Inbusiness оқырмандарға теңгенің доллар, рубльге, юаньге және еурога қатысты бағамы бойынша апта сайынғы валюта болжамын ұсынады
Доллардың жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Рубльдің жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Еуроның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Юанның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Atameken Business Channel теңгенің долларға және рубльге қатысты бағамына арналған кезекті апталық валюта болжамын оқырман назарына ұсынады (14 мамыр - 18 мамыр).
Аbctv.kz-ке пікір білдірген сарапшылардың айтуынша, келер аптада валюта бағамының құрылуына әсер ететін негізгі фактор – АҚШ-тың Иранмен арадағы ядролық келісімнен бас тартуы. Бұл туралы біздің дәстүрлі сауалнамаға қатысқан сарапшылардың барлығы дерлік өз пікірлерінде атап өтті. Еске сала кетейік, осы сейсенбіде Дональд Трамп АҚШ-тың жоғарыда аталған келісімнен бас тартқысы келетінін айтты. Сондай-ақ, 2015 жылы күші жойылған Иранға қарсы эконмикалық санкцияларды қайта қалпына келтіруге болатынын мәлімдеді.
Бұл жаңалық мұнай бағасының айтарлықтай өсуіне алып келді. Сондай-ақ, бұл жағдай шикізатқа бағдарланған барлық валюталардың да бағамына әсер етті. Сонымен қатар, сарапшылардың барлығы бұл жағдай энергия тасымалдаушылар нарығына да әсер ететінін атап өтті. Сарапшылар Трамптың мәлімдемесінен бөлек, «қара алтын» бағасына әсер ететін факторлар ретінде ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіруді азайту жөніндегі келісімінің орындалуын («ФИНАМ», Wall Street Invest Partners) және Израиль мен Иран арасындағы байланыстың ушыға түсуін (Gerchik&Co) атапты.
Сондай-ақ, сарапшылар валюта бағамына әсер ететін өзге де триггерлер қатарына АҚШ инфляциясы жөніндегі деректердің мардымсыздығын («ФИНАМ», «Телетрейд Групп»), стратегиялық әріптес ретінде Қазақстанның Еурокомиссияға қосылуын («Альпари») және Қазақстанның мемлекеттік қарызының айтарлықтай өсуін (IFC Markets) қосқан екен.
Сарапшылардың толық пікірін аbctv.kz дайындаған төмендегі кезекті сауалнамадан оқи аласыздар.
Наталья Мильчакова, «Альпари» сараптамалық департаменті директорының орынбасары:
Қазақстандық БАҚ-та тараған ақпаратқа сүйенсек, өткен аптада Еурокомиссия Қазақстанды стратегиялық әріптестердің қатарына қосыпты. Ал Еуроодақ стратегиялық әріптестерге «техникалық және қаржылық көмектің ерекше шарттарын, озық тәжірибесі мен білімін беруді» ұсынады. Мұнай бағасының жоғарылығын еске алсақ, бұл жаңалық теңгенің долларға қатысты бағамының өсуіне айтарлықтай жақсы әсер етуі мүмкін.
Теңгенің долларға қатысты бағамы бір доллар үшін 329-332 теңге, ал рубльге шаққандағы бағамы бір рубль үшін 5,25-5,3 теңге деңгейінде болады деп болжам жасап отырмыз.
Сергей Дроздов, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:
Өткен сауда сессиясының қорытындысы бойынша АҚШ-тың қор индикаторлары инфляция жөніндегі деректердің әлдеқайда мардымсыздығы жағдайында өсім көрсете отырып жабылды. Бұл көрсеткіштер АҚШ федералды қор жүйесінің ақша саясатын қатаңдату бойынша шешім қабылдауына әсер ететін негізгі факторлардың бірі болмақ.
S&P500 нарығының индексі 0,94%-ға артып, жүз күндік құбылмалы орташа деңгейден әлдеқайда жоғары жабылды. Осылайша, ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап жалғасып келе жатқан трендтің «сеңі» де бұзылды. Dow Jones өндірістік индексі 0,80%-ға артты. Ал жоғары технологиялық NASDAQ 0,89%-ға ұлғайды. 10 жылдық қазынашылық облигациялар екі базистік көрсеткішке, яғни 2,97%-ға дейін төмендеді.
Өткен сауда сессиясында мұнай бағасы 0,12%-ға өсіп, 77,47 доллар деңгейінде жабылды. Мұнай бағасы АҚШ-тың Иранмен арадағы ядролық келісімнен бас тартатындығы туралы Траптың мәлімдемесінен кейін көтеріліп отырғаны анық. Өз кезегінде Fitch рейтинг агенттігінің сарапшылары Brent сұрыпты мұнайдың бағасы 70 доллар деңгейіне қайтып келеді деп болжам жасап отыр. Олардың айтуынша, қазіргі деңгей аса тұрақты емес. Оның үстіне мұнай бағасының жоғарылығы ОПЕК+ ұйымының мұнай өндіруді азайту туралы келісімді келесі жылға дейін ұзарту туралы консенсусқа қол жеткізуге кедергі келтіруі ықтимал.
