Inbusiness оқырмандарға теңгенің доллар, рубльге, юаньге және еурога қатысты бағамы бойынша апта сайынғы валюта болжамын ұсынады
Доллардың жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Рубльдің жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Еуроның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Юанның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Atameken Business Channel оқырмандарға алдағы аптаға (17-21 шілде аралығына) теңгенің доллар мен рубльге қатысты валюта болжамын ұсынады.
Белгісіздік кезеңі және сонымен байланысты туындаған құбылмалылық нарықты жайлай бастайды. Алдағы аптада ОПЕК+ мұнай пактісінің тарихи шешіміне соңғы нүкте қойылмаса да, аралық шешімі шығары анық. Жағдайдың шешімі мұнай бағасының белгіленуінде маңызды рөл атқаратын картельдің жекелеген қатысушыларының екпінін ауыздықтай алуына байланысты болмақ. Мұнай нарығындағы жағдайдан басқа теңге бағамына келесі аптада Еуропалық орталық банктің ақша-несиелік саясаты жөніндегі және ҚР Ұлттық банкінің пайыздық мөлшерлемені төмендету жөніндегі шешімі әсер етеді. Ресейдің Орталық банкі мөлшерлемені қазіргі деңгейде сақтауы ықтимал, бұл негізгі мөлшерлеме тағы 25 базистік тармаққа төмендейді деген сарапшылардың болжамына қайшы келеді. Бұл теңгенің тағдырына белгісіздік әкеледі. Сарапшылардың толық пікірін abctv.kz дайындаған кезекті сауланамадан оқи аласыздар.
Наталья Мильчакова, «Альпари» талдау департаменті директорының орынбасары:
Қазақстанның Ұлттық банкі елдің 15 ірі банкіне қосымша қаржы бөліп, мерзімі өткен қарыздарды қайта құрылымдау үшін қаржылық көмек көрсететінін жариялады. Көмектің мөлшері 500 млрд теңгені (1,5 млрд доллар) құрайды. Қаржылық көмек 15 жылдық мерзімге несие түрінде беріледі. Алайда валюта нарығы банктерге көрсетілетін көмекке сенімсіздікпен қарады да теңгенің бағамы долларға қатысты баяу болса да төмендеуін жалғастырды.
Теңгенің долларға қатысты бағамы бойынша болжамымыз бір долларға 326-328 теңгені құрайды, ал теңгенің рубльге қатысты бағамы бойынша бір рубль 5,47-5,52 теңгемен саудаланады деп болжаймыз.
Ерлан Қойшыбаев, Gerchik&Co компаниясының веб-серіктесі:
Мұнай бағасы тұрақталып келе жатқанда теңге баяу төмендеп келеді, сондықтан келесі аптада валюта бағамы бір долларға шаққанда 327-332 теңге шамасында ауытқиды деп ойлаймын. Ал теңгенің ресей рубліне қатысты бағамы бір рубльге 5,4-5,5 теңге деңгейінде болады деп күтіледі.
Сергей Полыгалов, TeleTradeCentralAsia талдау тобының басшысы:
Доллардың бағамы ОПЕК, Еуропа орталық банкі және ҚР Ұлттық банкіне тәуелді болады.
Мұнай нарығындағы жағдай мәз емес. 2017 жылдың маусым айында өндірілген «қара алтын» көлемі 720 мың баррельге өсіп, 97,46 млн баррельді құрады. Тек қана ОПЕК елдерінде ғана өндіріс 393 мың бөшкеге өсіп, тәулігіне 32,61 млн баррельді құрады (өндірісті қысқарту туралы келісім болғанның өзінде). Нарық барынша өсімге қол жеткізуге тырысып жатыр. Дүйсенбі, 17 шілдеде,ОПЕК-тің кезектен тыс шұғыл отырысы өтпек, онда Ливия мен Нигериядағы мұнай өндірісін қысқарту туралы мәселе талқыланады. Бұл елдер маусым айында картельдің барлық статистикасын бұзды. Қысқарту туралы шешім қабылданатыны күмәнді, себебі Нигерия бұған үзілді-кесілді қарсы болып отыр. Егер мәселе шешімін таппаса, нарық тағы құлдырауға ұшырайды, бұл USD/KZT жұбының бағамы бір долларға ең кемі 335 теңгеге жетеді деген сөз.
ЕОБ 20 шілдеде кезекті отырысын өткізіп, ақша-несие саясаты жөніндегі шешімін жариялайды.
Доллардың нығаю ықтималдығы өте жоғары, әсіресе ФРЖ басшысы Джанет Йелен АҚШ сенатының банк комитеті алдында сөз сөйлегенде биыл мөлшерлемені одан әрі өсіру мүмкіндігі туралы айтуы доллардың одан әрі өсетіндігін аңғартады. Сондай-ақ теңгенің долларға қатысты бағамына Ұлттық банктің 17 шілдеде қабылданатын шешімі де әсер етуі мүмкін. Егер Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені төмендету туралы саясатын жалғастырса, келесі қадам 25 базистік тармақты құрауы ықтимал. Инфлция бұл қадамға баруға жол беріп тұр. Мұндай жағдайда доллар мен теңге арасындағы пайыздық мөлшерлемелердің арасы қысқарады да carry-ге деген сұраныс гринбэктің пайдасына қысқарады.
