Inbusiness оқырмандарға теңгенің доллар, рубльге, юаньге және еурога қатысты бағамы бойынша апта сайынғы валюта болжамын ұсынады
Доллардың жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Рубльдің жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Еуроның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Юанның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Atameken Business Channel оқырмандарға алдағы аптаға (29 мамыр - 2 маусым аралығына) теңгенің доллар мен рубльге қатысты валюта болжамын ұсынады.
29 мамыр - 2 маусымға арналған валюта болжамы
Сарапшылар болжағандай, 25 мамыр күні Венада өткен саммитте мұнай өндіруді шектеу бойынша келісім алдағы жылдың алғашқы тоқсанына, яғни тоғыз айға дейін ұзартылды. Дегенмен инвесторлардың кездесуден күткені көп еді. Олар қатаң саясатты күткен еді, бірақ шектеу көлемі тәулігіне 1,8 млн баррель шамасында қалды. АҚШ, Ливия және Нигерияның осы жылдың соңында мұнай өндіруді арттырамыз дегенінен кейін сарапшылар уағдаластықтан пайда болмайды деп есептейді. Яғни мұнайдың 50 долларлық бағасының ұзаққа бармайтынын айтады. Ойыншылардың толық пікірін төмендегі abctv.kz дайындаған сарапшылардың сауалнамасынан біле аласыздар
Анна Бодрова, «Альпари» сараптама департаментінің аға сарапшысы:
Мамыр айының соңы мен маусым айының басында қазақстандық теңгенің жағдайы мұнай нарығы мен жаһандық инвесторлардың тәуекеліне негізделеді. Күрт төмендеуден кейін энергия тасымалдаушылар бағасы жұма күні қайта түзеліп, Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 51,90-52,70 доллар шамасында болады. Ал АҚШ доллары алдағы аптада 311,5-313,00 теңге, еуро 347,50-349,00 теңге болады. Рубль/теңге жұбы 5,53-5,58 шамасында саудаланады.
Әли Сағындықов , «Евразийский Капитал» АҚ сарапшысы:
Венада өткен МЭЕҰ саммиті қорытындысын жариялағаннан кейінгі мұнай бағасының түсуі -нарыққа қатысушылардың пайдасын тиянақтаумен байланысты болды, сондықтан келесі аптада Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 53 долларға дейін жетеді. Мұнай бағасына қарап отырып, ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы 311-313 теңге шамасында болады деп ойлаймыз. Рубльдің теңгеге қатысты бағамы аса қатты өзгермейді, біздің ойымызша, рубль/теңге жұбы 5,45-5,55 шамасында болады.
Дархан Лұқпанов, «Цесна Капитал» АҚ сарапшысы:
25 мамыр күні МЭЕҰ мұнай өндіруді шектеу бойынша келісімді ұзартты, алайда инвесторлардың күткені мүлдем басқа еді. Отырыс өткеннен кейін мұнай бағасы 4%-ға төмендеп, рубль мен теңгені 1%-ға әлсіреткен болатын. Бірақ артынша теңге мен рубль нығайып, шығынның орнын толтырды. Біздің ойымызша, алдағы аптада мұнай бағасы руль бағымына әсер ететін болады. Ал теңгенің бағамы жайлы соңғы уақытта бірдеңе айтудың өзі артық. Өйткені теңге рубль динамикасын қайталап отыр. Сондықтан USD/KZT жұбын кросс-бағам арқылы қалыптастырған дұрыс, ал бұл үшін USD/RUB және RUB/KZT валюта жұбын қолданған жөн. Біздің болжамымыз бойынша, алдағы аптада USD/RUB жұбының орташа апталық бағамы – 57-58 теңге, RUB/KZT – 5,48-5,53, USD/KZT 312-315 болады.
Серік Қозыбаев, «Астана-Инвест» инвестициялық үйі» АҚ инвестициялық талдау бөлімінің бастығы:
Өткен апта айтарлықтай маңызды оқиғаларға толы болғанымен, үлкен өзгеріс әкелмеді. 25 мамыр күні МЭЕҰ мүшелері мұнай өндіруді шектеу бойынша келісімді тоғыз айға созу туралы келісім
жасады. Шешімнің осындай болатыны белгілі еді, сондықтан бұл жаңалыққа нарыққа қатысушылар аса қуана қоймаған сияқты. Олардың күткені зор еді. Осылайша нарыққа қатысушылардың үмітін ақтамаған шешім мұнай бағасының төмендеуіне, сондай-ақ рубльдің әлсіреуіне әкелді. Мұнай бағысының едәуір төмендегеніне қарамастан, рубль тұрақтылық танытты. Рубль бағамына салықтық кезеңмен қатар кэрри-трейдерлер қолдау болып отыр.
Алдағы аптада мұнай бағасы бір қалыпқа келеді деп ойлаймыз. Алдағы апта болжамы: USD/KZT жұбы бойынша – 309-314, RUB/KZT жұбы бойынша– 5,45-5,55 теңге болады.
Дмитрий Лукашов, IFC Markets сарапшысы:
МЭЕҰ мен тәуелсіз мұнай өндіруші елдер мұнай өндіруді шектеу бойынша келісімді тағы тоғыз айға , яғни 2018 жылдың алғашқы тоқсанына дейін ұзартты. Келісім шарты еш өзгеріссіз қалды. Шектеу көлемі тәулігіне 1,8 млн баррель шамасында болады. Мұнай бағасы айтарлықтай төмендеді. Себебі АҚШ, Нигерия және Ливия жыл соңына қарай мұнай өндіру көлемін арттырмақшы. Ол күніне 1,4 млн баррельді құрап, МЭЕҰ шешіміне әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты теңге бағамының жоғары көтерілуі мүмкін екенін айтқым келеді. Осы аптада ұлттық валютаның долларға қатысты бағамы - 308-314, ресейлік рубльге қатысты бағамы - 5,44-5,56 теңге болады деп ойлап отырмыз.
Сергей Полыгалов, TeleTrade Central Asia сараптамалық тобының басшысы:
Бейсенбі, 25 мамыр күні өткен МЭЕҰ отырысында мұнай өндіруді шектеу бойынша келісімді тоғыз айға ұзартуға шешім қабылданды. Алайда нарық қатысушылары мұнай өндіруді шектеу бойынша келісімді ұзарту ғана емес, сонымен бірге қосымша шектеуге қатысты қатаң саясаты болады деп күткен еді.
МЭЕҰ өкілдері келісімінің тәулігіне 1,8 млн баррель деңгейіне шамасы жоқ екенін өздері де мойындап отыр, бірақ өндіру көлемін шектеуді арттыруға тәуекел ете алмады.
АҚШ және келісімге қатыспайтын елдердегі өндірістің өсуі - мұнай бағасын 50 доллардан жоғары ұстап тұруға мүмкіндік бермейді.
Осыдан-ақ АҚШ долларының бағамының қандай болатынын мұнай бағасының төмендеуіне қарап-ақ болжауға болады, сонымен бірге ресейлік рубльде әлсірейтін болады.
Егер келесі аптада мұнай бағасы бір баррель үшін 50-52 доллар шамасында болатын болса, онда USD/KZT жұбы бағамы 313-315 теңге болады, ал мұнай бағасы 50 доллардан төмен болса, онда 315-325 теңге болады.
RUB/KZT бағамы екі валютаның да әлсіреуі салдарынан 5,4-5,5 теңге шегінде қалады.
Богдан Зварич, «ФИНАМ» компаниясы тобының сарапшысы:
Егер алдағы аптада теңге динамикасына әсер ететін факторларға тоқталар болсақ, онда оның энергия тасымалдаушылар нарығындағы жағдай екені сөзсіз. Өткен аптадағы мұнай бағасының айтарлықтай әлісіреуі келісімнің ұзаруы және оған инвесторлардың көңілі толмауына дәлел болғандай. Бірақ алдағы аптада мұнай бағасы қайта қалпына келуі мүмкін. Бұған пайданы
тиянақтаумен байланысты сауданың жылдам аяқталуы әсер етіп, оны ойыншылардың жаңа деңгейі сатып алу үшін жақсы мүмкіндік деп қарауы негіз болады. Сондай-ақ МЭЕҰ келісімінің «қара алтын» бағасына оң әсер етуі де себеп болады. Осының бәрі Brent маркалы мұнай бағасын келесі аптаның ортасында-ақ 53-55 доллар етеді.
Ал екінші фактор АҚШ-тың макроэкономикалық статистикасына байланысты. Бұл жерде америкалықтардың жеке кіріс және шығын индексіне, тұтынушылық инфляция, тұтынушылық келісімшарт индексіне, құрылысқа кеткен шығын мен өңдеу өнеркәсібіндегі іскери белсенділік үлкен рөл атқарады. Жарияланатын сандар маусым айындағы отырыста мөлшерлемені көтеруге себеп болады. Ал бұл инвесторлардың жоғары тәуекелді активтерге деген қатынасына да әсер етеді.
Осы жағдайға қарап, доллар/теңге жұбы бағамы 308 теңге шамасында болады деп болжауға мүмкіндік береді. Рубль болса 5,5 теңге деңгейін сақтап қалады.