Соған қарамастан, мұнай бағасының өсуінің негізгі себебі ОПЕК+ елдерінің мұнай өндіруді азайту туралы келісімінде жатқанын еске сала кеткен жөн. Себебі, бұл келісім әлемдік энергия тасымалдау нарығындағы теңгерімді тұрақтандыруға үлес қосады. Бұдан бөлек, соңғы жылдары мұнай бағасының төмендеуіне байланысты аталған салаға тартылған инвестиция көлемі күрт төмендеп кетті. Бұл жағдай қазірдің өзінде жеткізілім тапшылығын тудырып отыр, сондай-ақ мұнай бағасының өсуі үшін қосымша драйвер ретінде әсер етуде. 20 сәуір күні Джидда қаласында өткен ОПЕК+ министрлік комитетінің отырысынан соң, картель мен оның одақтастары «қара алтын» нарығындағы баға құрылымынан әрдайым хабардар болу керек екендігін түсіндіргендей болды. Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид әл-Фалих бұл кезеңде картель мен оның одақтастарының мақсаты әлі анықталмағанын және мәміледе бас тарту туралы әңгіме қозғауға әлі ерте екенін ерекше атап өтті.
ОПЕК+ комитетінің кезекті отырысы 22 мамыр күні Сауд Арабиясында өтеді.
Келесі аптада теңгенің негізгі үш валютаға қатысты бағамы бір рубль үшін 5,2-5,5 теңге, доллар 325-328 теңге, еуро 386-340 теңге болады деген болжамды ұсынамыз.
Серік Қозыбаев, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ инвестициялық талдау бөлімінің басшысы:
АҚШ президенті Иранның ядролық бағдарламасы туралы келісімнен бас тартып, санкцияларды қайта жандандыратынын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде өткен аптада «қара алтын» бағасының өсуіне алып келді. Мұнай бағасының жоғарылығының нәтижесінде ресей рублі нығая түсті. Бірақ, рубльдің нығаюы ұзақ уақыт бойы сақталады дегенге сенбеймін. Өйткені, Ресейге қарсы санкциялар әлі күшін жойған жоқ. Алдағы аптада рубль бағамында да, теңге бағамында да айтарлықтай өзгеріс болмайды деп ойлаймын. Меніңше, екі валюта да қазіргі деңгейінде саудалана бермек.
CoinFi зерттеуіне сәйкес, криптовалюталардың бастапқы орналастырылуына (ICO) қатысқан инвесторлардың үштен бірі өз валюталарын алғашқы мүмкіндік туындаған сәтте-ақ сатып жіберген екен. Бұл аталған нарық үшін жағымсыз жаңалық, әрине. Сондықтан, криптовалютаға қатысты жаңа болжамым жағымсыз болып отыр.
Келесі аптаға ұсынып отырған болжамым: бір доллар 62-64 рубль, бір АҚШ доллары 326-331 теңге, бір рубль 5,2-5,4 теңге, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 72-77 доллар, бір биткойн 7500-10000 доллар.
Ілияс Басшығұл, Wall Street Invest Partners шеф-сарапшысы:
АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларды қайта жандандырып, аталған елден мұнай өнімдерін тасымалдауға жаңа шектеулер енгізуінен кейін мұнай нарығындағы баға айтарлық өсім көрсетті. Өткен аптаның сейсенбісінде Дональд Трамп АҚШ-тың Иранмен арадағы ядролық келісімнен бас тартатынын мәлімдеді. Есесіне, Тегеранға қарсы жаңа санкциялар енгізетінін айтып, өзге елдерге сес көрсетті. Иранға қарсы санциялардың қайта жандануы ғаламдық мұнай қорының азаюына алып келуі мүмкін. Себебі, санкциялар иран мұнайының экспортын тығырыққа тіреуі ықтимал. Қысқа мерзімді болашақта Иранға қарсы санкциялардың жандануы шектеулі сипатта орын алары анық. Өйткені, санкциялар 180 күннің ішінде енгізілуі керек. Ал оның әсері қараша айында білене бастайды. Сарапшылардың болжамынша, мұнай бағасы күрт өсуі мүмкін. Тіпті, барреліне 90-100 долларға дейін жетуі ықтимал. АҚШ энергетика министрлігінің апталық баяндамасының деректеріне сүйенсек, АҚШ-тағы коммерциялық мұнай қорлары өткен аптада 2 197 мың баррельге дейін азайып, 433,758 млн барральге жеткен. Ал мұнай бағасы 77-77,5 деңгейіне бір-ақ көтерілді. Жақын күндері бұл көрсеткіштің барреліне 80 доллар деңгейіне дейін шарықтауы да әбден мүмкін.
Ортамерзімді болашақтағы Қазақстан экономикасының жағдайы жарқын емес. Өйткені, Сауд Арабиясы нарықта шамамен иран мұнайының 1 млн баррелін орналастыруға дайын екендігін мәлімдеді. Өзге мемлекеттер де қарап отырмасы анық. Бұл жағдайда Қазақстан мұнай өндірісін ұлғайтушылардың қатарына қосылуы әбден мүмкін. Алайда мұндай жағдайда ОПЕК+ мәмілесі орындалмай қалады. Ал оның параметрлерін сақтамау теңгерімді бұзуға алып келуі ықтимал. Яғни, ұсыныс сұраныстан асып кетуі мүмкін. Егер бұл жағдай орын алатын болса, онда мұнай бағасы сөзсіз төмен құлдырайды.
Сондықтан, Иран айналасындағы геосаяси шиеленіске мұнай бағасының жоғарылығына әсер етіп отырған уақытша фактор деп қараған жөн. Ал «қара алтын» нарығындағы оң динамика теңге мен ресейлік рубльге айтарлықтай қолдау болмақ. Келесі аптада теңгенің долларға қатысты бағамы 324-329 теңге, ал рубльге қатысты бағамы 5,25-5,35 теңге деңгейінде болады деп болжам отырмыз.
Олег Богданов, «Телетрейд Групп» компаниясының бас сарапшысы:
АҚШ-тың Иранмен арадағы ядролық келісімнен бас тартуы мұнай бағасын күрт өсіріп жіберді. Brent сұрыпты мұнайдың бағасы барреліне 78 долларға дейін шарықтап шыға келді. Әрине, шикізатқа бағдарланған валюталардың барлығы бұл жағдайға жауап қайтаруы керек болатын. Осының нәтижесінде канадалық доллар, аустралиялық доллар, ресейлік рубль және қазақстандық теңге айтарлықтай өсті. Дамушы елдердің валюталарына АҚШ инфляциясы жөніндегі деректердің мардымсыздығы да қолдау көрсетті. Әзірше бұл сценарий жалғаса бермек. Алайда, жалпы теріс макроэкономикалық үрдістер етек жайып келеді. Яғни, деректер нашар, ал облигациялардың кірістілігі өсуде. Бұл жағдай дамушы елдердің валюталарын кез келген уақытта құлдыратып жіберуі мүмкін. Сондықтан, қазір USD/KZT жұбы 330 деңгейіне қайта оралуы ықтимал. Ал EUR/KZT жұбы 400 деңгейіне жақын орналаспақ. RUB/KZT жұбы 5,2-5,5 деңгейінде қала бермек.
Ерлан Қойшыбаев, Gerchik&Co компаниясының веб-серіктесі:
Ағымдағы аптада USD/KZT жұбы белгілі бір деңгейде тұрақты болады деп күтілуде. Бұл жағдай АҚШ долларының негізгі валюталарға қатысты бағамының нығаюымен байланысты. Сондай-ақ, теңгеге Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс қысым көрсетуі мүмкін. Себебі, екі ел арасындағы жағдай мұнай бағасына әсер етпей қоймайды. Келер аптада USD/KZT жұбы долларына 325-330 теңге деңгейінде болмақ.
Егер ресей рублі одан әрі нығая түсетін болса, онда RUB/KZT жұбы 5,2-5,6 деңгейінде саудаланбақ.
Дмитрий Лукашов, IFC Markets компаниясының сарапшысы:
Мұнай бағасының айтарлықтай жоғарылауының нәтижесінде қазақстандық валютаның америкалық долларға қатысты бағамы нығайды. Brent бағасы да АҚШ-тың Иранмен арадағы ядролық келісімнен бас тартуынан кейін 2014 жылдың қарашасынан бергі жоғары деңгейді бағындырды. Енді Иранға қарсы 2015 жылы тоқтатылған санкциялар қайта жандануы мүмкін. Еске сала кетейік, әлем мұнай өндірісіндегі Иранның үлесі – 4%.
Еуропа қайта құру және даму банкі Қазақстанның жалпы ішкі өніміне қатысты өз болжамын жақсартты. Дәлірек айтсақ, 2018 жылғы болжамды 3,5%-дан 3,9%-ға дейін, 2019 жылғы болжамды 3,8%-ға дейін арттырды. Бұл жаман нәтиже емес, әрине. Бірақ, Қазақстанның 2017 жылғы нақты жалпы ішкі өнімінен (4%) аздау.
Теңгенің ресейлік рубльге қатысты бағамы сәл-пәл әлсіреді. Бұған Қазақстанның мемлекеттік қарызының айтарлықтай ұлғаюы әсер еткен секілді. Осы жылдың наурыз айында қарыз көлемі 45,5 млрд долларға жетті. Бұл бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 20,9%-ға жоғары. Соңғы бес жылда Қазақстанның мемлекеттік қарызы шамамен 4 есеге өсті.
Осы аптадағы бағамның құбылмалығы жайлы айтар болсақ, рубль 5,19-5,4 теңге, доллар 322-332 теңге болуы мүмкін.