Жоғарыда аталған оқиғалар орын алған жағдайда USD/KZT жұбы бір америкалық долларға шаққанда 328-335 теңге аралығында саудаланады.
Сыртқы саяси қақтығыстардың үдеюіне байланысты Ресей валютасына үлкен қысым көрсетілуі мүмкін. Сенат Ресейге қарсы санкцияларды күшейту туралы заң жобасын қабылдады. Соңғы сөзді АҚШ конгресі айтады, ал ол оны еш қарсылықсыз қабылдауы әбден мүмкін.
Алдағы уақытта ОПЕК Нигерия мен Ливияны мұнай өндіруді қысқартуға келістіре алмаса, бұл ресейлік валютаға кері әсерін тигізеді.
Ал ҚР Ұлттық банкінің мөлшерлемені өзгертуі RUB/KZT жұбының бағамына еш әсер етпейді, себебі дифференциал нөлге жақын. RUB/KZT жұбы бойынша болжамым бір ресейлік валютаға 5,40-5,47 теңгені құрайды.
Михаил Цой, «Аналитика Онлайн Қазақстан» компаниясының бас қаржы сарапшысы:
Мұнай нарығындағы тұрақсыздықтың салдарынан теңгенің әлсіреуі жалғасып келеді, оған қоса тұрақсыз рубль де Қазақстан валютасына қысым көрсетіп отыр. Осы аптада теңге долларға қатысты 328,88-ге дейін арзандады, осылайша ол қаңтар айындағы ең төменгі көрсеткішіне қайта келді. Қазір теңге бір долларға шаққанда 327 теңгемен саудаланып тұр. KASE-нің жартыжылдық есебіне көз жүгіртсек, валюталық операциялардың артқаны байқалады, ол 82,6 трлн теңгені құрап, былтырғы жылғы көрсеткіштен 91,4%-ға ұлғайды. Осы мәліметтерді негізге ала отырып, мынадай қорытынды жасай аламын, валюталық операциялардың осынша өсуі девальвациялық қауіптің төніп тұрғанын байқатады, нарық қатысушыларының күтіп отырғаны да осы. Алдағы аптада үлкен оқиғалар болады деп ойламаймын, осыған орай USD/KZT жұбы 325-330 диапазонында саудаланады. RUB/KZT жұбына келер болсақ, ол бір рубльге 5,4-5,5 диапазонында саудалануын жалғастырады.
Серік Қозыбаев, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі»АҚ инвестициялық талдау бөлімінің бастығы:
Өткен апта жарқын оқиғаларға толы болды – АҚШ-тағы мұнай қорының азайғанына байланысты мұнай бағасы сәл өсті, ал доллардың индексі ФРЖ басшысының сөзінен кейін төмендеді. АҚШ реттеушісінің сөзі пайыздық мөлшерлемені өсіру мүмкіндігіне қатысты күмән тудырды, бұл дамушы нарыққа деген қызығушылықты арттырып, олардың валютасының нығаюына мүмкіндік берді. Мұнай бағасының өсуіне байланысты рубль айтарлықтай нығайды. Келесі аптада рубль барынша нығаюға тырысады, бірақ ол едәуір қыбаттайды деп күтілмейді. Болжанатын диапазон бір долларға 58-61 рубль, USD/KZT жұбы бойынша – 325-330, RUB/KZT жұбы бойынша – 5,40-5,50.
Дмитрий Лукашов, IFC Markets сарапшысы:
Мұнайдың қымбаттауына орай теңге бағамы америкалық долларға қатысты сәл нығаяды. Бұл үрдіс келесі аптада да сақталуы ықтимал. Ауытқу диапазоны бір долларға 321-328 теңгені құрауы мүмкін. Сонымен қатар Қазақстан валютасы ресейлік рубльге қатысты да нығаюы мүмкін. Бұған қарыштап дамып келе жатқан Қазақстан экономикасы жол ашуы тиіс. Болжам бойынша, елдің ЖІӨ биыл 2,5-3%-ға өсуі мүмкін, ал Ресейде экономикалық өсім 2%-дан төмен болады деп күтілуде. Сондай-ақ Ресейдегі өнеркәсіптік өндіріс көрсеткіштерінің қалып бара жатқаны да күшті әсер етуі ықтимал. 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл көрсеткіш Қазақстанда 7,8%-ға өсті, ал Ресейдің мәліметі әзірге жарияланған жоқ. Алдағы аптаға беретін болжамымыз – бір рубльге 5,39-5,56 теңге.
Богдан Зварич, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:
Келер аптада валюта нарығы қатысушыларының назары энергия тасымалдаушылар нарығындағы жағдайға ауады. АҚШ-тағы көмірсутек қорының азаюы Brent маркалы мұнай бағасын алға жетелейді, осының нәтижесінде оның бағасы келесі аптаның ішінде 50 доллардан асуы ықтимал, бұл Қазақстан валютасына қолдау көрсетеді. Сондай-ақ инвесторлар АҚШ-тың статистикалық мәліметіне назар аударады, алдағы аптада онда тұрғын үй нарығы жөніндегі мәліметтер, экспорттық және импорттық баға индекстері жарияланады.
Орын алған жағдайға байланысты америкалық валюта 320 теңгеге дейін төмендейді деп күтілуде. Ал рубль болса 5,5 теңге шамасына көтерілуі мүмкін.