Inbusiness оқырмандарға теңгенің доллар, рубльге, юаньге және еурога қатысты бағамы бойынша апта сайынғы валюта болжамын ұсынады
Доллардың жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Рубльдің жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Еуроның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Юанның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Atameken Business Channel теңгенің долларға және рубльге қатысты бағамына арналған кезекті апталық валюта болжамын оқырман назарына ұсынады (28 мамыр-1 маусым).
Алдағы аптада теңге бағамына әдеттегідей негізінен сыртқы факторлар әсер етпек. Аbctv.kz-ке пікір білдірген сарапшылар ең алдымен энергия тасымалдаушылар нарығындағы жағдайға баса мән беріп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейінгі сауалнамада сарапшылардың мұнай бағасының алдағы уақыттағы жай-күйіне қатысты пікірі қақ жарылған болатын. Қорытындысында айтарлықтай көтерілген мұнай бағасы аяқталып жатқан аптаның соңында бәрібір төмендеді. Төмендеп қана қоймай, теңге мен рубльдің бағамына кері әсерін тигізді. Сарапшылардың пікірінше, бұған негізінен мұнай өндіруді шектеу туралы ОПЕК+ келісімінің күшін жоюы мүмкін екендігі туралы ақпар себеп болған. Бұл мәселеге «ФИНАМ», «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ, Wall Street Invest Partners, TeleTrade және IFC Markets компанияларының өкілдері барынша тоқталып өтіпті. Олардың сөзінше, мұнай бағасы алдағы аптада да өзгермек.
Валюта бағамына әсер ететін тағы бір фактор – доллар индексі. Доллар индексі валюта бағамына алғаш рет әсер етіп отырған жоқ. «Альпари», Wall Street Invest Partners, TeleTrade және Gerchik&Co компанияларының сарапшылары өз пікірлерінде өсуге негіз болатындай драйверлердің жоқтығына қарамастан, америкалық доллардың нығаюы жалғасып келе жатқанын тілге тиек етіпті. Сондай-ақ, «ФИНАМ» және Wall Street Invest Partners сарапшылары Дональд Трамп пен Ким Чен Ын арасындағы кездесудің орын алмауы доллар бағамына айтарлықтай әсер етеді деп пікір білдіріпті.
Рубльге келер болсақ, сарапшылар («Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ, TeleTrade) Ресей валютасына салық кезеңінің аяқталуы қолдау көрсетеді деген ойда. Теңге бағамына қатысты пікір айтқан сарапшылар ішінен «Альпари» мен IFC Markets компанияларының өкілдерін бөле-жара атап өтуге болады. Нақтырақ айтсақ, алғашқысы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген жеке тұлғалар үшін жеке табыс салығын қысқарту туралы бастамасына тоқталса, екіншісі кезекті рет Қазақстан экономикасының даму тұрақтылығына басымдық беріпті.
Сарапшылардың толық пікірін abctv.kz дайындаған төмендегі кезекті сауалнамадан оқи аласыздар.
Наталья Мильчакова, «Альпари» компаниясының сараптамалық департамент директорының орынбасары:
Америкалық доллардың нығаюы, АҚШ-тың жаңа мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоның Иранға қатысты шұғыл мәлімдемесі, Оңтүстік Корея мен Солтүстік Корея арасындағы қарым-қатынастың қайтадан нашарлауы әзірше оптимизмнің артуына ықпал ете қойған жоқ. Brent мұнайының бағасы бір аптада небары 0,65%-ға ғана өсті. Бір баррель мұнайдың бағасы 80 долларға жеткенімен, әзірше тұрақты болмай тұр. Десе де, мұнай бағасы «қара алтынға» тәуелді бірқатар валютаның өсуіне оң әсер етті.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік тұрғыдан аз қамтамасыз етілген, яғни айлық жалақысы 185 доллардан аспайтын жеке тұлғалар үшін жеке табыс салығын 10 есе қысқарту туралы бастама көтерді. Шенеуніктердің есебінше, аталған салықты төмендету екі миллионнан астам ел тұрғынының еңбекақысын ұлғайтуға мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ, бюджетке түсетін түсімдердің өсуіне жол ашпақ. Валюта нарығы мемлекеттің бұл бастамасын жақсы қабылдады. Ал мұнай бағасының жоғарылығы теңгеге айтарлықтай қолдау болып тұр.
Теңгенің долларға қатысты бағамы бір доллар үшін 325-328 теңге, ал рубльге шаққандағы бағамы бір рубль үшін 5,29-5,33 теңге деңгейінде болады деп болжам жасап отырмыз.
Сергей Дроздов, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:
Трамптың Ким Чен Ынмен кездесуден бас тарту туралы мәлімдемесінен кейін бейсенбі күні америкалық қор индикаторлары сауда сессиясын төмендеумен аяқтады.
S&P500 нарығының индексі 0,20%-ға төмендеп, 2727,76 пункт деңгейінде жабылды. Dow Jones өндірістік индексі 0,30%-ға құлдырады. Ал жоғары технологиялық NASDAQ индексі 0,02%-ға кеміді. 10 жылдық қазынашылық облигациялар екі базистік көрсеткішке төмендеп, 2,97%-ды құрады.
Осы жылы орын алған «гүлдену дәуірінен» кейін мұхиттың арғы жағындағы нарықтар құбыламалы бола түсті. Сәрсенбіге дейін солтүстіккореялық көшбасшымен кездесуге дайындалып жүрген Трамп, бейсенбі күні ол кездесуінен бас тартты. Ол өзіне сай мәнермен маневр жасауға кеңестік қалдыруды да ұмытқан жоқ. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта тағы бір кездесу ұйымдастыруға үміт бар екенін білдіргендей болды.
Соған қарамастан, қор биржалары ерте ме, кеш пе әйтеуір кез келген жаңалық пен оқиғаға бой үйрететіні анық. Әдетте, олар бастапқы кезеңде айтарлықтай қарсылық реакциясын көрсетсе, уақыт өте келе оның бәрі өзектілігін жояды және нарықтық шу санатына түседі. Осылайша, оған ойыншылар да мән бермей, қайта назарды экономика мен корпоративтік оқиғаларға аударатын болады.
Өткен сауда сессиясының қорытындысы бойынша мұнай бағасы 1,09%-ға төмендеп, 78,81 доллар деңгейінде жабылды. Ресейдің энергетика министрі Александр Новак мұнай бағасының ағымдағы өсу себептерін талдау керектігін айтты. Шенеуніктің сөзінше, нарыққа айтарлықтай қауіп төне бастаған кезде ОПЕК+ бұған дейін жасалған шарттың талаптарын біртіндеп жұмсарта бастайды. Яғни, бөлінген квотаны кезең-кезеңімен қысқартады. Дегенмен, бұл шешім кез келген уақытта нарықтық шарттар негізінде қайта қаралуы мүмкін.
Бұған дейін Ресейдің энергетика министрлігі ОПЕК+ келісімін өте табысты деп атаған болатын. Сондай-ақ, әлемдік мұнай өндіруді шектеу туралы келісім 2019 жылға дейін ұзартылатынын да жоққа шығармады.
Келесі аптада теңгенің негізгі үш валютаға қатысты бағамы бір рубль үшін 5,2-5,5 теңге, доллар 325-328 теңге, еуро 382-386 теңге болады деген болжамды ұсынамыз.
Серік Қозыбаев, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ инвестициялық талдау бөлімінің басшысы:
ОПЕК мұнай өндіруді ұлғайту мүмкіндігін қарастыруға ниетті. Осы жұмада аталған жаңалыққа байланысты мұнай бағасы төмендеді. Оның ізін ала рубль де, теңге де шамалы құлдырады. Бұл ғаламдық төмендеу емес, әрине. Бәлкім, қысқа мерзімді реакция болар. Біздіңше, келер аптада рубль айтарлықтай алға басады деп ойламаймыз. Салықтық төлемдердің нәтижесінде рубль мұнай бағасының төмендеуіне тұрақты түрде жауап қайтарып отыр. Бірақ, салықтық төлемдердің 25 мамырда аяқталғанын да ұмытпауымыз керек. Ал одан әрі рубльдің долларға қатысты бағамы аздап төмендейді.
Мұнай бағасының жоғарылығы өзінің шарықтау шегіне жеткен секілді. Күрт төмендеу болмайды деген ойдамыз. Бірақ, бағаның 80 доллардан асуы да неғайбыл.
Келер аптадағы биткоин бағасына қатысты болжамымыз пессимистік болып отыр. Биткоин бағасы 6-7 мың доллар деңгейінде болатын секілді.
Келесі аптаға ұсынып отырған болжамым: бір доллар 61-64 рубль, бір АҚШ доллары 326-331 теңге, бір рубль 5,2-5,4 теңге, Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 73-78 доллар, бір биткойн 6000-9000 доллар.
Ілияс Басшығұл, Wall Street Invest Partners шеф-сарапшысы:
Доллар инерциямен өсуде. Себебі, оның өсуіне әсер ететін драйверлер жоқ. Тек долларға қысым көрсететін факторлар ғана қалды. USD индексі 94,00 деңгейіне жақын құралып отыр. Ол қарсылықтың маңызды психологиялық деңгейіне айналды. Америкалық валюта осы апта бойы аталған деңгейді бағындыруды көздеуде. Бірақ, әзірше нәтижесіз.
