. Қазіргі құрылыс саласының қиындықтарын ескерер болсақ, бұған көп компания қол жеткізе алмайды. Бұл тек қаржыландыру мәселесі ғана емес, ең басты фактор – жаңаша ойлаудың қажеттілігі. Құрылыс секторы инновация тұрғысынан бұрынғыдай дәстүрлі түрде қалып отыр. Алайда модульдік құрылыс – осы саланың жеңімпаздары мен осалдарын анықтайтын болады.

Нағашбек Алданов

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу