Арнайы білімі мен құзыреті бар мамандарды шетелден шақыртып дәніккен мердігерлерге пандемия айтарлықтай ауыр болды. Жұмыс күші де қазір елордаға қарағанда өмір сүру құны арзан оңтүстіктегі өңірлерге ойыса бастаған. Оңтүстіктегі құрылыс дүмпуі мемлекеттің ірі қалаларының құрылыс алаңдарын жұмысшысыз қалдырды деуге де болады. Шетелдік жұмысшыларға тәуелді болудың қаупі тым көп. Ол тәуекелдің зардабына бірінші кезекте бизнестің өзі тап болуы әбден мүмкін. Мәселе осында болып тұр.
The Sunday Times жасаған жыл сайынғы рейтингте тек екі құрылыс компаниясы ғана Ұлыбританияның үздік 100 жұмыс берушінің қатарына еніпті. Үздіктер тізімінде көбінесе IT-компаниялардың, қаржы институттарының, қонақүй бизнесі, маркетинг және риэлторлық қызметпен айналысатын агенттіктердің үлесі басым болып шыққан. Бір сөзбен айтқанда қызмет көрсету саласы өндірістің алдына түсіп отыр. Оған қоса АҚШ-тың 2018 жылдың еңбек статистикасына сәйкес федералдық бюро құрылыс саласын жарақат қаупі ең жоғары өндіріс деп атады.
Әлем сарапшылары құрылыс саласындағы қиындықтарды тізгін ұстаушылардың қатал корпоративтік мәдениеттен бас тартпай отыруымен байланыстырады. Аптасына 6 күн бойы 12 сағаттан жұмыс істеу талабы саладағы мамандардың ерте шалдығып, жұмыстан қажуына түрткі болатын көрінеді. Өзге салалар бүкіл өндірісті автоматтандыруға жан салып жатса, құрылыс менеджерлері дәстүрлі тәсілдерден айырылғысы жоқ.
Жұмысшылар компаниялардан ғана емес, жалпы құрылыс саласынан кетіп жатқаны өкінішті. Құрылыс менеджментін қайта қарау туралы айтқан кезде саладағы кәсіби аурулар туралы да айту қажет. Еңбек қатынастарының әлсіздігі ұжымды басқару сапасын да төмендетіп отыр. Тапсырыс алған мердігерлердің қара жұмыстың бәрін қосалқы мердігерге өткізіп, өздерін ортадағы жоба менеджері ретінде ұстауы да қарапайым құрылысшы мамандығын тартымсыз ете түсуде. Бір күндік табысын ойлайтын қосалқы мердігердің мейлінше мол пайда табу үшін жұмысшының жағдайын жасамауы қалыпты үрдіске айналған. Қосалқы мердігерлік ұйымдарға жұмыстың тоқтамауы үйреншікті жағдай. Ұйым басшылары мамандардың білім-білігін арттыруға қаржы жұмсағысы да келмейтіні рас. Тоқетерін айтсақ, құрылыс компанияларына қазір технологиялар енгізіп, мамандарды соған лайықтаудан гөрі ескі тәсілмен, ауыр жұмыстың бәрін адам қолымен жасау арзан көрін жатқан сияқты. Бірақ осындай консервативті көзқарас жалпы саланың табысына кері әсер етіп, экономиканың ахуалын тарылтуда.
Біз соңғы жүздеген жылдар ішінде заманауи өндірістік бизнестен сабақ алып, оларды дәстүрлі құрылысқа қолдануымыз керек деп санаймын. Индустриялық технологиялар құрылыс саласының модернизациясына тікелей әсер етеді. Бір жағынан, инновацияларды енгізу саладағы біліктілік талаптарын арттырса, екінші жақтан, өнеркәсіптік технологиялар адам еңбегінің үлесін төмендетуіне кепіл. Осылайша, егер дәстүрлі бизнес-модельде мердігерлер кең серіктестік желіге байлаулы болса, өндірістік форматқа көшу құрылыс-инвестициялық компаниялардан кадрлық саясатты қайта қарауды талап етеді, өйткені құзыреттіліктің көп бөлігі өздерінің бизнес-контурына өтеді. Бұл кадрларды даярлаудағы бизнес жауапкершілігінің артуын меңзейді.
Бұған қоса, адам ресурстарының менеджменті (Human Resource Management) деген ұғым да ескіріп, орнына адам потенциалының менеджменті (Human Potential Management) тұжырымдасы күн тәртібіне шығып отыр. Адамға пайдалы ресурс ретінде қарау архаикалық түсінікке айналды. Ой еңбегіне сүйенген жоғары білікті мамандардың қатары артқан сайын "адам ресурсы" деген сөздің өзіне қарсы тұрушылар көбейе беретіні анық. Сондықтан адамға өз потенциалын іске асыруға мүмкіндік бере отырып, содан жетістік көру әлдеқайда тиімді болмақ.
Адат Әділхан
Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін