Inbusiness оқырмандарға теңгенің доллар, рубльге, юаньге және еурога қатысты бағамы бойынша апта сайынғы валюта болжамын ұсынады
Доллардың жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Рубльдің жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Еуроның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Юанның жалпы болжамы, $
Сарапшылар |
Atameken Business Channel оқырмандарға алдағы аптаға (5 маусым - 12 маусым аралығына) теңгенің доллар мен рубльге қатысты валюта болжамын ұсынады.
АҚШ Париж климат жөніндегі келісімнен шығады деген Дональд Трамптың мәлімдемесі өткен аптаның басты жаңалығының бірі болды. Бұл оқиға мұнай бағасының құлдырауына әсер етіп үлгерді және сарапшылардың пайымынша, әлі де мұнай бағасының белгіленуіне әсер ететін болады. Американың бұл келісімнен шығуы елдің мұнай өндіру деңгейін арттыруына әкеледі, бұл нарықтағы «қара алтын» мөлшерін ұлғайтып, сәйкесінше, Brent маркалы мұнай құнының төмендеуіне жол береді. Бұл МЭЕҰ+ қол жеткізген жетісігін жоққа шығарады. Одан бөлек, бұрынырақ айтып өткеніміздей, Ливия мен Нигерияның мұнай өндірісін арттыру туралы мәлімдемесі де мұнай бағасының құлдырауына әкеледі.
Жалпы алғанда сарапшылар жақын арада мұнай бағасы жағымсыз динамика көрсетеді деген пікірге тоғысады, бұл теңге бағамына әсер етпей қоймайды. Ойыншылардың толық пікірін abctv.kz әзірлеген сауалнамадан біле аласыздар.
Наталья Мильчакова, «Альпари» талдау департаменті директорының орынбасары:
Теңгенің долларға қатысты бағамы бойынша болжамымыз бір долларға 310-313 теңге деңгейінде қалады, ал теңгенің рубльге қатысты бағамы бір ресейлік рубльге 5,5-5,54 теңгені құрайды. Мұнай нарық үшін маңызды болып табылатын барреліне 50 доллар көрсеткішінен төмен саудаланып тұр, баға дәлізі барреліне 49-50 долларды құрайды.
Мұнай нарығы ахуалының осылайша күрт төмендеуіне себеп президент Дональд Трамптың бастамасымен АҚШ-тың Париж келісімінен шығуынан деп білеміз. Мұнай нарығы АҚШ осы келісімнен шыққан соң мұнай өндірісін үдетеді деп қауіптеніп отыр, бұл нарықтағы қара алтын ұсынысын едәуір арттырады және МЭЕҰ қол жеткізген келісімнің еш әсері болмайды. Біздің пайымдауымызша, қазір мұнай тым көп сатылып кетті, себебі АҚШ-тың коммерциялық қоры жөніндегі мәліметте оның мөлшерінің қысқарғаны байқалады, демек АҚШ-та нарықтың тауарға толуы орын алып отырған жоқ.
Қазақстан алтын валюталық қор мөлшері бойынша әлемнің 15 жетекші елінің құрамына кірмекші деген жаңалық теңгеге қолдау көрсетуі тиіс.
Евгений Чекай, «Аналитика Онлайн Қазақстан» компаниясының бас қаржылық сарапшысы:
Салықты төмендетпесе АҚШ экономикасының өсімі 2018 жылдың екінші жартыжылдығында бәсеңдеуі мүмкін. АҚШ-тағы экономикалық өсімнің қазіргі кезеңі 2009 жылдың маусым айында басталды және ұзақтығы жағынан үшінші болып табылады. Егер өсім 2018 жылдың ақпан айына дейін созылса, ол ұзақтығы жағынан екінші орынға ауысады. Қазіргі экономикалық өсім кезеңі ең ұзақ болуы үшін ол 2019 жылдың мамыр айына дейін созылуға тиіс. Болашақта АҚШ президенті Дональд Трамптың салықты төмендетем деген жоспары іске аспаса, бұл әлемдік нарыққа үлкен қауіп төндіреді және әлем бойынша доллардың әлсіреуіне әкеледі.
Теңге мұнайдың соңынан нығаюға асықпай отыр және жаз соңына дейін біз ұлттық валютаның бір долларға шаққандағы бағамы 325-330 теңгеге дейін әлсірегенін көруіміз ықтимал. Бұл аптада бағам бір долларға 313-315 теңге аралығында тұрақтайды.
Мұнай бағасының құлдырауынан бөлек рубльдің өзге де проблемалары бар. Сarrytrade нарығы ерте ме, кеш пе жабылатынын инвесторлар жақсы түсінеді, шетел инвесторлары табысын тіркеп, рубль үшін кері әсерін тигізеді. Ол қаншалықты қатты білінетіні ОБ мөлшерлемесіне байланысты болады, бірақ рубльдің әлсіреуін биылғы жылдың екінші жартысында көруіміз ықтимал. Рубльдің бағамына келер болсақ, ол 5,3-5,5 теңге аралығында саудаланады. Ортамерзімді келешекте рубль долларға қатысты 62 дейін әлсіреуі мүмкін.
Сергей Полыгалов, TeleTradeCentralAsia талдау тобының басшысы:
Алдағы аптада доллар бағасы түрлі бағытта саудалануы мүмкін. Америка валютасының нық басуына қарама-қайшы факторлар жол бермейді, оның ішінде жағымды фактор ретінде макростатистика мен арзандап келе жатқан мұнай бағасын айтуға болады, ал жағымсыз фактор - АҚШ-тың қатысуымен болып жатқан саяси шиеленістер.
Екі аптадан соң ФРЖ-ның кезекті отырысы өтеді. Қазіргі кезде АҚШ экономикасының жалпы сипаты жаман емес, бұл Федералды резерв маусым айында пайыздық мөлшерлемені кезекті рет көтеруі мүмкін деп болжам жасауымызға негіз береді. Бұл өз кезегінде америкалық валютаға қолдау көрсетеді.
Төртінші сессия қатарынан мұнай арзандап келеді (МЭЕҰ отырысынан кейінгі құлдырауды ескермесек). Жақын уақытта «қара алтынның» қозғалыс бағытын өзгерту ықтималдығы шамалы. Нарық жағдайдың күрт өзгеруіне сенбейді, себебі мұнай бағасы құлдырауын жалғастыруы ықтимал. Мұнайдың ықтимал дәлізі 47,50-52,50 долларды құрайды, бірақ төменгі көрсеткішке әлі жете қойған жоқ. Мұнай төмен қарай жылжып 47,50 көрсеткішіне жетсе, бұл долларға қолдау көрсетеді.
Долларға нарықта қарыштап нығаюына кедергі келтіріп отырған фактор Вашингтоннан келіп отыр. Әскери мәселелермен әуре болған Дональд Трамп АҚШ Париж климат жөніндегі келісімінен шығуға дайын екенін мәлімдеді. Оның негізгі себебі – америкалық бизнес пен америкалықтардың өзіне әділетсіз шарттардың болуы. Бұл әрекет келісімге қатысушылардың тарапынан сынға ұшырады және Америка президентіне деген сенімсіздікті үдете түсті.
USD/KZT жұбы бір америкалық долларға 310-320 теңге аралығында саудалануы ықтимал.
Ресейдің рублі мықты. Оған тіпті мұнай бағасы да әсер тигізбей отыр. Бүгінде доллар ресейлік валютаға қатысты 5 рубльге кем бағаланып отыр, бұл Ресей бюджетінің жеткілікті дәрежеде толығуына қауіп төндіруі мүмкін. Сөйтіп рубльге қысым түсуі мүмкін.
Болжамды жазу кезінде Brent маркалы мұнай бір бөшкесіне 49,60 доллар бағасымен саудаланып тұрды, бұл бюджетте болжалған 50 доллар көрсеткішінен төмен, рубльдің әліреуі мұнай табыстарына жағымды әсерін тигізеді.
РФ ОБ басшысы Петербург экономикалық форумының ашылуында жуырдағы отырыста пайыздық мөлшерлемені төмендету жалғасын табатынын айтты. Бұл отырыс 16 маусымда өтеді. Ресей билігінің әрекеті рубльді әлсіретуге бағытталған.
Алдағы аптада ресейлік валюта әлсіреп, бір долларға 59-61 рубль көрсеткішіне жетеді деп ойлаймын. Ал RUB/KZT валюта жұбында бағам бір рубльге 5,4-5,55 теңге дәлізіне түсуі мүмкін.
Ерлан Қойшыбаев, Gerchik&Co компаниясының веб-серіктесі:
Мұнай бағасы айтарлықтай көтеріле алмады және енді төмендеу үрдісі басталды. Егер АҚШ доллары нығайса айырбас бағамының болжамы бір долларға 312-322 теңгені құрайды. Ресей рубліне қатысты болжамымыз бір рубльге 5,2-5,8 теңгені құрайды.
Серік Қозыбаев, «Инвестиционный Дом «Астана-Инвест Инвестициялық Үйі» АҚ инвестициялық талдау бөлімінің бастығы:
Апта басынан бастап Brent маркалы мұнайдың құны 3,7%-ға құлдырады (барреліне 50,4 доллар). Бұған қоса Ливиядағы техникалық кедергілерден кейін шикізат өндірісі үдейтіні туралы және АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы туралы жаңалық жағдайды ушықтырып жіберді. Нарық қатысушылары МЭЕҰ+ елдерінің нарықты реттеудегі талпынысын жекелеген өндірушілер, дәлірек айтсақ америкалық мұнайшылар жоққа шығарады деп қауіптеніп отыр. Екінші жағынан шикізат бағасының белгіленуіне АҚШ энергетика министрлігінің мәлеметтері жақсы әсер етуі мүмкін, бұл мәліметтен АҚШ-тағы шикізат қорының айтарлықтай азайғанын байқауға болады. Мұндай жағдай сегізінші апта қатарынан қайталанып келеді.
Мұнай бағасы едәуір құлдырағанына қарамастан, ресейлік валюта апта басынан бастап (29 мамырдан 1 маусымға дейін) 0,15%-ға сәл нығайғанын көрсетті, дегенмен апта қорытындысы бойынша ол шамамен 0,5%-ға әлсірейді деп күтіледі. Дүйсенбі күні мамыр айының салық кезеңі аяқталды. Қаржы министрлігінің соңғы сауда-саттығында федералды борыш облигацияларына әлсіз сұраныс және валютаға деген қызығушылықтың күрт төмендеуі байқалды. Бұған қарағанда мұнай нарығындағы тұрақсыздыққа байланысты шетелдік ойыншылар сақтық сақтап отырған сыңайлы. Оның үстіне жақында өтетін (16 маусым) РФ ОБ отырысында реттеуші мөлшерлемені төмендетуі мүмкін.
Келесі аптада мұнай бағасында күрт ауытқушылық болады деп күтілмейді, салық кезеңінің аяқталуы және шетелдік инвесторлардың валютаға деген қызығушылығының азаюын ескерсек, рубль сәл әлсірейді деп ойлаймыз.
Жалпы алдағы аптаға берер болжамымыз жағымсыз: USD/KZT жұбы бойынша диапазон – 311-315, RUB/KZT жұбы бойынша – 5,49-5,56.
Дмитрий Лукашов, IFC Markets сарапшысы:
Әлем бойынша мұнай бағасының төмендеуі теңгені әлсіретті. Нарық қатысушылары АҚШ-тағы өндірістің үдеуінің арқасында мұнай одан әрі арзандай беруі мүмкін деп топшылайды. АҚШ президенті Дональд Трамп оның елі Париж климат бойынша келісімнен шығатынын айтты. Бұл Құрама Штаттарда шикізат өндірісінің қарқындауына жол ашады. Одан бөлек Нигерия мен Ливия да өндірісті үдетеміз деп мәлімдеді. Өткен аптада Brent 5,3%-ға арзандады және жұма күні бір барреліне 50 доллардан төмен түсті. Экономика дамуының жақсы жылдамдығы арқасында Қазақстан валютасы АҚШ долларына қатысты 1%-ға ғана әлсіреді. Алдағы аптаға берілетін болжам бір америкалық долларға 311-317 теңге және бір ресейлік рубльге 5,48-5,59 теңгені құрауы мүмкін. Теңгенің рубльге қатысты нығаюы жалғасын табады деп ойлаймын, себебі Қазақстан экономикасы Ресейге қарағанда әзірге дамудың жоғары жылдамдығын көрсетіп келеді.
Әли Сағындықов, «Еуразиялық Капитал» АҚ сарапшысы:
АҚШ-тың Париж келісімінен шығуы, бұрғылау құрылғыларының көбеюі, сондай-ақ Ливия мен Нигерияның шикізат өндірісін үдетуі сияқты факторлар Brent маркалы мұнай бағасының 49-50 долларға дейін төмендеуіне әкелді. Таяу Шығыстағы жағдай ушықпаса, қазіргі кезде мұнай бағасының өсуіне жол ашатын ешқандай фактор жоқ. Осының салдарынан алдағы аптада ұлттық валютаның әлсіреуі мүмкін. Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы 313-315 теңге аралығында болады деп бағамдаймыз. Теңгенің рубльге қатысты бағасы 5,50-5,60 құрайды.
Богдан Зварич, «ФИНАМ» компаниялар тобының сарапшысы:
Алдағы апта және теңге динамикасына әсер етуі мүмкін факторлар туралы айтсақ, біздің ойымызша, мұндағы басты фактор «қара алтын» нарығындағы жағдай болып қала бермек. Қазір қор және өндіріс жөніндегі EIA-дің мәліметтеріне баса назар аудару керек. Егер қор тағы да төмендесе, ал өндіріс өсе түссе, мұнай қазіргі жағдайдан құтылып, әлдеқайда өсуі мүмкін. Бұл доллардың төмендеуіне әкеледі. Сондай-ақ ойыншылар АҚШ-тың макроэкономикалық статистикасын да ойдан шығармағаны жөн. Әсіресе бір аптадан соң ФРЖ отырысы өтетінін ескеру керек, себебі онда мөлшерлеме бойынша шешім қабылданады. Қазіргі кезде ойыншылар АҚШ-та жарияланған сандарға қатты мән береді, демек біз өтімділіктің өсуін байқаймыз. Осы жағдайда теңге долларға қатысты 310 теңгеден сәл жоғарылауы мүмкін. Ал рубльдің динамикасына келер болсақ, менің ойымша, ол аптаны 5,5 теңге көрсеткішімен аяқтауы мүмкін.