Вашингтон мен Пхеньян арасындағы шиеленіс тағы да халықаралық күн тәртібіндегі мәселелердің алғашқы легіне шығып отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп 12 маусым күні Сингапурде болатын саммитті өткізбеу туралы шешім қабылдады. Ал аталған саммитте ол солтүстіккореялық көшбасшы Ким Чен Ынмен кездесуі тиіс-тін. Бұл жаңалыққа қор нарығы өткен аптада ең жоғарғы көрсеткішке дейін қалпына келсе де, күрт төмендеумен жауап қатты.
Brent мұнайының бағасы да күрт төмендеді. Американың энергетика министрлігі хабарлағандай, АҚШ-та «қара алтын» қорының жоғарылығы туралы күтпеген деректер жарияланған соң мұнай бағасы мамыр айының ортасындағы деңгейге түсті. Сондай-ақ, ОПЕК-тің картель елдерінен мұнай өндіруді ұлғайту туралы мәлімдемесі де «қара алтын» бағасының төмендеуіне қосымша фактор болды. Бүгінде бір баррель мұнайдың бағасы 77,5 доллар.
Инвесторлар федералды қор жүйесінің мамыр айындағы отырысының хаттамасын жариялануына негативті көзқарас танытты. Төмен экономикалық деректер жарияланған соң, еуро мен фунт әлсіреді. Ақ үйдің Еуроодақ елдерінен болат пен алюминий сатып алуды 10%-ға қысқарту туралы ашық мәлімдемесінен кейін Еуропа экономикасы үлкен қысымның ортасында қалды.
Ағымдағы аптаға келер болсақ, апта басында нарыққа серпін беретін экономикалық маңызды мәліметтер күтіліп отырған жоқ. Дүйсенбі күні «релакс режимі» өтеді – Ұлыбритания мен АҚШ демалады. Апта ортасында Еуроодақтың инфляция туралы есебі және ADP АҚШ-тың ауыл шаруашылығы емес секторындағы жұмыспен қамтылғандардың санын жариялайды деп күтілуде. Сондай-ақ, АҚШ-тың І-тоқсанға арналған жалпы ішкі өнімінің мәліметтері жарияланбақ. Федералды қор жүйесінің «Сарғыш кітабы» АҚШ экономикасындағы қазіргі жағдай туралы айтып беретін болады. Сәрсенбі – АҚШ энергетика министрлігінің коммерциялық шикі мұнай қоры бойынша есебі жарияланатын күн. Ал жұма күні нарықта құбылмалылық орын алады деп күтілуде. Ойыншылар АҚШ-тың еңбек нарығына қатысты мамыр айына арналған деректерін күтуде (NonFarm Payroll).
Жалпы, апта тыныш өтеді әрі бағамға қатысты айтарлықтай өзгерістер орын алмайды. Келесі аптада теңгенің долларға қатысты бағамы 324-328 теңге, ал рубльге қатысты бағамы 5,25-5,4 теңге деңгейінде болады деп болжап отырмыз.
Криптовалюта нарығында айтарлықтай кері динамика күтіліп отыр. Биткоин құлдырады. Жеті ай ішінде ең төменгі деңгейіне түсті. Үндістан криптовалюта операцияларына 18% салық енгізбек. АҚШ әділет министрлігі трейдерлердің битоин және басқа криптовалюталардың бағаларын өзгерту күдігіне қатысты тергеу жұмыстарын бастады. Бүкіл әлемде аталған нарықты мемлекеттік реттеу күшея түссе де, бұл жағдай криптовалюталардың кең таралуына жол ашып отырған жоқ. Бұл аталған нарықтағы трендтің төмендеуін көрсетеді.
Анастасия Игнатенко, TeleTrade компаниялар тобының жетекші сарапшысы:
Ағымдағы аптаның басында қазақстандық теңге ресейлік рубль секілді сәл-пәл қалпына келе бастағандай болды. Алайда, рубльдің нығаюына жергілікті факторлар әсер еткендіктен, сәрсенбіден бастап ойыншылар америкалық долларға басымдық бере бастады. Ал USD/KZT жұбында доллардың төмендеуі жалғасуда.
Қазірдің өзінде доллар 325,93 теңге деңгейіне дейін төмендеді және 11 мамыр, сондай-ақ 24-25 сәуірдегі ең төменгі деңгейге қарай келе жатыр.
Меніңше, USD/KZT жұбының сценарийі осылай өрби бермек. Америкалық доллардың бағамы 325-325,5 теңге деңгейіне жеткен соң басымдық қайтадан долларды сатып алушыларға қарай ауады.
USD/RUB және USD/KZT жұптарының техникалық картинасы бірдей. Бұл олардың арасындағы жоғары байланысты білдіреді. Оның үстіне екі валюта да (теңге, рубль) мұнай бағасының динамикасына тәуелді. Осы аптада мұнай бағасы жаңа деңгейге көтерілгенімен, қайта төмендей бастайды. Brent сұрыпты мұнайдың бағасы барреліне 80-80,50 доллар деңгейінен 78,45 долларға дейін төмендеді.
Қор биржаларын әдеттегідей геосаяси жағдайлар алаңдатып отыр. Сонымен қатар маусымда өтетін ОПЕК саммитінде квоталарды қайта қарау әлеуеті бағаланбақ.
Қазір картель тәулігіне 800 мың баррель мұнай өндіреді. Бұл келісілген көлемнен аз. Егер мұнай өндіру ұлғаятын болса, мұнай бағасының жоғарылауы да тоқтамақ. Ойыншылар қазір дәл осы қауіптерді бағалауға тырысуда. Brent қосындысы барреліне 77-77,50 доллар деңгейінен барреліне 70-70-50 деңгейіне қарай төмендеуі мүмкін.
Сондықтан доллардың рубль және теңге жұптарын сатып алуға қатысты қызығушылық артады деп сенемін. Ортамерзімді перспективада бұл америкалық валюта бағамының 334-335 теңгеге және 67-67,50 рубльге дейін ұлғаюына алып келуі мүмкін.
Оның үстіне рубльге қолдау болатын соңғы фактор – салықтық кезең аяқталмақ. 28 мамырдағы 360 миллиард рубль көлеміндегі соңғы төлемдерден кейін инвесторлар Донбасс жағдайының нашарлауына көбірек назар аудара бастауы мүмкін. Бұл оларға ағымдағы тәуекелдерді қайта қарауға мәжбүр етеді.
RUB/KZT жұбында айтарлықтай өзгеріс орын алады деп ойламаймын. Себебі екі валюта да сыртқы факторларға бірдей жауап қатады. Демек, 5,20-5,40 теңге мәні тағы біраз уақытқа дейін өзекті болмақ.
Ерлан Қойшыбаев, Gerchik&Co компаниясының веб-серіктесі:
Доллар индексі бойынша фьючерс бағасының өсуі жалғасуда. Бүгінде 94,0 деңгейіне жетті. Бұдан бөлек, мұнай бағасы да төмендей бастады. Осы факторлар қазақстандық теңгенің америкалық долларға қатысты айырбас бағамына қысым көрсетуін жалғастыруда.
Егер сауда көлемі артатын болса, теңгенің долларға шаққандағы бағамын 325-330 теңге аралығында көруіміз ықтимал.
Ал қазақстандық теңгенің ресейлік рубльге қатысты айырбас бағамына қатысты айтар болжам мынадай: 1 рубль – 5,2-5,6 теңге.
Дмитрий Лукашов, IFC Markets компаниясының сарапшысы:
Теңгенің ресейлік рубльге және америкалық долларға қатысты бағамы тар диапазонда елеусіз ғана құбылып келеді. Мұндай тенденция осымен қатарынан алты апта бойы жалғасуда. Меніңше, бұған негізінен әлемдегі мұнай бағасының тұрақты түрде жоғары болуы оң әсер етуде. Осы жағдайда Қазақстан экономикасы да тұрақты даму үстінде.
Осы жылдың қаңтар-сәуір айларында жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,8%-ды, өнеркәсіп өндірісі 5,1%-ды құрады. Аталған көрсеткіштер орташа әлемдік деңгейден асып тұр. Меніңше, осы аптада мұнай бағасының төмендеуіне байланысты теңге бағамы сәл әлсірейтін секілді. Ресей мен ОПЕК 17 ай бойы қолданылып келе жатқан мұнай өндіруді шектеу туралы келісімнің күшін жою мүмкіндіктерін талқыламақ. Мұндай жағдайда мұнайдың әлемдегі өндірісі тәулігіне 1 миллион баррельге дейін жедел өсуі мүмкін. Нарық қатысушылары мұнай өндіруші елдердің бірлескен шешімі 22 маусымда өтетін ОПЕК-тің кезекті отырысынан кейін жарияланады деп күтуде.
Осы аптадағы бағамның құбылмалығы жайлы айтар болсақ, рубль 5,22-5,42 теңге, доллар 325-335 теңге болуы мүмкін.