Ысырапшылдыққа салынып алынатын несиелер көп

744

Жалпы мақсатсыз, қандай да бір кәсіпке бағытталмаған, эмоцияның, қызығушылықтың әсерімен алынатын несиелерге қарсы адамның бірімін. Көп адам осымен келіседі деп ойлаймын, бірақ та қазақстандықтардың (арасында) әлі де жөн-жосықсыз несие алып жатқандары өте көп. Қарызын төлей алмай, өзінің несие тарихын бұзып жатқандар да бар. Нақты бір мақсатқа байланысты емес алынатын несиелердің де саны өте көп.

Ысырапшылдыққа салынып алынатын несиелер көп

 

Ойынқұмарлар, басқа да жағдайға түсіп кеткендер қарызды өз бетімен алып, аяғында оны әйелі білмей, арты ұрыс-керіске айналып жатады. Сол үшін де жанұяда қандай да бір байланыс орнап, несие алу ақылдасып жасалынатын дүниеге айналады деп ойлаймын.

Бұл норма күйеуін әйеліне, әйелін күйеуіне тәуелді қылады дегенге қисыны келмейді. Өйткені қазіргі қоғам өте ашық, барлығының да құқығы бір, бәрі де өз пікірін айта алуы керек. Үйдегі ауызбіршіліктің болмауы кәсіп, табыс болмағанда, күйеуі өз бетімен несие алып, оны басқа мақсаттарға жұмсаған кезде шығады.

Адамдар не үшін несие алады дегенге келетін болсақ, көбі жағдайдың жоқтығынан. Мысалы, қыркүйек айы жақындап келеді, бір үйде үш-төрт бала тәрбиелеп отырған отбасылар бар, олар мектепке қажет заттарды алу үшін несиеге кіріп жатады. Сол үшін де халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілуі керек. Тапқан табысы киімге, азық-түлікке, коммуналдық шығындарға және адамның дамуына да жетуі керек. Сондықтан да инфляцияның алдын алып, ақшаның құндылығына назар аударуымыз керек. Яғни, ақша құнсыздаған сайын біздің несиеге тәуелділігіміз арта береді. Инфляцияны төмендетіп, халықты жұмыспен қамтуымыз керек. Екіншіден, көрпеге қарай көсілу де маңызды. Өткен жылы тұтынушылық несиелердің 80 пайызы той-томалаққа, табыс әкелмейтін салаға алынған. Ешқандай есепсіз, есерленіп, ысырапшылдыққа салынып алынатын несиелер көп. Осындай пайдасыз шығындардың алдын алатын болсақ, адамдардың несиеге батуын тоқтатамыз. Әрине, бұған адамдардың өзі де дайын болуы керек. Тапқан табысын жинақтап, тиімді басқара білетін болса ғана нәтиже болады.

Кепілсіз несие және микрокредиттер бойынша жылдық пайыздық сыйақы мөлшерлемесі 56 пайыздан 43 пайызға дейін төмендеді деп айтылып жатыр. Айтарлықтай азайды деп айта алмаймын. Бізде жалпы Орталық Азия бойынша әлемдік статистикада ең жоғарғы ставка. Оған Ұлттық Банктің қайта қаржыландыру ставкасы әсер етеді. Оны да түсіру керек, егер де мемлекет қайта қаржыландыру ставкасын төмендететін болса, онда банктердің беретін ипотекалық және тұтынушылық несиелері төмендейді. Ипотека пайызының төмендеуі адамдарға тиімді болады, себебі ай сайынғы несиелік ауыртпашылық азаяды.

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу