Жабылған полигондардың радиациясы әлі күнге дейін тарап біткен жоқ

1667

Қазақстандағы Ресей полигондардын қысқартып, жерді жайылымға беру жоспарлануда. 

Жабылған полигондардың радиациясы әлі күнге дейін тарап біткен жоқ

Парламент Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев Ресейдің Қазақстан аумағындағы әскери полигондарына қатысты маңызды мәселені көтерді.

Ол үкімет басшысының атына сауал жолдады. Депутат 1995 жылдан бастап Ресей Қазақстаннан әскери полигондар үшін 8,5 млн гектардан астам жерді әр гектары үшін 1050 теңгеге ақы төлеп келетінін айтады. Мұншама үлкен жер 86 мың шаршы шақырымға тең. 

Депутат Ресей жалға алған әскери полигондардың аумағын қысқартуды, босаған жерлерді қазақстандық фермерлерге беруді  ұсынды. 
8,5 миллион гектардан астам жер орасан көп аумақ. Осыншама жерді жалға беріп қана қоймай, ол үшін тиын-тебен алып отырғанымыз  жөн бе? Әрі бұл аумақтарда Ресейдің Қорғаныс министрлігі ракеталарын сынақтан өткізіп, қоршаған ортаға үлкен зиян тигізіп келеді. Ал Ресейге жалға берілген жерлердің үлкендігі соншалық, ол далалар әлемдегі кейбір мемлекеттердің жерімен шамалас аумақ. Бүкіл Әзірбайжанның жері біздің Ресейге жалға берген жерімізден сәл-ақ үлкен. Біздің Ресейге жалға берген жеріміз 86 мың шаршы шақырым болса, Әзірбайжанның аумағы 86, 6 мың шаршы шақырым. Ресейге жалға берген жеріміз Біріккен Араб Әмірліктерінің, Чехияның, Грузияның, Данияның, Нидерландының жерлерінен едәуір үлкен.

Қазақстанның жеріне орналасқан әскери полигондар сонау кеңес дәуірінде болған сынақ аумақтары еді. Кеңес Одағы тарағаннан кейін жабылмай, ары қарай оларды Ресей жалға алып пайдаланып келеді. Солардың ішіндегі ең зұлматты, ең жойқыны Семейдегі атом полигоны еді. 1949 жылдан 1989 жылдар аралығында Семей сынақ полигонында 468 ядролық сынақ өткізілген. Оның ішінде 616 ядролық және термоядролық бомба жарылған. Полигон "Семей-Невада" қозғалысының әрекетінің нәтижесінде жабылғандай болғанымен, қоршаған ортаға тараған радиациясы әлі күнге дейін тарап біткен жоқ. Ал еліміздің әр аумағында орналасқан өзге әскери полигондар осы күнге дейін сынақ өткізіп жүр. 

Ауыл партиясынан сайланған депутат Серік Егізбаев комиссия құрайық, Ресеймен келіссөздер жүргізуге депутаттар болып біз де атсалысайық дегенді айтады. Әскери полигондардың жалға берілуі 2030 жылға дейін келісіліп қойған екен. Комиссия тез арада полигондарды қысқарту немесе оларды пайдалану төлемақысын көтеру мәселесін көлденең қойсақ дегенге келтіреді. Төлемақысын көтеріп, қаржыны сол жерлерге келтіріліп жатқан залалды азайтуға және төңірегіндегі тұрғындардың денсаулығын жақсартуға  жұмсау керек. 

Ракеталарды сынақтан өткізудің ең бір тұрпайы жағы – оларды Қазақстаннан жалға алынған жерлерге ұзақтан атып жаруы. Мысалы, Сарышағандағы полигонға шартты нысанды белгілеп, оны Астрахань облысында орналасқан "Капустин Яр" полигонынан "Тополь" деген континентаралық баллистикалық ракетамен атады екен. Содан кейін Ресейдің Қорғаныс министрлігі президентіне және халқына "Сынақ сәтті өткізілді, нысан жойылды" деп ақпар береді. Сондай сынақтың бірі, алысқа бармай-ақ, 2022 жылдың 2 желтоқсанында жасалды. 

Сарышаған жалға берілген ірі полигондардың бірі. Ал одан бөлек тағы қаншама полигон бар дегенге келсек, көптігі төбе шашыңыз тік тұратындай. Сарышаған 1956 жылы Бетпақ далда құрылды. Полигонның аумағы Ақтөбе, Қызылорда, Қарағанды және Жамбыл облыстарының кей тұстарын алып жатыр. Ресейге 1996 жылдан жалға беріледі. 2019 жылдан бері 6 985,0 мың гектар жерді жалға алғаны үшін жылына 16 275 774 доллар төлейді. Бір гектар жердің құны –2,33 доллар. Бұл сома 1040 теңгеге тең. 

Фото: sputnik.kz

Атырау облысы аумағында орналасқан Тайсойған әскери полигоны 1949 жылы құрылған. 1952 жылдан бастап ядролық сынақтар өткен. 1966 - 1977 жылдар аралығында Тайсойғанда 24 жер асты ядролық сынағы болған. 125 мың гектар жерді Ресей пайдаланып келеді. Батыс Қазақстан облысындағы Бөкей ордасындағы әскери сынақ алаңы Ресейдің "Капустин Яр" зымыран полигонның құрамына кіреді. Ресей Бөкей ордасында 1323,0 мың гектар жерді жалға алып отыр. Жыл сайын 3 082 865 доллар төлейді. Батыс Қазақстандағы полигонға Ресей аумағынан ұшырылған зымырандардың бөлшектері келіп құлайды.

Фото: funart.pro

Байқоңыр ғарыш айлағы Ресейге 1994  жылдан бері жалға беріледі. 2004 жылы ғарыш айлағын жалға алу мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылған. Алғашқы жер бетіндегі ядролық жарылыс 1956 жылдың 2-ақпанында Арал қаласы маңында жасалыпты. Ал Атырау облысының аумағындағы "Азғыр" полигонында 1966-1977 жылдар аралығында 17 ядролық жарылыс жасалған. Бұдан кейін тағы 15 жарылыс жасалды, оның үшеуі Маңғыстау түбегінде орын алды. Батыс-Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында  "Азғыр", "929-шы ГЛИЦ", "Жем"  деген полигондар және Ресейдің "Капустин Яр", "Ашулук" полигондарының тұрақты шартты нысандары бар. 
Міне, көріп отырғанымыздай, полигондардың әлі күнге дейін жабылмай келуі үлкен проблема туындатады. Оларды енді ауыл шаруашылығы мақсатына жаратайық деген пікір айтыла бастады.

 

Автордың пікірі редакцияның көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін

Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу